» » Көз ауруы көбейіп барады

Көз ауруы көбейіп барады

Жақында ауылға барғанбыз. Апа-жездем үйінде Құран оқытқан еді. Дастарқан басына жиналған үлкендер тамақ келемін дегенше азды-көпті әңгімені бастап кетті. Біраздан бері көріспеген ағайынның күбір-күбіріне құлақ түрмеске болмады. Жас келген сайын адам денсаулықтың қадірін түсіне бастайтыны белгілі ғой. Әңгіменің ауаны да сол ауру жайы ғой кәнігі. Бірақ жанға батқан дерттің көбі бұл жастағылардың біразын жайпап кеткендей. Көздеріне таққан көзілдірігінің астарына көпке мәлім «катаракта» дейтұғын диагноз жатыр екен. Дәрігерге көрініп осы ауру айтылған соң бірбірінен қайда көріндіңіз? Не ем қолдандыңыз деп білгісі келіп барады.
Рас, қазір көз ауруы жиілеген. Жасы да, жасамысы да осы дертпен күресіп әлек. Заманымызға сай адамдардың көпшілігінің жұмысы компьютермен байланысты. Жұмыстан үйге келгенде тағы да теледидар алдында «демаламыз». Көзіміз күні бойы тынықпайды. Тіпті ең заманауи деген экранның өзі біздің көзімізге зиян екендігі белгілі. Сондықтан көздің көру қабілетін сақтау жалпы адамзатқа ортақ мәселе болып отыр. Көз жанарын қаншалықты күтеміз, күте аламыз ба? Көз ауруларының алдын алу үшін қалай күтіну керек? Саралап көрсек.
Дәрігерлер дабыл қағады
Кейінгі жылдары көз аурулары бар науқастардың саны расында көбейіп кетті. Сонымен қатар көз аурулары да жасарып барады. 40-45 жаста-ақ катаракта немесе глаукомасы бар науқастар саны аз емес. Миопия да жасарды. Бұрын ең ертесі 5-6 жаста басталатын миопия, қазір, өкінішке қарай, баланың 3 жасында-ақ анықталатын мысалдар көп. Бұның бірінші себебі – көру жүктемесінің жалпы күшеюі. Мұнан өзге қоршаған ортаның ластануы тағы бар.
Иә, бұл ауру жылдан-жылға көбейіп барады. 2050 жылға қарай әлем жұртының жартысы алыстан көру қабілетін жоғалтады, ал бір млрдқа жуық адам соқыр болып қалуы мүмкін. Бұл – мамандардың болжамы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сүйенсек, көз ауруларының 80 пайызының алдын алуға және емдеп жазуға болады. Бірақ біз алдын алу жайлы мүлде ойлай бермейміз.
Смартфон сан ауруға себеп
Қазір біздің өмірімізге смартфондар енді. Қай жерде жүрсеңіз де, балалардың қолында смартфондар жүргенін байқайсыз. Оның ересек адамға тигізер зияны көп, балаларға да солай. Мамандардың есебінше, еліміздегі оқушылардың 80 пайызында көру қабілеті төмен. Себеп – көзге түсетін салмақ өте көп. Экранға ұзақ қарау нерв талшықтары мен көз бұлшықеттерінің жұмысын бұзады.
Жалпы, смартфон «парақтау» уақытын шектемесе, 100 пайыздық көру қабілетінің өзі күрт нашарлай бастайды. Иә, цифрлық заманда ақпарат, мағлұмат, білім смартфон мен ноутбуктің «ішінде».
Бірақ мамандар смартфонға шұқшиып отыра берсек, көзілдіріктің өзіне зар болып қалуымыз мүмкін екенін айтады. Соқырлықты меңзеп тұр.
