» » БЕДЕУЛІК ПЕН БЕЛСІЗДІК ШЫРҒАЛАҢЫ

БЕДЕУЛІК ПЕН БЕЛСІЗДІК ШЫРҒАЛАҢЫ

Адам жас кезінде жарамсақтау болады ғой. Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай деген есімдерді естігенде анамнан: «Апа, сандарды тізбектеп неге қоя берген. Басқа ат қалмағандай» деп бұртиятынмын. Оның жайын ой тоқтата келе түсіндік. Сөйтсек, аталарымыз осы жастарда ұрпақты болып, сәби сүйген екен. Қазір не, Елубай, Алпысбайдың өзі арман.
Сөз төркінін түсінген боларсыз. Қаузайтынымыз – қазақтың қамы. Қазақ атамның келешек ұрпағының қамы болғалы тұр. Демография – мемлекеттік мәселе. Мақаш Тәтімов көкем: «Көк көрпенің асты...» деумен, қазақ баласының санын қайтсек көбейтеміз, қайткенде демографиялық үлесті арттырамыз деп, түн ұйқысын төрт бөлумен өмірден өтіп еді-ау, қайран ер. Одан кейін ол сықылды «аттандаған» қазақты көрмедік.
Ұлт қасіреті – ядролық апат десек, қазіргі кездегі ер мен әйел арасындағы бедеулік пен белсіздік сол ядролық апаттан кем түспей тұр. Ана мен әкеге жарық дүниеде ұрпақсыз қалудан асқан қандай қасірет керек? Табиғи жолмен тамыры тартылмаған істің ұрпақ азуына әкеп соқтырарына кепіл бар ма?! Бедеулік пен белсіздік – бүгінгі таңдағы белең алып отырған басты трагедия. Дүниені теңселтетін проблема – әлемді алаңдатуда. Бұл шырғалаң – кей қазақ отбасының да басына түсіп, талай шаңырақтың шайқалуына себепкер болуда. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығар» дегендей, елімізде 14 мың әйел бедеулікке ұшыраса, 1000-нан аса еркек белсіздіктің зардабын тартуда. Бұл дерттің батпандай салмағын Қазақстандағы жас отбасылардың 15 пайызы көтеруге мәжбүр.
Бесік – қазақ үшін қашан да қастерлі. Оған деген құрметі бәрінен жоғары. Қазақ баласын бақытына балап, сәбиіне сүйсінген. «Ұлым шаңырағымның, қызым – шаттығымның иесі» деп шабыттанған. Кезінде аналарымыз 15 балаға дейін дүниеге әкеліп, бірін – тымаққа, бірін – бесікке салып өсірді. Десе де, бүгінгі күн ұлтымыз ұрпақсыздықтың шырмауына шырмалғандай күй кешуде. Өйткені, бедеулік пен белсіздік – халық санын арттыруда аяқтан шалатын бірден-бір фактор екені белгілі. Бедеулік дегеніміз не? Дәрігер пікірі не дейді? Әйел бедеулігі екі түрлі. Бірі – туа бітті болса, бірі – жүре пайда болған. Туа бітті – жатыр түтігінің бітелуімен, жетілмеуімен айқындалса, жүре біттісі – саламатты өмір салтын сақтамауға байланысты өлшенеді. Оның ішінде түсік жасату – басты орында тұр. Емделуге келетін әйелдердің 80 пайызы кезінде осындай жауапсыз қадамға барғандар көрінеді. Соңғы мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, бедеуліктің неліктен қазіргі кезде өршіп кеткені жайлы ғалам ғалымдары түрлі ой атуда. Тұтынатын тағам құрамының құнарсыздығы, қоршаған ортадағы экологиялық мәселе, ас-судағы адам денсаулығына кері әсерін тигізетін химиялық қоспа, бояуыш, дәмдеуіш, сондай-ақ, ұялы телефон, компьютер, тағы басқасы аталған аурулардың туындауына әсер етуде.
– Бала санын 10-15-тен қайырған аналарымыздың жолы неге жалғаспай отыр? Байқасаңыз, қыздарымыз тұрмыс құрып, ана болудан гөрі мансапты, қызметті көп қуатындай. Жоғары оқу оқиды. Еңбекке араласады. Қызметте өсуді мақсат етеді. Үй алсам дейді. Бір күні көлік мінсем дейді. Сөйтіп жүргенде «Көн етіктіні менсінбей, көк етікті кездеспей» уақыты өтеді. Уақыты дегенде – жасын айтып отырмын. Адам – кез келген жаста бақытты бола алады. Дегенмен, балалы болатын жастан кешігеді. Жасы 40-50-ге таяған кәрі қыз еркекшораланып, күйеуге тию туралы ойламайды. Бойдақтыққа бой алдырады. Материалдық жағдайды түзетемін деп жүріп, ана атану бақытын көзден бұл-бұл ұшырады. Ал, уақытты кері қайтаруға пендеде құдірет бар ма? Өмір екінші рет беріледі ме? Сондықтан қазақтың қаракөз қыздары алдына ана болуды мақсат етіп қойса, – дейді ардагер ана Қаншайым Матаева.
Белсіздік – аталық, қуық асты безінің қабынуы, жыныс-несеп дамуындағы ауытқу және түрлі инфекция салдарынан туындайтын ауру. Заманында ер кісілер атқа мініп, саят құрған. Аңшылық еткен. Табиғаттың бір бөлшегі бола білді. Салт-дәстүрді ұстанды. Жылқының өзі медицинада көптеген ауруға ем екені айтылады. Адам атқа тік отырады. Ол омыртқа сүйегінің қалпын сақтауға жәрдем етсе, ер мен үзеңгі – жамбастың қалыпты жұмысына септеседі. Ал, шылбыр – тепе-теңдікті сақтауға, қан айналымына көмегі күшті. Қазақ атамыз қымыз, шұбат ішті. Бейәдеп қылықтан іргесін аулақ салды. Ерлерде белсіздік сирек ұшырасатын. Оның өзі қиямет-қайымға есептелді. Қазір қаланы айтпағанда, ауылда да атқа мінер азайды. Адам денсаулығы – ішкен асы мен өмір сүру салтына байланысты екенін бүгінде екінің бірі біледі.
ТҮЙІН
Жақында он жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген бір отбасы нәрестелі болды. Ерлі-зайыптының қуанышында шек жоқ. Ұзақ уақыт күткен нәрестесін қырқынан шығарғанша жан баласына көрсетпеді. Мешітте азан шақыртып, есімін Қуаныш қойды. Міне, осылай он жыл күттірген Қуаныш ата-анасына қуаныш әкелді. Шаңырақ шаттыққа кенелді. Бірақ, әлі қанша жанұя балалы болуды армандауда. Оған кез келгеннің төзімі жете ме?
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
24 шілде 2018 ж. 1 962 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031