Қауіпсіздік – ортақ игілік

– Қауіп жоқ дегенімізбен, жоспарға сәйкес халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өйткені табиғаттың тосын сыйына дайын болуымыз керек. Сырдария өзеніне жақын 5 қауіпті аймақ белгіленген. Онда 1233 үй, 5710 тұрғын және 23966 үй жануары бар. Қауіп төнген жағдайда аудан көлемінде 5 эвакуациялық қабылдау және 5 эвакуациялық жинақтау пункті нақтыланған. Дегенмен, азаматтық қорғау күш-құралдары арнайы штабтық оқу-жаттығулар ұйымдастырып, дайындық деңгейін пысықтауда, – деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Еркін Назарқұлов.
Аптаның алғашқы күнінде Жосалы кенті орталығында Сырдария өзеніндегі су тасқынының алдын алу шаралары бойынша оқу-жаттығу өтті. Облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуын аудан әкімі Мұса Қалдарбеков арнайы барып көрді.
Оқу-жаттығу барысында су тасқыны кезінде ықтимал төтенше жағдайларды жою мақсатындағы авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуде азаматтық қорғау құрамалары мен авариялық-құтқару қызметтерінің бірлескен іс-қимылының үйлесімділігі пысықталды.
Облыстық командалық-штабтық оқу жаттығуына 126 адам және 36 техника тартылды.
Қазіргі кезде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен аудан әкімдігінің жанынан құрылған штаб ауданымыздағы көктемгі су тасқынының қаупі бар жерлерді ерекше бақылауға алып отыр. Құтқару шараларының жоспары бекітілген, мобильдік жедел тобы мен техникалар сақадай сай. Әзірге табиғаттың тосын мінезінен келер қауіп те, қорқыныш та жоқ. Бұл жауапты сала мамандарының бізге айтқан сөзі.
– Біз жылда осы мезгілде дариядағы тасқын су қауіпсіздігіне байланысты оқу-жаттығу жұмыстарын өткіземіз. Биылғы дайындық барысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қиындық туған жағдайда оны бақылауда ұстауға толық мүмкіндігіміз бар, – дейді терроризм профилактикасы, жұмылдыру дайындығы азаматтық және аумақтық қорғаныс жұмыстары бөлімінің бас маманы Болат Бисенов.
Г.ӘМІРҚЫЗЫ
Қ.ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)