СЕРГЕЛДЕҢСІЗ ӨМІРГЕ СЕП
Елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс жылдан-жылға өршіп барады. Сандарды сөйлетсек, жыл сайын орта есеппен 100 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеледі екен. Оның көпшілігі – ұрып-соғу, ұрлық, өз-өзіне қол салу сияқты фактілері. Түбіріне үңілсек, қоғамдағы қауіпті кесел – ойынқұмарлық, әлімжеттік пен вандализмнің көбеюі де жастар арасындағы тәрбиелік жұмыстардың босаңсып кеткенінің көрінісі секілді. Бұл келеңсіз көріністердің көбеюінің түп тамыры тереңде жатыр. Тақырып жөнінде тереңірек саралап көрсек.
Құндылықсыз қоғамға айналдық па?
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге арнайы тоқталды. Соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, отбасындағы зорлықзомбылық секілді қатыгез көріністердің жиілеп кетуі әрбір саналы азаматты ойландырып жүргені рас. Өйткені, бұл – бүгінгі күннің күйіп тұрған басты проблемасы. Әсіресе, адам бойындағы аяушылық, адамгершілік қасиеттердің азайып бара жатқаны алаңдатады.
Президент Ұлттық Құрылтайда елде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп екенін, оларға аға буын жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керектігін айтып, өскелең ұрпақты кітап оқуға баулудың маңызына тектен-тек тоқталған жоқ. Мұның астарында ұрпақ бойына сапалы білім мен саналы тәрбиені сіңіруді көздейтін салиқалы ой жатыр.
Шындығында, қазір ортада, әр отбасында ұлттық тәрбие, ата-баба құндылығы мен мұрасы деген ұғымдардың ұмытыла бастағанын жасыра алмаймыз. Қоғамда келеңсіздіктің көбеюіне бас ты себептің бірі – осы. Нарықтық экономикада адамдар уақытын отбасынан гөрі табыс табуға жұмсап, ал отбасы мен бала тәрбиесі біз қаламасақ та екінші кезекке ысырылып қалды. Неге? Себебі ата-ана күйбең тіршіліктің соңында таңнан кешке дейін жұмыста. Олардың бала санасына құндылық құйып отыратын уақыты жоқ. Балабақша мен мектептің тәрбиесіне сеніп, бар жауапкершілікті соларға толықтай ысыра салатын ата-аналар да арамызда бар. Ең өкініштісі – біз бала тәрбиесіне жауапты екенімізді ұмытып, қарнын тойдыруды ғана міндет санайтымыз.
Тәрбие бастауы – талбесік
Ата тәлімін, әже өнегесін сіңіріп, ананың аялы алақанының жылуын сезініп, әкенің ақылын алып, ізет пен мейірімді бойына жинап өскен баланың қатыгездікке бармасы анық. Өйткені, отбасы – бала тәрбиесінің қайнар бұлағы іспетті. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді. Кейде жақсылығы мен жамандығына қарай «тегіне тартқан» деп те жатады.
Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, шөбере сүйіп отырған ақжаулықты Сәуле Орынханова әжей де мұны жоққа шығармайды.
– Ақылды әйел ұрпағы үлгі тұтсын деп ерін алға шығарып, құрметтеген. Оны көрген баланың да әкеге деген сыйы артқан. Әкені биік тұлға көріп, сөзін екі етпеуге тырысқан. Әйел «балам, алдымен әкең жесін», «әкеңнен сұра», «әкеңнің бас киімін жерге тастама» деп отағасының абыройын көтерген. Ондай тәрбиені алған бала да әкесінің қабағына қарап, жат қылық жасамайды. Ер жеткен соң да әкенің абыройын бірінші кезекке қойып, арнамысына нұқсан келтірмеуге тырысады, – дейді көпті көрген әжей.
Расында, бұрын қазақ қоғамында тәрбие алған баланың әкеге деген құрметі ерекше болатынын айтқан кейуана жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанымен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретінін жеткізді. Сондықтан, әкенің өз ісімен де баласына үлгі болуы керектігін айтты. Елімізде ер мен әйел, жалпы Қазақстан азаматтары тең құқылы. Дегенмен, бұл ұғым қоғамға сіңгелі бері «тең құқылымыз» деген әйелдер саны көбейіп, отағасының беделі төмендеп, әйел затының абыройы арта түскені туралы көп айтылып жүр. Ал ұлттық тәрбиеде әке аты әрдайым бірінші тұрады. Сондықтан, әкенің отбасыдағы рөлінің төмендеуі – қасірет. Ал қазақ шаңырағындағы жақсы әкенің табиғатында біреуге қиянат жасау, біреудің ала жібін аттау, жазықсыз қол көтеру деген ұғым болмаған.
