Борбайқаптан келер қауіп бар ма?
qarmaqshy-tany.kz Бүгінгі жаңа туған баланы памперссіз елестету мүмкін емес. Бар баланың бұтында бір-бір борбайқап. Жаялық жуу өткеннің еншісінде, кеткеннің көлеңкесінде қалғандай. Дүкенге барсаңыз, өлшем-өлшемімен, мөлшер-мөлшерімен түр-түрі тұр. Тіпті ғаламторда осы жалаңбұт жабындысының жарнамасынан көз сүрінеді. Иә, қай үйге барсаңыз да кішкентай баланың дорбаңдап жүргеніне көзіміз үйреніп қалғандай. "Әй, мынаның бұты толып кетіпті, ауыстырсаңшы" дейтін апалардың әңгімесін де естіп жүрміз. Бұл аналардың көмекші пайдалы құралы десек те, екінші бір зиянды тұсын да қарастырғанымыз жөн.
Борбайқап қайдан шықты? Мұны химия инженері Вик Миллс ойлап тапқан. Ол химиялық технология саласында 35 жыл "Procter@Gamble" компаниясында жұмыс істеп, тапқырлығымен танымал болған. Зейнетке шыққан шағында жалғыз қызынан туған жиенін бағуға тура келеді. Әрине, бала бағу оны тамақтандырумен шектелмейді. Жаялықты қайта-қайта жуып, кептіру де керек. Қарт адамға бұл оңайға соқпайды. Бұл қиындықтан құтылудың амалын іздеп, "жумайтын жаялық неге ойлап таппаймын?" деген ой келеді. Содан бір реттік ылғалды сіңіру қабілеті жоғары жөргек жасамақ болады. Алайда зерттеу жұмысы бірнеше жылға созылады. Бастапқыда аптап ыстықта балаға мұндай іш киім кигізгенді ата-аналар ұнатпайды. Экспериментке келіскендер кейін өкініпті. Себебі бала терісінде бірден тітіркену пайда болған. Алғашқы сынақтың сәтсіз нәтижесі Виктің жігерін құм ете алған жоқ. Керісінше, ол жөргектің сапасын жақсартуды ойлап, қай тұста қателік жібергенін іздеп, идеяны одан әрі жетілдіруге күш жұмсайды. Әуелі тығыз пластик өнімнен жасалған төсеніштен бастаған ол кейін жұмсақ өнімге көшеді. Өйткені жұмсақ шикізат ылғалды тез сіңіретініне көзі анық жетеді.
Бұған қоса ол жөргекті бекітудің екі нұсқасын ойлап табады. Бірі түйме арқылы бекітілсе, екіншісі Velcro нұсқасы болатын. Миллс памперстерінің екінші стресстесті Нью-Йоркте өтті. Сынаққа қатысқан ата-аналарға түймесі бар нұсқасы көбірек ұнап, бір рет қолданылатын жаялықтардың әдеттегі қайта пайдалануға болатын памперстерден еш кем емес екенін мойындайды.
Pampers брендімен шыққан тауарлардың бірінші партиясы 1961 жылы сатылымға шықты. Benton & Bowles жарнамалық агенттігінің креативті директоры Альфред Голдман бұл атауды Procter сөзінің бірінші «p» әрпін, Gamble ортасында «am» және жаялықтардың (жөргек) соңында «pers» қолданып ойлап тапты). Тағы бір нұсқа бойынша Альфред Голдман ағылшын тілінде «topamper» аударғанда еркелету, қадірлеу дегенді білдіреді деп Pampers атауын ұсыныпты.
