ДАРИЯ ДЕҢГЕЙІНЕН ҚАУІП БАР МА?
Көктем жақындаса ел болып алаңдайтын бір жайт бар. Әсіресе Сырдағы халық үшін маңызды түйткіл. Сол жылдағы дарияның жайы ғой. Бірде өзен деңгейінен түсіп табаны көрінсе, биыл су арнасына толып, мұз болып ұстасып тұр. Күн жылынса мұз еріп, сең жүру қаупі басталады. Бұл уақытта төтеншеліктермен басқа да суға қатысы бар мекемелер табаннан тік тұрып өзен жағалайды.
Өзенде сең жүрсе дарияның деңгейі көтеріліп, елді мекенге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Өйткені су айтып келмес апаттың бірі. Былтыр елде орын алған су тасқынынан кейін халықтың қорқынышы көкейде қалған. Әлі де алаңдайды. Қалың жауған қар жылы күн райына еріп, жердің қатты тоңынан сіңбей су болып басты. Бұл төтенше жағдайға біз де қатты алаңдағанымыз рас.
«Қазгидромет» биылғы су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды атады. Синоптиктер биыл өзен мен көлдерге жақын маңда орналасқан өңірлердің елді мекендерін су басуы мүмкін деп болжап отыр. Соның ішінде батыс аймақта қауіп жоғары, яғни орташа көпжылдық көрсеткіштерден асатын су тасқыны кезеңі күтіліп отыр. Батыс Қазақстан облысының солтүстік, шығыс және орталық бөліктерінде топырақ бетінде қалыңдығы 20 мм-ге дейін жететін мұз қыртысы қатқан. Наурызда күн күрт жылынса жауын-шашынның мол болуына байланысты су тасқыны қаупі артады деп хабарлайды Қазгидромет. Сондай-ақ Шығыс, Солтүстік, Орталық аймақтарда да қауіп бар, алайда деңгейлері әр түрлі. Қызылорда өңірі де қауіп қатарына кіріп отыр.
Сырдария өзені облыс аумағынан ұзындығы 1274 шақырымда ағып өтеді. Бүгінде қыс пен көктемде өзенде туындайтын су тасқынының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен филиал тараптарынан бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген. Су тасқынынан туындайтын төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында тиісті инертті матералдардың қоры әзірленіп, арнайы техникалар қаралған.
Қармақшы ауданы аумағында Сырдария өзенінде барлығы 71716 метр қорғаныс бөгеттері бар. Қазіргі таңда қорғаныс бөгеттерінің жағдайы қанағаттанарлық. Аудандағы су шаруашылығы мамандарының мәліметіне сүйенсек бүгінде Қызылорда су торабынан 390 м3/секунд су, Әйтек су торабынан 322 м3/секунд, Қараөзек арнасынан 65 м3/секунд су өтуде. Жосалы кенті тұсында Сырдария өзенінің су деңгейі 98,98 метр. Су мамандары осылай күн сайын дария деңгейіне үздіксіз бақылау жасауда. Әзірге анау айтқандай қауіп жоқ деп айтылғанымен қамсыз отыруға болмайтынын да алға тартады.
Табиғат кез келген сәтте тосын мінез танытуы мүмкін. Сондықтан бәріне де дайын болу қажет.
Ерсін СӘДУҰЛЫ