Сырты бүтін, ал іші...

Қызына айғайлай сөйлеген әкенің әңгімесі құлағыма түрпідей тиді. Байқап, қарап-ақ тұрмын. Қымсынар емес. Жүзі де таныс көрінді. Мекеменің бірінде шырттай киініп жүретін кәнігі қызметкердің бірі. Аяғын басып, үстін бүлдіргені үшін ашуланып жатыр. Сірә, ашуының себебі бұл жағдай болмауы да әбден мүмкін. Бірақ кесірі кішкентай қызға келді. "Енді сені мұнда алып келмеспін, үстімнің бәрін бүлдірдің" деген секілді әрмен қарай тағы да ауырлай сөйледі. Жәәә-ә-ә. Бұл ашу кейіндеу басылады ғой. Бүлінген киімдегі із кетер, жуылар, қалпына келер. Ал бірақ қаршадай қыздың жүрегіндегі «әкенің ашуы» қашан қайтары белгісіз. Арада біраз уақыт өтіп кетсе де көз алдымда қалып қойған жағдай туралы жазғым келді. Бәлки, біреуге ой салар деген ниетпен.
Орталық алаңға келетіндердің дені де – әйелдер қауымы. Баламен үйде отырғаннан, әрі ас-үй тіршілігінен бір сәт демалғысы келетін де болар. Барлығы осында жиылатын болған соң таныс-тамырын көріп шер тарқатуды да аңсайтын шығар. Ондағы стелдерге жайғасып, баласын алыстан барлап қойып, үнсіз ғана отыратындары бар. Кейбірі тынымсыз баласының соңынан жүгіріп жүреді. Қош. Бастысы, баланың да, ананың да көңілі сергіп қалса болды ғой.
Мұндайда әкелер көп келе бермейді. Жалпы бізде көп жағдайда балаға қатысты бар шаруаны анасына ысырып қоямыз. Жай ғана ата-аналар жиналысының өзіне бірен-саран әке болмаса, негізінен аналары барады. Неге? Бала ортақ болған соң оның тәрбиесіне қатысты дүниенің бәрі әке-шешеге ортақ емес пе?! Саналы ұрпақты қалай жетілдіреміз деп шарқ ұрып жүрген бүгінгі тұста әкенің тәрбиесі ауадай қажет. Қазақ баланың ісіне тәнті болғанда, бойындағы жақсы қасиеттерін байқаса «тегіне тартыпты», «текті жерден шыққан ғой» деп сүйсініп жатады. Яғни, қанмен берілетін тектілікті – әкенің тәрбиесін бірінші айтады. Иә, әкенің бойындағы қасиет қыз балаға беріледі. Бала үшін негізі түпқазық та осы тәрбие. Кішкентай күнінде бала көргенін қабылдайды. Сіз мейлі 10-20 рет айтыңыз, бірақ әрекетіңіз басқа болса, сол әрекетті қайталайды. Сондықтан баланың сыртқы келбетін әрлемей, бірінші кезекте ішкі рухани байлығын, тәрбиесін бала күннен бастап барлаған дұрыс болмақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