» » ҚАЗІРГІ ОТАҒАСЫНЫҢ ОТБАСЫНДАҒЫ ОРНЫ ҚАНДАЙ?

ҚАЗІРГІ ОТАҒАСЫНЫҢ ОТБАСЫНДАҒЫ ОРНЫ ҚАНДАЙ?

Көпшілік ортада жүрген соң әртүрлі жағдайдың куәсі болып жатамыз. Соның бірінде қызына айғайлай сөйлеген әкенің әңгімесін естіп қалдым. Бұл құлағыма түрпідей тиді. Байқап, қарап-ақ тұрмын. Қымсынар емес. Жүзі де таныс көрінді. Мекеменің бірінде шырттай киініп жүретін кәнігі қызметкердің бірі. Аяғын басып, үстін бүлдіргені үшін ашуланып жатыр. Сірә, ашуының себебі бұл жағдай болмауы да әбден мүмкін. Бірақ кесірі кішкентай қызға келді. «Енді сені мұнда алып келмеспін, үстімнің бәрін бүлдірдің» деген секілді әрмен қарай тағы да ауырлай сөйледі. Жәәә-ә-ә. Әлгі ашу кейіндеу басылады ғой. Бүлінген киімдегі із кетер, жуылар, қалпына келер. Ал бірақ қаршадай қыздың жүрегіндегі «әкенің ашуы» қашан қайтары белгісіз...
Біз бала тәрбиесін көбіне-көп анаға ысыра саламыз. Бір кемшілік шыға қалса, «не қарап отырсың?» деп төпелей сөйлейтініміз тағы бар. Ал енді мына сұрақтарды қояйыншы. Бала тәрбиесіне кім жауапты? Бүгінгі баланың бойында кімнің тәрбиесі басым? Алғашқысына бір деммен ата-ана деп жауап беруге болады. Ал екінші сұраққа келгенде күмілжитініміз рас. Оны жасырмай-ақ қояйық. Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты екені айдан анық. Бірақ таразының қос басы тең болғанда ғана отбасылық тәрбие түйінделеді. Бұл өмірде жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні секілді ата-ана да тәрбиеге қос жақтан атсалысқаны дұрыс-ақ. Бізде осы жағы кемшін. Көп жағдайда бала ананың қанатының астында. Талай буынға тура жолды көрсеткен әкенің қабағынан сес қайтқан ба? Осы мәселе қозғалған кезде түрлі себеп пен сылтау айтылады. Жүргізілген зерттеулерге зер салсақ, мамандар мұның барлығын елдің экономикалық ахуалымен байланыстырады.
ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛДЫҢ ӘСЕРІ
Балаға ананың ғана емес, әкенің де мейірім, тәрбиесі ауадай қажет екені бесенеден белгілі. Осы жайт біздің қоғамды ғана емес өркениетті елдерді де толғандырған сыңайлы. Осыдан бір жыл бұрын Бостон қаласындағы «Massachusetts» бас ауруханасының психиатрия бөлімінің мамандары бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы ауқымды зерттеудің нәтижесін жариялады. Зерттеуде әке махаббаты мен қамқорлығын сезініп өскен баланың жақсы оқу мүмкіндігі әкесіз өскен балаға қарағанда 43 пайызға жоғары болатыны айтылған. Сондай-ақ баланың болашақта тура жолдан адасуы не адаспауы да әке тәрбиесін көруіне байланысты екен. Тіпті қазір түзеу мекемесінде отырған азаматтардың 80 пайызы тура және жанама мағынасында әкесіз өскендер деген де дерек келтіріледі. Бұдан өзге зерттеулерде де әке баланың қоғамда өзге адамдармен жақсы қарымқатынас құра білуіне және өзіне сенімді болып өсуіне тікелей әсер етеді екен.
Бұл жағдайды біздің қоғамға бейімдесек, кеңес үкіметі кезіндегі саясат пен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыстың салдары әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін әлсіреткен сыңайлы.
Кеңес одағы адамдарға «жұмыс күші» деп қарағанын аңғарамыз. Ол кезде әйел мен ердің рөлін бөлу, яғни еркек – түздің адамы, ал әйел – шаңырақтың ұйытқысы, бала тәрбиесіне жауапты деу тиімдірек болды. Кейін жұмыс күші жетпегенде әйел отбасының ұйытқысы ғана емес, тағы да ақша табушының рөлін өз мойнына алды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы он жылдықта болған экономикалық тұрақсыздықта ер азаматтар ақша табушы рөлінен айырылды, ішімдікке салынды. Әйелдер күйеуінің соққысына да төзді, жұмыссыздығына да көндікті, баласын да бақты, отбасын да асырады.
