ЖӨРГЕКТЕН ҚАЛАЙ ЖЕРИМІЗ?
Бүгінгі жаңа туған баланы жөргексіз елестету мүмкін емес. Бар баланың бұтында бірбір борбайқап. Жаялық жуу өткеннің еншісінде, кеткеннің көлеңкесінде қалғандай. Дүкенге барсаңыз, өлшемөлшемімен, мөлшермөлшерімен түр-түрі тұр. Тіпті ғаламторда осы жалаңбұт жабындысының жарнамасынан көз сүрінеді.
Иә, қай үйге барсаңыз да кішкентай баланың дорбаңдап жүргеніне көзіміз үйреніп қалғандай. «Әй, мынаның бұты толып кетіпті, ауыстырсаңшы» дейтін апалардың әңгімесін де естіп жүрміз. Бұл аналардың көмекші пайдалы құралы десек те, екінші бір зиянды тұсын да қарастырғанымыз жөн.
ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Мұны химия инженері Вик Миллс ойлап тапқан. Ол химиялық технология саласында 35 жыл «Procter@Gamble» компаниясында жұмыс істеп, тапқырлығымен танымал болған. Зейнетке шыққан шағында жалғыз қызынан туған жиенін бағуға тура келеді. Әрине, бала бағу оны тамақтандырумен шектелмейді. Жаялықты қайта-қайта жуып, кептіру де керек. Қарт адамға бұл оңайға соқпайды. Бұл қиындықтан құтылудың амалын іздеп, «жумайтын жаялық неге ойлап таппаймын?» деген ой келеді. Содан бір реттік ылғалды сіңіру қабілеті жоғары жөргек жасамақ болады. Алайда зерттеу жұмысы бірнеше жылға созылады. Бастапқыда аптап ыстықта балаға мұндай іш киім кигізгенді ата-аналар ұнатпайды. Экспериментке келіскендер кейін өкініпті. Себебі бала терісінде бірден тітіркену пайда болған. Алғашқы сынақтың сәтсіз нәтижесі Виктің жігерін құм ете алған жоқ. Керісінше, ол жөргектің сапасын жақсартуды ойлап, қай тұста қателік жібергенін іздеп, идеяны одан әрі жетілдіруге күш жұмсайды. Әуелі тығыз пластик өнімнен жасалған төсеніштен бастаған ол кейін жұмсақ өнімге көшеді. Өйткені жұмсақ шикізат ылғалды тез сіңіретініне көзі анық жетеді.
Бұған қоса ол жөргекті бекітудің екі нұсқасын ойлап тапады. Бірі түйме арқылы бекітілсе, екіншісі Velcro нұсқасы болатын. Миллс памперстерінің екінші стресс-тесті Нью-Йоркте өтті. Сынаққа қатысқан ата-аналарға түймесі бар нұсқасы көбірек ұнап, бір рет қолданылатын жаялықтардың әдеттегі қайта пайдалануға болатын жөргектерден еш кем емес екенін мойындады.
Pampers брендімен шыққан тауарлардың бірінші партиясы 1961 жылы сатылымға шықты. Benton & Bowles жарнамалық агенттігінің креативті директоры Альфред Голдман бұл атауды Procter сөзінің бірінші «p» әрпін, Gamble ортасында «am» және жаялықтардың (жөргек) соңында «pers» қолданып ойлап тапты). Тағы бір нұсқа бойынша Альфред Голдман ағылшын тілінде «topamper» аударғанда еркелету, қадірлеу дегенді білдіреді деп Pampers атауын ұсыныпты.
ЖАЯЛЫҚ ПА, ЖӨРГЕК ПЕ?
Қазірде дүкен сөрелерінде бір реттік жөргектер самсап тұр. Сапалы-сапасызы бәрі бар. Бағасы да арзан емес. Күн санап қымбаттап келеді. Әйтсе де аналар қалтаға қарамай бірінші кезекте осы дүниені үйіп алады. Ай сайынғы аналардың алатын жөргекпұлы да осы дүниеден әрі аспайды. Балалар өз бетінше қажетін өтеп үйренгенше орта есеппен 7000-ға жуық жөргек ауыстырып үлгереді екен. Ал енді осыншама жөргек ауыстырып киген бала денсаулығына кері әсер бермеуі мүмкін емес қой.
Жөргекті ұзақ уақыт киіп жүрген баланың жүрісі де өзгереді екен. Мұны жапон ғалымдары жүргізген зерттеуде анықтаған. Олар жөргекті тым ұзақ киіп жүруге мәжбүр балалардың жамбас буынына зақым келетінін байқаған.
Бұрын ата-бабаларымыз алып жүруге де қолайлы, барынша жеңіл бесіктерімен де көшіп-қонды. Бесікте жатқан баланың ұйқысы да тыныш. Бұты да таза. Тамағы да тоқ. Баланы жаялыққа орап бесікке салсаңыз денесіне дымқыл, сыз дарымай құрғақ болады. Бұл бірінші кезекте денсаулыққа жақсы. Бесікте жатқан баланың аяғы, кеудесі қатты байланады. Бұл нәрестенің көп қозғалмай тыныш жатуы, дәретіне былғанбауына әсер етеді. Қазір көптеген ата-ана бесіктің орнына жөргекті дұрыс көреді. Бұл әрине, бесікпен салыстыруға келмейді. Тіпті бесікке жөргекпен бөлеп жатады. Ал бесіктің негізгі қызметі сол шүмегі мен түбегі емес пе еді?
Бір реттік жаялық жоқ заманда апаәжелеріміз баланы бесікке жатқызды. Ал қазіргі таңда сол бесікте жатып өскендердің саны азаюда. Себебі памперс дейтін дүние пайда болды. Жаңа ағаш отырғызғанда оны түзеу қылсаң, өскенде қисаймайды. Сол сияқты сәби денсаулығын туғаннан бастап ойлаған дұрыс болар.
Түйін. Таяқтың екі ұшы болатыны белгілі. Жөргек ата-анаға аса қолайлы десек те, сәби бұтын бұлтитып, екі аяғын талтайтып күндіз-түні борбайын сорумен қатар, бойындағы нәрді де сорып жатқан жоқ па? «Адамның бір қызығы – бала» деп жатамыз. Кейде бала болашағына да мән беріп, осыны да бір сәт ойлап қояйықшы.
Ақнұр САҒЫНТАЙ