Жаялық па, жөргек пе? Қазірде дүкен сөрелерінде бір реттік жөргектер самсап тұр. Сапалы-сапасызы бәрі бар. Бағасы да арзан емес. Күн санап қымбаттап келеді. Әйтсе де аналар қалтаға қарамай бірінші кезекте осы дүниені үйіп алады. Ай сайынғы аналардың алатын жөргекпұлы да осы дүниеге шығындалады. Кейде бұл ақша баланың ішім-жеміне де жетпейді. Балалар өз бетінше қажетін өтеп үйренгенше орта есеппен 7000-ға жуық жөргек ауыстырып үлгереді екен. Ал енді осыншама жөргек ауыстырып киген бала денсаулығына кері әсер бермеуі мүмкін емес қой.
Жөргекті ұзақ уақыт киіп жүрген баланың жүрісі де өзгереді екен. Мұны жапон ғалымдары жүргізген зерттеуде анықтаған. Олар жөргекті тым ұзақ киіп жүруге мәжбүр балалардың жамбас буынына зақым келетінін байқаған. Токио зерттеу лабораториясының ғалымдары ата-анаға бала жөргегін уақытылы ауыстырып отыруға және сәбиді жөргексіз денесін демалдыруға кеңес береді. Зерттеу нәтижесінде жөргек баланың жүрісіне, тіпті жамбас буынының дұрыс дамуына кері әсер етуі мүмкін деген тоқтамға келді.
Зерттеуге 26 бала қатысқан. Олардың орташа жасы – 19 ай. Барлығы жөргекпен өсіп, жүріп үйренуіне жарты жылдай уақыт кеткен. Ғалымдар жөргекпен жүрген кезде баланың табиғи жүрісіне кедергі келетінін, оның еркін қозғалуы қиындай түсетінін анықтап отыр. Жөргек киген балаларға әр қадамын әдеттегіден алшақ басуға тура келеді. Мұнан бөлек, жөргектің салмағы көбейген сайын аяққа жүктеме арта түседі.
Борбайқап Һәм бедеулік Жалқаулық пен жасанды жаялықтың жамандыққа жетелейтінін бірі білсе, бірі білмейді. Балаға үздіксіз жөргек кигізу сәби денсаулығына кері әсер тигізері анық. Жөргектен бөлінетін зиянды химиялық қоспаларды айтпағанда, несеп пен нәжістің ұзақ уақыт бала терісімен жанасуы, жөргек ішіндегі ауа айналымының дұрыс болмауы жақсы нәрсе емес. Бала памперсіне кіші дәретін жіберген мезетте мүшесінің табиғи температурасы бірден жоғарылайды, аздан кейін памперске сіңген зәр қайтадан тастай болып суиды. Осындай қысқа аралықта аталық бездің дамуын тежейді. Осының нәтижесінде күні бойы бөбек денесінің 30% жауып тұрған бұл жаялық, жыныс мүшесін қатты әлсіретеді. Салдарынан ұрпақсыз қалу қаупі бар. Борбайқап баланың зәрін ғана сорып жатқан жоқ, бойдағы нәрін сорып жатқаны тағы бар. Иә, бесіктен безіп, жаялықтан жеріп, борбайқапқа байлануымыздың соңы белсіздікке әкеліп жатқан жоқ па?
Мамандар не дейді? АҚШ-та тұратын химик-инженер Ербол Абайұлы осы уақытқа дейін Қазақстанда сатылатын бір реттік жөргектің 180-ге жуық түрін талдап, оның 12-сін қолдануға болады деген тұжырымға келген.
Маман жөргек құрамында фталат, лосион, ауыр металл, парабен, ұшқыш органикалы қосылыстар, қалайы қосылысы (моно, ди, трибутилқалайы), формальдегид, консерванттар, бояулар, бисфенол қосылысы, поливинилхлорид, диоксин, парфюм, латекс сынды заттары бар жөргектерді алмауды ұсынып отыр. Ол ұсынған 12 жөргек түрінде жоғарыда аталған зиянды қосылыстар жоқ деп айтуға келмейді, дегенмен бұлар халықтың ең көп қолданатын Памперс, Хаггис, Меррис секілді жөргектерге қарағанда зияны азырақ дейді.
