ЖЫЛДЫ ҚАЛАЙ ЖОСПАРЛАЙМЫЗ?
Жаңа жыл қарсаңында барлығы өткен жылды саралап, алдағы жылға жоспар құрады. Осы орайда Абай атамыздың «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Әсілі, есеп беру өзіңді өсіруге бағыттайтын жақсы әдеттің бірі емес пе?!
Бәзбіреулерден «жылыңыз қалай өтті?» деп сұрасаңыз «болады» деуден әрі аспайды. Ал кейбірі жүйелі жоспармен жүретінін, оны жоғары деңгейде орындағанын айтып таңқалдырады. Иә, қазір тұлғалық даму, тайм менеджмент турасында көп айтылады. Жетістікке жететін жандардың бірқатары да осы өзін дамыту арқылы келсе керек.
Қазір көп адам жазуға ерінеді. Ал бірақ миына артық салмақ алып жүруге үйреніп қалған. «Миым ашып кетті» деп шағымданатыны да сол себепті. Иә, көп дүниені миға сақтап, оған ауыр жүк артамыз. Мұндайда мидағы салмақты жеңілдетудің жолы – жазу.
Жалпы жазған дүниенің ұмытылмайтынын, көз арқылы еске сақтаудың біраз артықшылығы туралы да аз-кем айта кетсек. Мектеп күнінен үнемі бірдеңені шимайлап жазып жүретінмін. Ара-тұра өлең құрастыратынмын сол кезде. Әкемнің осындай өлең жазуға ебі бар-ды. Бұл оған атамнан берілген. Ал маған сол әкемнің бойындағы жазуға деген ықыласынан дарығандай. Қош. Осылай университет оқып жүргенде де том-том күнделіктерім болды. Біріне оқып, түйген нақыл сөздерімді жазсам, енді біріне студенттік шақтың тәтті естеліктерін түртіп отырдым. 2-курс оқып жүргенімде лингвистикадан беретін ағаймыз қолмен жазудың тиімділігі туралы біраз ой қозғап, оның пайдасын айтып еді. Осы кезден бастап түсініп оны өмірде әлі күнге дейін қолданып келемін. Бір қызығы, адамның айтқан әңгімесі ұзақ уақыт жадымда сақталып қалатыны бар. Есте сақтау қабілетінің тұрақтылығы да жазу арқылы шыңдалғандай.
Оқу бітіріп келген соң жоспарлауды, мақсат, арман жазуды қолға алдым. Тіпті әрі қарай да жетілдіріп жүрген жайым бар. Жалпы қолға қалам алып жазудың нендей артықшылығы бар?
Қарапайым дүкенге барардың алдында керекжарақты қағаз бетіне түсіреміз ғой. Соған қарап, қажетімізді алып қайтамыз. Алуымыз тиіс зат сол қағазға түспей қалса, қалып қойып жатады. Осындайда «қап» деп өкініп қалатын жайт сіздерде де болатын шығар. Сол секілді жазу арқылы өзімізді ретке келтіреміз. Ол жерде ашу, ыза, кек сынды жағымсыз эмоцияны сыртқа шығарамыз. Ешкімге айта алмаған сырды жайып салуға да мүмкіндік бар. Бір сергіп қаларыңыз анық. Сонымен қатар, өткен күндері не істегеніңізді оқу арқылы да өзіңізге сырттай баға беріп, қай жолда жүргеніңізді бағамдай аласыз.
Өз ойымызды түсіне отырып, біз оны өзгерте аламыз. Күн сайын таңертең ұйқыдан оянған шақта ми идеяға толып тұрады. Бүгін не істеймін, кеше не істедім деген сұрақтар мазалайтыны анық. Сол үшін ойымызды сыртқа шығарып тастаудың пайдасы зор.
Тұрмыста маңызды деген істерге уақыт жетпей жатқанда жоспар жазуға қалай уақыт табамыз дейтіндер де табылар. Әрине, бос уақыт міндетті түрде болады. Бірақ оны жұмысқа айналдырудың қажеті жоқ. Бірінші кезекте күніңізді жоспарлап үйренген дұрыс. Себебі күн сайын қайталанатын жұмыстан мезі боламыз ғой. Ал мұның алдын алу үшін өміріңді жақсартуға бағытталған бір әдетке күнделікті аз уақытыңызды арнап көріңіз. Мәселен денсаулығыңызды жақсарту үшін таңертең 1 стакан жылы су ішсеңіз жеткілікті. Үзбей жасайтын болсаңыз миыңыз бұл әдетті сізге ұмыттырмайды. Осы секілді кез келген әдетті өміріңізге енгізіп, өзгерте аласыз.
Жазу – жаңа затты үйренудің ең оңай жолы. Керек ақпаратты көшіріп жазу – оны есте сақтаудың бірден-бір әдісі. Қолмен жазу процесі сол ақпаратты сүзгіден өткізіп, оны маңызды деп санап, ұзаққа есте сақтайды. Ал енді жылды жоспарлауға келсек. Көбісі жоспар құруда бірнеше бағытты қамтыған дұрыс деп есептейді. Сол себепті жоспар құрмас бұрын өмірімізге қажетті бағытты айқындап алу маңызды. Мәселен денсаулық, білім, жеке даму, қаржы, қарымқатынас секілді сан салаға бөліп жазсақ болады. Себебі кей адамдардың бар назары материалдық қажеттілікке бұрылып кетуі мүмкін. Ал тән саулығы қалып қоюы ықтимал. Бағытымызды айқындап алған соң әр сала бойынша айына бір мақсатты бөліп жазғанымыз дұрыс. Қаңтар айына денсаулық саласы бойынша анализдер тапсыру, білім бойынша бір кітап оқу, жеке дамуда таңда ерте тұруға әдеттену, қаржы бойынша депозит ашу секілді жалғаса береді.
Жазу – ми жаттығуы. Осы жаттығу арқылы миыңыз қартаюдан сақтана алады. Жазу барысы ойды үшкірлеп, еске де жақсы әсер етеді. Сондай-ақ қолмен жазу арқылы жаңа тілді үйренген оңайырақ екені дәлелденген. Ал арман-мақсаттарыңыз қағаз бетінде жазулы тұрса, оған жетуге деген талпынысыңыз да арта түседі. Жазу кезінде мидың жұмыс істеу қызметі жақсарады. Онда мидың ойлану, тіл және жұмыс жады секілді түрлі аймағы оянады. Жиі-жиі қолмен жазсаңыз, уақыт өткен сайын миыңыз шыныға түседі. Жаман ой мақсатсыз адамды жақсы көреді. Ал мақсаты жоқ адам ескексіз қайық іспетті. Саналы адамның нақты мақсаты, соған сай жоспары болуы керек. Жоспар – сіздің жол картаңыз. Қайда бара жатқаныңызды анық көрсететін құралыңыз. Сол үшін жоспар жазып жүрген жақсы. Жаңа жылдың басталғанына да бір апта уақыт өтіп кетті. Ал сіз осы жылыңызды жоспарлай алдыңыз ба?
Ақнұр САҒЫНТАЙ