Көктемгі тасқынның алдын алды
qarmaqshy-tany.kz Қыс бітіп, көктем келді дегенше төтеншеліктер жыл сайын қауіптің алдын алуға қамданады. Себебі, күн жылынған уақытта Сырдария өзенінде мұз еріп, сең жүру қаупі басталады. Мұндайда тек төтеншеліктер ғана емес, азаматтық қорғау қызметінің күш-құралы мен техникалары сақадай сай тұрады.
Бейсенбіде осыған сай барлық аймақта Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, сондай-ақ азаматтық қорғаудың басқару органдарын, күштері мен құралдарын көктемгі кезеңге дайындау бойынша іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында «Көктем – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Ал ауданда азаматтық қорғау қызметінің күш-құралы мен техникалық әзірлігі пысықталды. Оқу-жаттығуға аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары мен жауапты қызметкерлері қатыстырылды.
Төтенше жағдайдың алдын алуға жауапты 15 қызмет, кентте орналасқан «ҚазАвтоЖол» мекемесінің ауласында сап түзеді. Азаматтық қорғау қызметтерінің және шұғыл әрекет ету жасақтарының техникалық әзірлігін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жұмылдыру жұмысы тобының аға офицері Әлімжан Қуандықов, аудан әкімі аппаратының басшысы Самат Смағұлов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Өмірбек Сақтабаев қарап, тексерді. Сонымен қатар жедел әрекет ету жасағының дайындық деңгейін бағалап, мекеме басшыларының көктемгі дайындықтары бойынша есебін тыңдады.
Саптық жиын аяқталғаннан кейін көктемде туындайтын төтенше жағдайлар кезінде өзара іс-қимылдар жүйесі тексерілді. Жаттығудың практикалық бөлігі аудан аумағындағы су басу қаупі бар аумақ саналатын Сарыөзек көлінің маңайында ұйымдастырылды. Оқиға орнына азаматтық қорғау қызметкерлері жедел жетіп, құм толтырылған қаптармен бөгет қорғанысын бекітті. Жұмыс барысында жарақат алып, аяғын қайырып алған азаматқа медициналық көмек көрсетілді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