– Жөргектердің зияны жайлы интернеттегі бейнелердің шындыққа жанасатын тұстары бар. Енді мұны егжей-тегжейлі қарастырсақ, бәрімізге пайдалы болмақ. Бір рет қолданылатын жөргектің маңызды бөлігі – ылғал сіңіретін ішкі қабаты. Бұл ылғал сіңіргіш ішкі қабат негізінен натрий полиакрилаты деп аталатын қосылыстан тұрады. Одан бөлек ішкі қабат құрамында целлюлозалы мақта (ағаш ұнтағы) болады және жөргектің эко түріне қарай бидай мен жүгері өнімдері де қосылуы мүмкін. Олардың ішінде натрий полиакрилаты құрамында өндіріс кезінен қалған зиянды акрил қышқылы мен акриламид қалдықтары болуы мүмкін. Ол теріні тітіркендіргіш қосылыс болса, ал акриламид тұтынған адамда қатерлі ауру тудыратыны анықталған. Бұл жерде акриламидті тұтынбасақ та, ол аз мөлшерде тері арқылы сіңетіні анық. Өкінішке қарай, қазіргі кезде акрил қышқылы мен акриламид құрамына тексерілген жөргектер жоқтың қасы. Натрий полиакрилаты тұтынушыларда токсинді шок тудырғаны себепті 80-ші жылдары тампондарда қолданылуы тыйым салынған. Токсинді шок жөргек киюшілерде анықталмағанымен мұның ұзақ уақыттық әсері әрі анық емес. Өкінішке қарай, барлық бір реттік жөргектерде натрий полиакрилаты болады, – дейді маман. Балаға 3 ай толғанда үйде жөргексіз жүруге жағдай жасау керек. Ал, 6 айдан кейін онсыз да қажетін өтеуге үйретуге болады. Баланы тосу рефлексін қалыптастыра бастаған дұрыс. Балаға бір жарым жаста жөргекті мүлде кигізбеуге мүмкіндік бар.
Бесік пе, борбайқап па? Бұрын ата-бабаларымыз алып жүруге де қолайлы, барынша жеңіл бесіктерімен де көшіп-қонды. Бесікте жатқан баланың ұйқысы да тыныш. Бұты да таза. Тамағы да тоқ. Баланы жаялыққа орап бесікке салсаңыз денесіне дымқыл, сыз дарымай құрғақ болады. Бұл бірінші кезекте денсаулыққа жақсы. Бесікте жатқан баланың аяғы, кеудесі қатты байланады. Бұл нәрестенің көп қозғалмай тыныш жатуы, дәретіне былғанбауына әсер етеді. Қазір көптеген ата-ана бесіктің орнына жөргекті дұрыс көреді. Бұл әрине, бесікпен салыстыруға келмейді. Тіпті бесікке памперспен бөлеп жатады. Ал бесіктің негізгі қызметі сол шүмегі мен түбегі емес пе еді?
Бір реттік жаялық жоқ заманда апа-әжелеріміз баланы бесікке жатқызды. Ал қазіргі таңда сол бесікте жатып өскендердің саны азаюда. Себебі памперс дейтін дүние пайда болды. Жаңа ағаш отырғызғанда оны түзу қылсаң, өскенде қисаймайды. Сол сияқты сәби денсаулығын туғаннан бастап ойлаған дұрыс болар.
Түйін Таяқтың екі ұшы болатыны белгілі. Борбайқап ата-анаға аса қолайлы десек те, сәби бұтын бұлтитып, екі аяғын талтайтып күндіз-түні борбайын сорумен қатар, бойындағы нәрді де сорып жатқан жоқ па? "Адамның бір қызығы бала" деп жатамыз. Кейде бала болашағына да мән беріп, осыны да бір сәт ойлап қояйықшы...
Ақнұр САҒЫНТАЙ