Осы орайда мына бір әзіл әңгіме ойға түседі. Бірде баласының мазасыздығынан әбден мезі болған Қожанасырдың әйелі ашуға беріліп: «Отағасы, бұл менің ғана балам емес. Сен де оның әкесі саналасың. Олай болса бала бағуға сенің де көмектесуің қажет. Оған 12 сағат мен қараймын, 12 сағат сен қарайсың», – деп шарт қояды. Қожанасыр амалсыздан келіседі. Ұйқыда жатса әйелі иығынан түртіп: «Тұр, сағат 12 болды, менің кезегім аяқталды, енді сен қарайсың» – деген екен. Сонда ол: «Сен өзіңе тиесілі бөлікті қарап біттің бе? Онда менің бөлігімде жылай берсін» деп жауап беріпті. Езуге күлкі үйірер әзіл болғанымен, астарында ащы ақиқат жатыр. Бала бір нәрсені бүлдірсе, бұзықтық жасаса әке, тіпті қоғам тарапынан анаға қарата айтылатын сөз: «Балаңа қарамайсың ба?», «Сенің берген тәрбиең!», «Балаға неге ие болмайсың?». Еркек тұрмыс қамымен түзде жүргенімен тұтас ұрпақ тәрбиесін әйелдің мойнына жүктеу ағаттықтан бұрын, еркектікке сын. Соңғы жылдары әкенің бала тәрбиесіндегі рөліне назар аударылуының бірден бір себебі де – осы.
Баласын жанына жетектеп жүретін көбіне-көп әйелдер қауымы. Баламен үйде отырғаннан, әрі асүй тіршілігінен бір сәт демалғысы келетін де болар. Көпшілік ортаға шығып таныс-тамырын көріп шер тарқатуды да аңсайтын шығар. Кейбірі тынымсыз баласының соңынан жүгіріп жүреді. Қош. Бастысы, баланың да, ананың да көңілі сергіп қалса болды ғой.
«ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІ» СЕНІМДІ АҚТАЙ МА?
«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген тәмсілді берік ұстанып, отбасы, бала тәрбиесіне аса көңіл бөліп, ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстаған қазақ қоғамына бүгінгі жаһандану үрдісінің кері әсері тиіп жатқаны жасырын емес. Тарқатып айтқанда, ұлы даланың даналыққа толы адами болмыс пен өмір сүруге бейімделіп, қалыптасқан тіршілігіне зиянын тигізіп жатқан сырт елдердің азғындаған қауіп-қатерінен қалай сақтанамыз, саналы ұрпақты қалай жетілдіреміз деген мәселе еліміздің басты назарында тұр. Міне, осы орайда елімізде ер-азаматтардың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру мақсатында әкелер кеңесін құрып, түрлі семинар-тренингтер өткізілуде. Шынында, олай емес. Тәрбиелеу – ата-ана мен баланың өзара біріккен іс-әрекетінің нәтижесі, жақсы азамат болып өсуінің жарқын көрінісі.
«Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтылмаған ғой. Асқар тауының тәрбиесін көрген бала ешқашан ынжық болмайды. Еңбекке қабілетті, өз елінің патриоты болып өседі. Әкенің жылуын сезінген қыз, ешқашан жаман жолға түспейді.
Бала тәрбиесіне көңіл бөлу – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі ұрпақтың дұрыс тәрбиеленуі еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Тәрбиенің негізі сүйіспеншілік, жауапкершілік пен сыйластыққа құрылуы тиіс, өйткені тек осы жағдайда ғана бала өзін бағалап, қоғамға пайдалы азамат болып өседі.
