Сең қаупі сейілді
qarmaqshy-tany.kz КӨКТЕМ КЕЛІП КҮН ЖЫЛЫНҒАННАН БЕРІ БИЫЛ ДАРИЯНЫҢ ДЕҢГЕЙІ СЫР ЖҰРТШЫЛЫҒЫН ТАҒЫ ДА АЛАҢҒА САЛДЫ. БҰЛ ЖОЛЫ СУ САҒАСЫНАН ТЫМ ТӨМЕН АҒЫП ЕМЕС, КЕРІСІНШЕ ӨЗЕН КЕМЕРІНЕ ЖЕТІП, ТӨТЕНШЕЛІКТЕРДІ ТІК ТҰРҒЫЗДЫ. ҚЫСТА ҰСТАСҚАН ҚАЛЫҢ МҰЗДАР КҮН КӨЗІНЕ ЕРІП, СЕҢ ЖҮРДІ. ОСЫНЫҢ САЛДАРЫНАН ДАРИЯНЫҢ СУЫ САҒАСЫНАН АСЫП, ЖАҒАЛАЙ ОРНАЛАСҚАН АУЫЛДАРҒА ДА ЖЕТТІ. АЛАЙДА ТӨТЕНШЕЛІКТЕРДІҢ КҮНІ-ТҮНІ БАҚЫЛАУЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ҚАУІП ТӨНГЕН ЖОҚ.
Жыл сайын қайталанатын қатердің бетін қайтару, сең көшкініне қарсы дайындықты пысықтау, әркез назарда ұстау жұмыстары Сыр елі үшін көктемдегі атқарылатын істің үлкені. Қауіп пен орын алар шығынды болдырмау, қандай да болмасын тосын жағдайға дайын болып, оған төтеп беру басты мақсатымыз. Жақында ғана барлық аймақта Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында «Көктем – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығу өткен-ді. Онда төтенше жағдайға жауапты 15 қызметтің техникалық әзірлігі, шұғыл әрекет етуі пысықталды. Сондай-ақ, су басу қаупі бар аймақтарда жаттығу өткізіліп, азаматтық қорғау қызметтерінің іс-қимыл жүйесі тексерілді.
Дарияда қауіп бар, өзеннен үлкен көлемде су өтіп, сең жүреді дегеннен аудандағы төтенше жағдайға жауапты бөлімдер, ауыл әкімдері сақадай сай тұрды. Олар барлық қорғаныс бөгеттерін үзіліссіз тәулік бойы бақылап, су деңгейін назарда ұстады. Мұздың ұстасып қалмау қаупін жіті бақылап, аудан аумағынан қалыпты өтіп кетуіне жағдай жасауда. Аудан әкімі Жандос Еркінбек су басу қаупі төнген Қорқыт елді мекені маңындағы су деңгейі мен сең жүру үдерісін сала мамандармен бірге бақылады. Мамандардың мәліметінше қазіргі таңда Сырдария өзенінің деңгейі төмендеген. Мәселен, Жаңажол ауылдық округіндегі 518 пикет тұсында су 45 см, 606 пикет тұсында 40 см, Игембай қашы тұсында 42 см, Жосалы кенті тұсында 24 см-ге түссе, Қызылтам елді мекен тұсында су деңгейі 1 метрге төмен түскен. Ауданға келер қауіп жоқ. Қазақ «Жаудан қашып құтылсаң да, судан қашып құтыла алмайсың» деген. Осыны басты назарда ұстаған аудан басшысы сеңнің беті қайтты деп салғырттық танытпауды тапсырды.
Бүгінде дарияға судың толып келуіне қуанып жатқандар көп. Осыдан 3-4 жыл бұрын Сыр суының күрт төмендеуі қуаңшылыққа әкеп соқты. Егіндердің көлемі азайып, су тапшылығына дейін барды. Биылғы судың көп келуі жайылымдық жерлерге дейін жайылып, көлдердің толуына себеп болды. Мал ұстаған жандар малымыздың аузы көкке тиетін болды деп қуанышын жеткізуде. Ал шаруашылықтар дария өз деңгейінен түспесе су тапшылығынан қысым көрмес едік дейді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