Жазудың пайдасы
Қазір көп адам жазуға ерінеді. Ал бірақ миына артық салмақ алып жүруге үйреніп қалған. «Миым ашып кетті» деп шағымданатыны да сол себепті. Иә, көп дүниені миға сақтап, оған ауыр жүк артамыз. Мұндайда мидағы салмақты жеңілдетудің жолы – жазу. Қарапайым дүкенге барар алдында бір параққа қажетті заттардың тізімін жазып жатамыз. Сол бойынша артық уақыт алмай, алуы тиіс дүниеге қарай бағыт аламыз.
Жазу – жаңа затты үйренудің ең оңай жолы. Керек ақпаратты көшіріп жазу – оны есте сақтаудың бірден-бір әдісі. Қолмен жазу процесі сол ақпаратты сүзгіден өткізіп, оны маңызды деп санап, ұзаққа есте сақтайды.
Жазу ойды тұжырымдайды. Көптеген әйгілі жазушы туындыларын компьютермен емес, қолмен жазғанды ұнатады. Ең болмаса алғашқы идея мен сюжетті қағаз бетіне қолмен түсіру арқылы ойды тиянақтай алады. Жазу барысында керекті ойлар тезірек келіп, жеңілірек баяндалады. Сондай-ақ ойдың жылдамдығы мен жазу жылдамдығы бірдей болады, ал компьютерге терілген сәтте ой шатаса бастайды.
Жазу барысында артық алаңдамайсыз. Қолмен жазу мен компьютерді салыстыратын болсақ, қолмен жазу басқа ой мен сыртқы дүниелерге алаңдауға жол бермейді. Ал компьютермен жазсаңыз, интернетке, видеоларға көңіл аударып, ойыңызды толықтай жаза алмай қалуыңыз мүмкін.
Жазу – ми жаттығуы. Осы жаттығу арқылы миыңыз қартаюдан сақтана алады. Жазу барысы ойды үшкірлеп, еске де жақсы әсер етеді. Сондай-ақ қолмен жазу арқылы жаңа тілді үйренген оңайырақ екені дәлелденген.
Өз ойын, уайымын қағазға түсіру адамды біраз жеңілдетіп тастайды. Көптеген психологтың әлдекімге ренжісеңіз, әлденеге көңіліңіз толмаса, барлығын қағазға жазып, кейін жыртып тастаңыз не өртеп жіберіңіз деп кеңес беруі тегін емес. Шынында мазалаған барлық ой сонымен бірге кетіп қалғандай әсер қалдырады. Ал арман-мақсаттарыңыз қағаз бетінде жазулы тұрса, оған жетуге деген талпынысыңыз да арта түседі.
Жазу кезінди мидың жұмыс істеу қызметі жақсарады. Жазу кезінде мидың ойлану, тіл және жұмыс жады секілді түрлі аймағы оянады. Жиі-жиі қолмен жазсаңыз, уақыт өткен сайын миыңыз шыныға түседі. Психологтар жазу машығы мен когнитивтік қабілеттің тығыз байланысты екенін әлдеқашан дәлелдеген.
Өз ойымызды түсіне отырып, біз оны өзгерте аламыз. Күн сайын таңертең ұйқыдан оянған шақта ми идеяға толып тұрады. Бүгін не істеймін, кеше не істедім деген сұрақтар мазалайтыны анық. Ойымызды сыртқа шығарып тастаудың пайдасы зор. Сол үшін күнделік жүргізу керек-ақ. Жеке күнделік болғандықтан, ол беттерде өзіміздің бір бөлшегіміз бар десек те болады. Сондықтан оны әркім өз еркінше пайдаланады. Біреулер күнделікті ішіндегі сырын айтуға болатын адал досындай көреді. Ал енді біреулер үшін өмірлік естеліктерін жазатын дәптер болса, енді бірі оны өткен өмірге көз жүгіртіп, қорытынды шығаруға мүмкіндік беретін құрал ретінде біледі.
Тұрмыста маңызды деген істерге уақыт жетпей жатқанда күнделік жазуға қалай уақыт табамыз? дейтіндер де табылар. Әрине, бос уақыт міндетті түрде болады. Бірақ оны жұмысқа айналдырудың қажеті жоқ. Дұрысы – қай кезде жазғыңыз келсе, сол кезде жазамын деген ой қалыптасуы қажет. Жазу арқылы өзіңізді, өміріңізді өзгерте алатыныңызға сенсеңіз болғаны.
Ақнұр САҒЫНТАЙ