– Қазақта әкеге деген құрмет жоғары болған. Оған лайық болу үшін әке өзінің іс-әрекетін сараптаса, сөйлеген сөзі салмақты болса, қанынан жаралған ұл-қызына жақсы өнеге бермек. Қазақта «балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан соң досыңдай сырлас» деген сөз бар. Мен төрт баланың әкесімін. Осы ұстаным аясында ұл-қыздарымды тәрбиелеймін. Барынша балаларымның тәрбиесіне көңіл бөліп, лайықты жар, үлгілі әке болуға тырысамын. Бұл менің парызым деп білемін. Маған әке-шешем жақсы тәрбие берді деп айта аламын. Әсілінде, байырғы заманның адамдары салт-дәстүрге, тәрбиеге ерекше көңіл бөлген жандар. Мен де сол үрдісті жалғастырғым келеді. Балаларымның жұрт қызығатындай іс-әрекеттер жасағанын қалаймын. Негізінен бала деген ата-анасынан көргенін істейді, – дейді көпбалалы әке Мұрат Бақытбекұлы.
АСҚАР ТАУ АЛАСАРМАСЫН ДЕСЕК…
Ата-ана болу – жауапкершілік. Ал әке – отбасы мүшелерінің қорғаны. Осы ретте Мәскеудегі психоанализ институты соңғы 5-6 жыл көлемінде аталған мәселеге қатысты зерттеу жүргізіпті. Бұрын әкелеріміз бала тәрбиесіне мектеп жасына жеткенде араласса, қазір нәресте дүниеге келген сәттен бастап қызығушылық танытады екен. Анасы жоқта баласымен қалып, түн ұйқысын төрт бөліп, жөргегін де ауыстырады. Алайда әке болудың шынайы мәнін ұмытып, алимент төлеуден қашып, ат ізін салмай кететін азаматтар саны да аз емес. Жалғыз қалған ана амал жоқ қара қазан сары баланың қамы үшін етігімен су кешуге мәжбүр болады. Бұл жағдайда «Сиыр қашты, бұзаулады, бұқа кетті бетімен. Кейбір әке дегендер тең-ау осы бұқамен» деген Ғабиден Мұстафин атамыздың сөзі еріксіз еске түседі. «Баламды қалай тәрбиелеймін, қалай ержеткіземін?» деп ана байғұс шарқ ұрады. Әр күні жаңа қиындықтармен бетпе-бет келіп, сәбиінің жарқын болашағы үшін күреседі. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Бәлкім отбасыларынан ажыраудың түрлі себептері де бар шығар.
Психологтардың айтуынша, әкенің ұл тәрбиесіне қатысуы ер баланың ержүрек, адал азамат болып қалыптасуына, сондай-ақ кедергілерді жеңуге деген қабілетін арттыруға ықпал етеді. Ал әкенің қызына деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы оның келешекте өмірлік серігін дұрыс таңдауына көмектеседі екен. Әкесімен жақсы қарым-қатынаста болған қыздар өздерін бағалап, өмірде өзіне сенімді әрі мықты тұлға болып өседі. Отан отбасыдан басталады. Егер әке ұлқызына жақсы тәрбие берсе, мемлекетіміздің дамуына үлесін қосатын азаматтар көптеп шығатыны сөзсіз.
Түйін Жалпы бізде көп жағдайда балаға қатысты бар шаруаны анасына ысырып қоямыз. Жай ғана ата-аналар жиналысының өзіне бірен-саран әке болмаса, негізінен аналары барады. Неге? Бала ортақ болған соң оның тәрбиесіне қатысты дүниенің бәрі әке-шешеге ортақ емес пе?! Саналы ұрпақты қалай жетілдіреміз деп шарқ ұрып жүрген бүгінгі тұста әкенің тәрбиесі ауадай қажет. Қазақ баланың ісіне тәнті болғанда, бойындағы жақсы қасиеттерін байқаса «тегіне тартыпты», «текті жерден шыққан ғой» деп сүйсініп жатады. Яғни, қанмен берілетін тектілікті – әкенің тәрбиесін бірінші айтады. Иә, әкенің бойындағы қасиет қыз балаға беріледі. Бала үшін негізі түпқазық та осы тәрбие. Кішкентай күнінде бала көргенін қабылдайды. Сіз мейлі 10-20 рет айтыңыз, бірақ әрекетіңіз басқа болса, сол әрекетті қайталайды. Сондықтан баланың сыртқы келбетін әрлемей, бірінші кезекте ішкі рухани байлығын, тәрбиесін бала күннен бастап барлаған дұрыс болмақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
17 ақпан 2025 ж. 149 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (10381)

18 ақпан 2025 ж.

№12 (10380)

15 ақпан 2025 ж.

№11 (10379)

11 ақпан 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 400
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728