» » Жоспар жазу – жетістікке қадам

Жоспар жазу – жетістікке қадам


  Әрбіріміздің ойымызда түрлі тапсырма мен жоспар көп. Жұмыста да, отбасылық өмірде де нәтижелі болғымыз келеді, бірақ біз қалағандай барлық істі жасауға уақыт жетіспейді. Себебі тәулік небәрі 24 сағатты ғана құрайды. Осындайда көп нәрсеге үлгермей, кейбір жағдайда кешігіп, уақытымызды тиімді пайдалана алмай қалып жатамыз. Жас қосқан сайын таң атса, кеш батып, ай басталса, дереу соңы таяп қалып, уақыттың өзі де көзді ашып-жұмғанша білінбей өтіп жатыр. Мұндайда не істеуіміз қажет? Оның жауабы – әрине жоспарлау.
Ғылымда уақытты үнемдеп, тиімді пайдалануды «тайм-менеджмент» деп атайды. Тайм менеджмент – бұл уақытты басқару тәсілдері мен әдістерін зерттейтін менеджмент саласы. Осы ғылым иелерінің айтуынша уақытты қадағалудың ең қолайлы жолы, күнделікті жиырма төрт сағатта істелінетін істерді бөліп, қағаз бетіне жазып қою. Әрі күнделікті таңертең бір күндік жоспарын қарап өтіп, күндіз сол жоспар бойынша амал етіп, ал кешке істелген істердің дұрыс-бұрысын саралап, өзіне есеп беру. Абай атамыз он бесінші қара сөзінде «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деп әр адамның өзіне есеп беруі жөнінде ой айтады.
Уақытты жоспарлы түрде өткізу жетістікке жеткісі келген әрбір адамның әдеті болуы тиіс. Өйткені адам өзінің мақсатын біліп, әрі оған жету үшін әр сәтте не істейтінін білер болса, ол өмірін жоспарсыз өткізетін адаммен салыстырғанда көптеген оң нәтижелерге қол жеткізеді. Әрі бұл адамды уақытты бос өткізбеуден, көп ұйқыға салынудан тағы басқа пайдасыз істерден шектейды. Уақытты жоспарлап, оны қағазға түсіруде мынандай мәселелерге көңіл бөлген жөн.
   Ең бірінші, бір күнгі атқаратын істерді алдын-ала жақсылап ойлап, ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізіп барып, қағаз бетіне түсіру қажет.  Екінші, алдымен маңызды істерді алдыңғы жоспарға қойып, ал маңыздылығы төмендеуін келесі күні де істеуге болатын, немесе кез келген бос уақытта атқаруға болатын істерді одан кейін жазғаныңыз жөн. Үшінші бір ескерерлік нәрсе, атқарылатын істер тізіміне барлық жұмысты ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай жазу қажет. Өйткені сол ұсақ деген істерімізге кейде уақыттың басым бөлігі кетіп қалып жатады.
   Сондай-ақ құрған жоспарды 100 пайыз толық атқару көп жағдайда мүмкін болмайды. Мұны міндетті түрде ескерген жөн. Әрі барлық өмірін қағаз бетіне түсірген адам кейде өзін бейне бір жоспардың құлы ретінде сезініп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да, істерді жоспарлауда ең дұрысы 70/30 қағидасына сүйенген жөн. Өйткені, күнделікті өмірде адам жоспарламаған сәттер мен жұмыстар кездесіп жатады. Сол үшінде де әрбір жоспар құрарда бос уақытқа да көңіл бөлген жөн. Әр күні кешке келесі күннің жоспарын жазу қажет. Ал өткен күнгі атқарылған істердің үстінен атқарылғандығын білдіретін белгі, не үстінен сызып тастаңыз. Құрылған жоспардың қанша пайызы атқарылғандығына назар салып, өзіңізге өзіңіз есеп беріңіз. Сонымен қатарәр жазылған істің ішіне демалыс уақытын белгілеңіз. Бұл демалыс уақытында құр отыру емес. Демалыстың өзін сапалы өткізу.  Мәселен, 50 минут жұмыста 10 минут демалыс енгізу қажет. Бұл бос уақытты спорттық жаттығу, қоңырау шалу, керекті адамдармен сөйлесу, отырған жерді жинау, көздеріңіз талса  жаттығу жасау секілді пайдалы етіп өткізуге тырысу қажет.
   Ең маңыздысыөзіңіздің күш-жігеріңізден артық жоспар құрмаңыз. Кейде адам жоспарды тым ауыр етіп құруы себепті көбіне құрылған жоспар іске аспай қалып жатады. Жоспар нақты іске асыруға шамаңыз келетін істерден тұры қажет. Кейде адам кесте құрып, алайда кейбір шұғыл шыққан істерге байланысты кестеден кешігіп қалуы да мүмкін. Кейде кеш тұрып, кеш жатуға тура келетін кездер де болып жатады. Алайда қандай жағдай болмасын шамасы келген жерінен кестені жалғастыра бергені жөн. Демалыс күніне де арнайы жоспар құру, сол күннің текке кетпей пайдалы істермен өтуіне себеп болады.
Жалпы жоспарды күндік, апталық, айлық, жылдық деп бөліп  топтастыруға болады. Күніңіздің босқа өткенін қаламасаңыз бір күндік жоспарыңыз болсын. Таңертең ұйқыңыздан ерте оянып, тамақтанып алған соң бірінші атқаруға тиіс дүниеңізге кірісіңіз. Одан кейін бірте-бірте келесілерге өте бересіз. Апталық жоспарыңыз ауқымды болмаса да оның іске асуын жіті қадағалаңыз. Бірден үлкен іс тындырамын демеңіз, үлкен істер кішкентайдан басталатынын естен шығаруға болмайды. Апталық жоспарыңыздың қаншалықты іске асқаны күндік жоспарыңызды қалай орындағаныңызға байланысты. Ал айлық жоспар дегеніңіз сіз үшін көлемді болуы шарт емес. Маңыздысы ынтаңызды жоғалтып алмау. Күнделікті жоспармен жүруден шаршадым деп бастаған ісіңізді тастамаңыз. Күндік, апталық жоспарыңыздың орындалғаны айдың соңына жеткенде көрінеді.
 Адамның жоқ дегенде 5 жылдық жоспары болуы тиіс. Сол бағытта әрекет ету қажет. Жоспарсыз алға жылжу мүмкін емес. Мұны қатып қалған қағида деп қабылдамаңыз. Себебі сіз мұнан көп нәрсе ұтасыз. Біріншіден – күніңіз босқа өтпейді, екіншіден – тиянақтылыққа тәрбиеленесіз, үшіншіден – белгілі бір межеге жетесіз. Мұндай жоспарды жазуға дәптер, кез келген парақша, блокнот сияқты заттарды пайдалануға болады. Тіпті компьютер мен ұялы телефондарда осыған арналған арнайы бағдарламалар да бар. Тек ниетіңіз және ерінбесеңіз болғаны. Ал сіз жоспар жазасыз ба?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
04 қаңтар 2024 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031