Қоғам мен орта
Әлбетте, бала тәрбиесіне алдымен ата-анасы жауапты. Алайда бала білім алған ортаның, яғни мектепте тәлім беретін ұстаздың да рөлі зор. Білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандарға педагогикалық-психологиялық көмек көрсетудің жоспары жасақталып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен, ұстаздарды да жүйелі түрдегі зорлық-зомбылық, айдап салу мен буллинг мәселесі алаңдатады.
Мектепте учаскелік инспекторымен бірігіп түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, осы зорлықзомбылық, әлімжеттіктің алдын алуға қам қылады. Алайда бұл іс-шаралардың нәтижесі әзірге көңіл көншітерліктей емес немесе бұл іс-шаралар бала санасын ояту үшін әлі де жеткіліксіз.
Қазір бұл мәселеге қатысты «буллинг» сөзін жиі қолданатын болдық. Ал бұрын аталған сөзді естімеген де едік. Ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Буллинг – агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы, үстем екенін көрсетуі. Ата-бабамыз мұны әлімжеттік деп ұғынған. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды. Әрі бұл әрекетін жиі қайталауы да мүмкін.
Десек те, қазіргі бала тәрбиесіндегі басты фактордың бірі – әлеуметтік желі. Үлкен де, кіші де көзін тырнап ашып телефонға телміріп, жанына бар қажеттіні содан алатын болды. Бәлкім жөн шығар, бірақ бұқараның басым көпшілігінің ондағы ақпараттың бәрін шындық деп санайтыны дұрыс емес. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желінің бала психологиясына әсер ететін пайдалы жағы да бар. Бірақ зиянды жағы көбірек. Пайдалы жағы – балаға ақпаратты дер кезінде алуға, яғни баланы ізденімпаздыққа үйретсе, зиянды жағы – баланың өз уақытын тиімсіз пайдалану дағдысын төмендетеді. Бұл жағдайда әуелі ата-ана баланың әлеуметтік желіде отыру уақытын шектей білуі керек. Ал, олай жасамаса бала ата-анасынан гөрі қолындағы телефонның «ақылына» жүгінеді. Ішіндегі зиянды-зиянсыздың барлығын бойына сіңіріп алады. Себебі бала ондағы ақпаратты толық саралай алмайды.
Бала тәрбиесі бейқамдықты көтермейді
Психологтар да әлі өсіпжетілмеген балдырғанның бойынан теріс қылықтарды байқап, дабыл қағып жүр. Әсіресе олардың қатыгездікке, қылмыстық әрекетке баруына бейжай қарауға болмайтынын айтады.
– Жасөспірімдердің қылмысқа баруы – жантүршігерлік жағдай. Осындайда «Ата-анадан өсіп талай ұрпақ тараған, олардың жақсы-жаман болуы – солардан» деген Жүсіп Баласағұнның сөзі ойға оралады. Бұл мәселеде кінәні алыстан емес, ата-анадан іздеу керек. Баланың бұзылуының басты себебі ата-ана тәрбиесінде жатыр. Үйде ата-анасының немесе ересек адамдардың ісін қайталағанды бала қызық санайды. Мұны халқымыз «көз көргенін, көсеу түрткенін істейді» дейді. Сондықтан ата-ананың қоғам ал дындағы жауапкершілігін бала тәрбиесі, білімі, мәдениеті, ден саулығы, жалпы олардың дамуы жөнінде міндетін толық сезінетіндей дәрежеге жеткізу керек. Ал өз міндетін түсінбейтін ата-аналарды тәрбиелейтін біз емес, еліміздің заңдары, – дейді психолог Арай Каналбекова.
Жалпы психолог мамандар отбасында әкесі мен ұлы, анасы мен қызы көбірек сөйлесіп, бір-біріне көңіл бөліп, сырласуы керектігін айтып, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды екенін қаперге алуды айтады. Оның пікірінше, ата-аналар балаға телефон, интернет қолдану мәдениетін қалыптастыруы тиіс. Ересектердің бақылауынсыз жүр ген бала телефондағы қолжетімді ақпараттардың кесірінен небір зұлымдыққа, қатыгездікке толы әдепсіз көріністерді көріп, соны санасына түйіп жүр. Бұл санасы жетіліп, бұғанасы бекімеген баланың психологиясына кері әсерін тигізеді.
