» Әке – баланың қорғаны немесе қазақ отбасындағы әкенің орны

Әке – баланың қорғаны немесе қазақ отбасындағы әкенің орны



«Сайына қарай – саласы,
Әкесіне қарай – баласы».
Халық мақалы

Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.
Отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін асқар тау. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі бәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ. Жас талант иесі Нұрай Айтбайқызының әке десе – ауылы, ауыл десе – әкесі есіне оралатын перзенттік жүрегі дамылсыз соққан.
«Ардақты әке, тұлғасы тауға ұқсаған,
Еліктеп бала шақтан бізде соған.
Екі қолға ұстатып бір күректі,
Еңбекке баулыды әке ерте жастан!»
Жас ақын үшін, «бір әулеттің бәйтерегі» – өмірдің ащы-тұщысын елімен, әулетімен  бірге татқан әкесі. Сондықтан ол әкеден алатын тәрбие де салиқалы болмақ. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Сондықтан әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу  баланы тек жақсы болашаққа  ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз.
Демек, әкені ренжітпей оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен.
Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп, жіберетін қазақ халқында керемет дәстүр болған. Бүгінгі күні оның ұмыт болып бара жатқаны  өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол еді.
Тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен кең де дархан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігі мен көреген саясатының арқасында оның ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді.
Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі деген – осы.
Дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өседі.
– «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге, бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды.
Бір дана «Біз мәпелеп, қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсіп жүріп, баламызға қастық жасап жатырмыз. Кейін есейгенде өмірге бейімі жоқ, шыңдалмаған бала қиындыққа тап болса, морт сынады» деген екен. Соны білген аталарымыз жастайынан ерлікке тәрбиелеген.
Қазақта әкесін көке деп те атайды. Ол сөздің түпкі мағынасы «көк» деген ұғымнан пайда болған. «Көкеңді танытайын ба, көрсетейін бе, ұмытайын деген екенсің, көкем бар» дегенде әкесін шексіз күш-қуат иесі санаған.
Қазақта бір мақал бар: «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады». Біз әдетте алдыңғы екеуін айтып, үшіншісін білмейді екенбіз. Баланы балапан құстай баулу туралы айтып отырмыз. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды білімгерлікке, шешендікке, ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал соның айғағы.
Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі.
Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында», «Балам әкеңнің киімін жоғары қой», «Балам, әкеңнен ұят болмасын», «Әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой», «Әкеңді тамаққа шақыр», «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкеңді шығарып сал», «Әкең келе жатыр, әкеңнің мазасын алма» деп, әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы зор.
Айдынбек СКЕНДІРОВ,
аудандық мәслихат депутаты,
Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп жанындағы
«Шапағат» әкелер  кеңесінің төрағасы                                      
---
10 қаңтар 2022 ж. 4 533 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031