» » Борбайқап —төнген қауіп

Борбайқап —төнген қауіп

Қазір көбі бедеу. Қыз да – бедеу, ұл да – бедеу. Қап­таған белсіздік. Дендеген белсіздік. Белсіздік түбі – ел­сіздік. Ескерген кім бар? Он жыл отасқан екеу баласыз жүр. Отыз жыл отасқан екеу ұрпақсыз қап барады. Айтып отырғанымыз – парадокс емес, күйкі тірлікте көріп жүргеніміз. Кінәні қайдан таппақпыз? Ақауды қайдан іздемекпіз?


Бүгінде бар қазақтың баласының бұтында – бір-бір памперс... Жаялық жуу өткеннің еншісінде, кеткеннің көлеңкесінде қалды. Дүкен барсаң, мөлшер-мөлшерімен, өлшем-өлшемі­мен тұр әлгі жалаң бұттың жабындысы. Өліп-өшіп, жапатармағай алып жатыр бар қазақ. Атасынан қалған шапандай, шешесінен қалған кимешектей...
Түн ұйқысын қимайтындардың айын да оңынан тудырған – осы памперс. Баласының бұтын бұлтитып 24 сағат нәжісі мен зәрін арқалатып жүрміз. Әдетте жолға шыққанда не серуендегенде кигізілетін дүние күнделікті қолданыстың бір бұйымына айналды. Зиянын ескеріп жатқан ешкім жоқ. Ертеңшіл қазақ баланың борбайынан болашақтың ойбайын көрмей отыр ма? Бүгіншіл жастар баланың бұтынан елдің құтын қашырып отырғанын елемей ме?
Бірде базардан шүмек іздеген орыс әжейді көрдім. Жағамды ұстамадым, кеудемді қуаныш кер­неген-ді. Ол шүмегін бесікке салмағанда қайда қоймақ? Бесіктің құттыхана ұя екенін ескергені де. Ал біздің қазақ үсті таза, асты құрғақ, баланың жаны тыныштық табар бесіктен жерінді. Жерінердей не көрінді? Мың бір дерттің демеушісі памперске құнықты. Манежге салып, нәжісіне былғап, ұл өсірмек, қыз өсірмек. Өлместің күні ғой дейін десең, ешкім аш емес, барлыққа мас, тоқтыққа мас. Содан болар, дүкенде толы бұт жабындысына құмар. Оның зиян емесін дәлелдеген кім бар?
Күллі Еуропа бала туу мәселесін өзекті етуде. Ұрпақсыз қалып жатқасын титықтағаны да. Бұрын кәріқұрлықты елес кезіп жүр деуші едік, қазір белсіздік деген дерт кезіп жүр. Сол дерті құрғыры Ресей өтіп, бізге келді. Бардың да, жоқтың да зары белсіздік. Сексенбай, Тоқсанбайды тоқыратқан да осы кесел. Кемеңгер елдің ұрпағы бала бұтындағы кеселді көрмейді, дертті білмейді. Ғылымның жаңалығы дейтін бұт жабындысы жарқын болашағымызды жарға жықпасына кепілдік бар ма? Отызында орда бұзбайтын, қырығында қамал алмайтын, елуінде ұрпақсыз жүріп, алпысында тұяқсыз қалатын қазақты даярлап жатырмыз ба?
Бұйымтайды тыңдар хан жоқ, қара жоқ демедік. Ойлағанымыз – қазақтың қамы, ұлттың жайы. Ұлан-ғайыр далада құмалақтай шашыл­ған қазақ бар. Бәлкім, илеу­дегі құмырсқаның саны бізден көп болар. Көп болмаса да, шамаласпыз. Жан-жақта анталаған жау. Тірлігі таза көрінер, пиғылы арам. Сөзі жайлы естілер, ойы жаман. Ал, жұтынып тұрған жаһандану деген жұмыр заманда бізге қажеттісі – көбею. Балақтан тартқан батпаннан құтылмай жүргенде борбайдан алған бедеулікке жол береміз бе? Сенің балаң – қазақтың болашағы, елдің ертеңі. Ал, сен болашақты бұлыңғыр еткің келе ме?
Дастанбек САДЫҚ,
«Қармақшы таңы».

09 қаңтар 2019 ж. 1 457 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 140

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 289

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930