Жалпы, мұндай қауіп-қатердің алдын алып, бала тәрбиесінде бейқам болғыңыз келмесе, ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына дарытқан абзал. Өйткені, ұлт тәрбиесінде адамгершілік, мейірімділік, бауырмалдық қасиеттерді дарытатын құндылықтар мол.
Салтың – санаң, ғұрпың – ғұмырың
Ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, қазақ халқында жаңа өмірдің, жарық дүниенің есігін ашқан нәрестенің өзіне сыйқұрмет көрсетіліп, дәріптейтін лайықты салт-дәстүрлері бар. Әлемдік жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға әрекет етуде. Олай болса, салт-дәстүр – өсіп келе жатқан баланың ойсанасын қалыптастыруға, өзінің ұлт өкілі ретінде өсіп, үлгі-өнеге алуына әсерін тигізеді.
Отбасындағы тәрбие, үлкен дердің әрбір сөзі, ісі, мерекелік рә сімдер, салт-дәстүрге байланыс ты ұйымдастырылған жиындар – баланың қоғамдағы өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына әсер ететін алғышарт деуге болады. Салт-дәстүрдің үлгісін отбасында өнеге ретінде көрсете білген ата-ана баланың отбасына, ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға алғашқы қадам жасайды. Адам еш уақытта өзімен өзі адам болмайды, адам болуды шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап үйренеді. Ал адамды адам ететін – жұмыр жерді мекен еткен сан толқын ұрпақтардың ақылойы мен тірнектеп жинаған тәрбиесі. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден-балаға ауысатын тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-практикалық дәстүр сабақтастығы болмаса, адамзатта прогресс те болмақ емес. Сол тарихи-мәдени тәрбиені танып білу арқылы адам баласы өзінің парасат-болмысын шыңдайды.
Қазақ халқы қандай да болсын қуанышын жеке отбасы болып қана емес, көрші-қолаңын, туған-туысын, ел-жұртын жинап атап өтетін дарқан халық. Мәселен, сәби өмір есігін ашты делік. Ең бірінші той-думанның, қуанышты хабардың жаршысы ретінде «Сүйінші» сұралады. Сүйіншіні жеткізуші адамның көңіл-күйі көтеріңкі, ерекше қуанышты жағдайда болады. Ол – бір отбасын қуантып, жақсы хабар әкелетін дәнекер. Оның қалағанын, сұрағанын беруге той иесі міндетті. Сүйінші дәстүрін «шілдехана» жалғастырады. Дас тарқан жайылып, жастар ән салып, домбыра тартып, ұлттық ойындар ойналады. Жаңа туған нәрестеге азан шақырылып ат қойылып жөн-жоралғысы жасалады. Бір ескертетін жайт, салт-дәстүрлерді үлгі-өнеге етудің басы-қасында балалар да болған. Себебі – бала отбасының тірегі, елінің ертеңі, шаңырақ иесі. Ат қойылған соң, сәбиді бесікке бөлейді. «Бесікке салу» рәсімінде әжелердің бесік жыры тыңдалады. Халқымызда бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы. Мұны «Туған жер – алтын бесік» деген сөз дәлелдей түседі.
Осылай ретімен, сәнімен келетін салт-дәстүрлердің өзіндік ерекшелігін, рухани құндылығын көріп, тыңдап отырған балаға қайталанбастай әсер қалдырады. Өсіп келе жатқан ұрпақ салт-сананы көру арқылы ата-бабасының қалдырып кеткен бай мұрасын бойына сіңіреді, қоғамның жеке тұлғасы, отбасының бір мүшесі ретінде өз жауапкершілігін сезінеді.
Түйін Бірде-бір адам зұлым немесе қатыгез болып тумайды. Қатыгез баланың пайда болуы – ұрпақ тәрбиесінде жіберіп алған ата-ана қателігінің кесірі. Жауапкершіліктің бір ұшы балабақшадан бастап барлық деңгейдегі білім беру мекемелері мен жасөспірім тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда жатыр. Қанша жалтарсақ та шындығы сол. Егер оған қазір жеткілікті деңгейде мән беріп, қолға алмасақ, ақырын ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені, бала тәрбиесі бейжай қарайтын дүние емес. Ал ұрпақ тәрбиесі – тұтас ұлттың болашағы. Құндылықтарға да құрметпен қарайтын кез келген секілді. Себебі сана саулығы үшін ұлттық құндылық керек-ақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