» » Сарсаңға салған «самокат»

Сарсаңға салған «самокат»

Соңғы жылдары елімізде мопед, самокат пен скутер тізгіндейтіндердің саны артып келеді. Әсіресе мұны жастар жиі қолданады. Әлгіндей затты пайдаланатын адамның да шығыны аз. жанармай деп қалтасын қақпайды, тіпті жүргізуші куәлігінің де қажеті жоқ. Бүгінде электросамокатқа қызығушылық танытқандар қымбатын сатып алудан да еш тартынбайды. Сонымен қос аяқты құрылғының нендей пайдасы бар? Зиянды тұсы қандай? Саралап көрелік.

Иә, самокатты қазірде адамдар мұны қатынас құралы ретінде пайдалануда. Одан бөлек ауылдағы 3-5 жастағы балалардың күнделікті ойнайтын ойыншығына айналды. Мұндай электросамокаттар еліміздің барлық қаласында бар. Көшеде, жолда тұрғанын жиі байқап та жүрген боларсыз. Осыған орай биыл мамыр айының бірінші жартысында Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Жобаға сәйкес, электросамокаттар көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейінгі көлік құралдары санатына жатады. Электросамокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Енді қала көшелерінде зуылдап жүрген самокаттарға талап күшейетін болады. Осыған сәйкес электронды самокаттарға автожол жиегімен жүруге рұқсат етіледі. Алайда оны басқаратын адамға арнайы талап қойылмақ. Талапқа сай 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, басына қорғаныш шлемін және жарық шағылыстыратын киім киген адам ғана самокатпен автожолдарға шыға алады. Сонымен қатар, бірнеше адамның мінгесіп жүруіне және жүк тасымалдауға тыйым салынады.


Статистика не дейді?
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы электрсамокаттардың қатысуымен 68 оқыс оқиға орын алып, 1 адам қаза тапқан, 70 адам жарақаттанған. Ал былтыр самокаттардың қатысуымен 43 жол көлік оқиғасы тіркелген екен. Салдарынан 1 адам қаза тапқан. Ал биыл Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша екі дерек тіркелген. Бірақ бұл ресми тіркелгені ғана екенін ескере кетейік.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасарының түсіндіруінше, кез келген жағдайда самокат жаяу жүргіншімен соқтығысып қалса, басымдық жаяу жүргіншіде болады. Яғни, жаяу жүргінші зардап шегуші болып саналады. Самокат тізгініндегі адам алдын ала жылдамдығын түсіріп, жаяу жүргіншіні айналып өтуге міндеттеледі. Сондай-ақ автомобиль жолдарының оң жақ жиегімен, автобус жолақтарымен жүруге болады. Осыдан кейін самокатқа қызығушылар саны күрт төмендегенге ұқсайды. Себебі, қазақстандық интернет дүкендерде пайдаланылған құрылғылар көптеп сатылымға шығарыла бастаған. Ал, электроскутер сататын дүкендер қалыпты пайдасынан қағылып, керісінше қолданылған самокаттар жаппай сатылымға қойылған. Сарапшылардың дерегінше, биыл сәуір мен мамыр аралығында дүкендегі самокаттардың саудасы 30%-ке дейін төмендеген.

Қазір электросамокат жүргізушілері жолаушыларды және жүктердi тасымалдау ережесін орындамаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл тұрғыда 5 айлық есептiк көрсеткiш (17250 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. Ал, 620-бап бойынша жолдағы қозғалыс кезінде өзге де талаптарды бұзғаны үшін ескерту немесе 3 АЕК (10 350 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Ауданымызда қалай?
Былтырғы жылдан бері Жосалы кентінің орталық алаңында балаларға арналған электромобильді машиналарды жалға беріп бастады. Әр кеш сайын бұл жердің ажары кіреді. Немересін жетектеген ата-әже, қарындасын құшақтаған аға, баласын арбаға салған ата-ана да осыннан табылады. Балалар ойнайтын батут пен түрлі машиналарға биыл «самокат» та қосылды. Содан бері мұнда әлгі қосаяқты тұлпарға міну үшін кезекте тұрады. Барлығына жаңа дүние қызық қой. Бірақ біздегі самокаттар тек сол орталық алаңның жерінде ғана тебуге рұқсат. Дегенмен, сақтық ережелерін ескерген жөн.

– Қазір жазғы демалыс қой. Алыс-жақыннан немерелер келеді. Оларды апаратын ойын-сауық орталықтары бізде аз. Тіпті жоқтың қасы десе де болады. Қайта осы алаңнан ашылғанына қуанып жүрміз. Кешкісін бір мезгіл балаларымды осында алып келемін. Ересектері осы самокатқа мінгісі келеді. Тіптікейде кезек күтіп тұрамыз. Бағасы 10 минутына 500 теңге. Бұл көше бойы болмағандықтан, әрі көліктер де жүрмейтіндіктен аса қауіптілігі жоқ деп ойлаймын. Дегенмен кішкентай балалар көп жүргендіктен жылдамдығына да қарап қойған дұрыс, – дейді кент тұрғыны Ләззат Әбдірахманқызы.

Электросамокаттан жапа шеккен адамдар аз емес. Монодөңгелекті тізгіндеген жеткіншектердің қатысуымен көптеген апатты оқиға орын алуда. Сондықтан самокатты сақтықпен тізгіндеп, заң ережесіне сай пайдаланған жөн. Себебі адам өмірі бәрінен қымбат. Өз денсаулығыңызды былай қойғанда, өзгенің өміріне қауіп төндіруіңіз бек мүмкін. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегенді қаперде ұстау қажет секілді.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
17 шілде 2023 ж. 497 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 274

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 371

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930