КӨКТЕМГІ ЕГІСКЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ
Қыстың соңғы айы басталды дегенше өңірдегі шаруаларға жан бітеді. Көп ұзамай көктемгі даланың қарбаласы басталады. Әсіресе ауылдық жерлердегі көрініс ерекше. Гараждағы техникасына асыққан механизаторлар күзден кейін тыныстаған темір көліктерінің жағдайын тексеріп, дала жұмысына дайындайды. Қысқасы көктемгі шаруашылық жұмыстарын қамдау – ауылшаруашылығы саласының мамандары үшін күн тәртібінен түспеген мәселе.
Биыл оңтүстік өңірде қардың мөлшері аз жауғандықтан дала жұмыстары да ерте басталуы сөзсіз. Егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу, суару жұмыстары ретретімен жасалып, қамбаны астыққа толтыру үшін мол өнім алуға бағыт ұсталады. Жалпы жыл сайын диқаншы қауымға артылар сенім зор. Арқаны кеңге салуға болмайтынын уақыттың өзі айқындап тұр. Қазір бағада тұрақтылық жоқ. Сұранысқа ие заттардың құны күн санап өсіп жатыр.
Жыл басында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында биылғы көктемгі дала жұмыстары үшін шаруаларға қаржы бөлу мәселесін көтерген-ді. Қаржыландыру өткен жылы басталған. Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы былай деген.
– Біз қаржыландыруды өткен жылдың 29 қарашасында бастадық. Аталған жұмысқа жалпы 100 млрд теңге бөлініп, қазірдің өзінде оның 70 млрд теңгесі шаруаларға берілген. Әрі қарай жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыстарда ӘКК әлі қосылмаған, оларды ӘКК арқылы да тарту керек, сонда жұмыс тезірек жүреді. Жалпы қаржы бар, – деді Айдарбек Сапаров.
Президент тапсырмасын орындау аясында 2025 жылғы көктемгі егін және күзгі жиын-терім жұмыстарына «Кең дала – 2» бағдарламасы бойынша жалпы 700 млрд теңгеге дейін, оның ішінде 140 млрд теңгесі – бюджет қаражаты, 560 млрд теңгесі – нарық қаражаты жұмсалады. Шаруаларға өтеу мерзімі 2026 жылғы 1 наурызға дейін белгіленген жылдық 5 пайызбен несие беріледі.
Ерте қаржыландыру дихандарға егіс науқанын уақытылы бастау үшін барлық қажетті құрал-жабдықты, соның ішінде тыңайтқыштарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді.
Аудан аумағындағы агроқұрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне ден қойдық. Биыл егіс көлемі бойынша вегетациялық мүмкіндіктерге байланысты жоспарлау жұмыстары жүргізілген. Меже бойынша биылға күріш – 14270 гектар, жаздық бидай – 1000 гектар, мақсары – 1200 гектар, картоп – 170 гектар, көкөніс – 440 гектар, бақша дақылдары – 570 гектар, арпа – 130 гектар, жүгері – 50 гектар, күнбағыс – 5 гектар, жаңа жоңышқа – 3420 гектар, ескі жоңышқа – 5280 гектар, түйе жоңышқа – 200 гектар, барлығы 26 735 гектарға егіс орналастыру жоспарланған.
Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникалар да дайын. Ауылшаруашылығы құрылымдарымен бірлесіп, биылғы көктемгі егіс жұмыстарына қатысатын ауылшаруашылығы техникаларына түгендеу жүргізіліп, олардың дайындығы бойынша тұрақты түрде ақпар алынып отыр. Көктемгі дала жұмыстарына 174 трактор, 49 соқа, 26 тұқым сепкіш, 64 автомашина, 100 трактор тіркемесі қатыспақ.
Егістік жер көлемі белгіленгеннен кейін оған себілетін тұқымда нақты жоспарланады. Себебі жылдағы су тапшылығына байланысты жерге артық дән тастап, ысырапшылдыққа жол беру орынсыз.
– Биылғы себілетін тұқым бойынша жоспарланған егіс көлеміне сәйкес қажетті тұқымдардың көлемі есептеліп, шаруашылықтармен бірлесіп талдау жасалынды. Биыл егіс жұмыстарына 3375 тонна күріш тұқымы қажет. Қолда бары 4080 тонна. Өткен жылғы кезеңге тұқымдық баланстың жылдық есебі әзірленіп, облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасына тапсырылды, – дейді аудандағы осы салаға жауапты бөлім басшысы Әсет Омаров.
Күріш тұқымы себілгеннен кейін оның ауырмай бітік шығуына тыңайтқыштар қажет-ақ. Биыл көктемгі егіс жұмыстарына жоспар бойынша 15248 тонна тыңайтқыштар мен 14230 литр гербицид керек.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар картоп, сәбіз, жуа, қырыққабат өнімдерімен ішкі нарықты қамтасыз ету мақсатында жеке секторда орналастырылатын егіс көлемдері нақтыланды. Ауыл әкімдерімен бірлесіп, жеке секторда 415 гектар қосымша бақшалық жерлер дайындап, 950 отбасыға бөліп беру жоспарланып отыр. Осыған сәйкес жеке сектордағы егіс көлемдерін нақтылау үшін егіс орналастырылатын учаскелерді аралап, координаттарын алу және сызбасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Егістікке келетін су жүйелерін тазарту, ішкі су жолдарын тазалау, су құрылыстары мен су тартатын қондырғыларды реттеу де назардан тыс қалмауда.
Ерсін СӘДУҰЛЫ