Иә, әлемде көзі өткір балалардың саны кеміп барады. Өзекті мәселені көтерген ғылыми мақала Британияның «Офтальмология» журналында жарияланды. Ғалымдар 1990 жылдан бергі мәліметтерді зерттеп, салыстырған. Осыдан 34 жыл бұрын дүние жүзіндегі жеткіншектердің 24 пайызының көзі нашар көрген екен. Былтыр бұл көрсеткіш тағы 11 пайызға өсті. Ал 2050 жылға қарай миопияға шалдыққан жасөспірімдер 40 пайызды құрауы мүмкін. Бұл шамамен 250 млн бала.
Зерттеудегі тағы бір ерекше назар аударатын жайт, ұлдарға қарағанда қыздардың көзі нашар көреді екен. Көзі қашықтан көрмейтін кестетігерлер қатары қамшыұстарлардан 3 пайызға көп. Яғни әлемдегі қыздардың 33, ал ұлдардың 30 пайызы алысты көрер кезде көзін сығырайтуға мәжбүр. Нашар көру көрсеткіші: Қыздар – 33,57% Ұлдар – 30,49%.
Ауыл балаларында аз кездеседі
Осындайда ауылдың артықшылығы көрінеді. Зерттеу қаладағы жеткіншектерге қарағанда ауыл баласының көзі жақсы көреді деп бағалады. Мамандар бұған даладағы тірліктің көптігі мен телефонға тәуелділіктің аздығы басты себеп дейді. Көзі нашар көретін балалардың үлесі АҚШ, Британия мен Ирландияда 15%. Ал олар Парагвай мен Угандада тіпті 1%-ды құрайды екен.
Сонымен қатар балалардың көзі жақсы көру үшін далада кемінде 2 сағат жүру қажет дейді мамандар. Олардың пікірінше баланың көзі бастауыш сыныпта нашарлай бастайды. Бұған негізгі 2 фактор бар. Біріншісі, жас өрен үйкүшікке айналған. Көшеге көп шықпайды, таза ауа жұтпайды, күннің көзін көрмейді. Үйде омалып отыра береді. Екінші теріс фактор – телефон. Экранға телмірген баланың көзі өткірлігін жоғалтып, алысқа қарау қабілетінен айырылады. Сол себепті балалар үшін далада жүрудің пайдасы ұшан-теңіз. Олар күніне кемінде 2 сағат сыртта жүрсе, өте дұрыс болады. Өйткені далада көзге күн сәулесі түседі, қимылқозғалыс болады және алыстағы заттарға көбірек қарайды. Бұдан бөлек, ата-аналарға балаларын 7 мен 10 жас аралығында дәрігерге апарып, көзін тексертіп тұрғаны жөн.
Әлем елдерінде қалай?
Көзі нашар көретін балалар саны бойынша Жапония көш бастап тұр Алыстан көре алмаудан алты құрлық арасында Азия алда тұр. «Кіші құрлықтағы» кішкентайлардың 35 пайызының көзі дұрыс көрмейді. Оның ішінде, жапон балаларының 85 пайызы көзілдіріктің немесе линзаның көмегіне мұқтаж. Екінші орында – Оңтүстік Корея. Күнгейдегі кәрей балалардың 73% қашықтан көруі қиын. Қос көршіміз Ресей мен Қытайда да бұл мәселе ушығып тұр. Нашар көру көрсеткіші – 40%.
Қалай алдын аламыз?
Көз ауруларының алдын алу үшін офтальмологқа міндетті түрде қаралып тұру керек. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстауға тырысу керек. Көз ауруларын емдеу және асқынулардың алдын алу үшін соңғы он жылдықта көптеген медикаментозды және арнайы жаттығулар да пайдалы болатыны дәлелденді. Бірақ арнайы жаттығуларды офтальмолог сырқаттың түріне қарай тағайындауы қажет. Ең маңыздысы – офтальмологқа уақытылы барып, тексеруден өту. Тіпті көзі ауырған адамдар емес, көзі ауырмайтын адамдар да баруы керек. Мысалы, 40-тан асқан адамдар немесе тұқымында глаукомасы бар адамдар офтальмолог қабылдауында жиі болғаны дұрыс.
Сондай-ақ көзді жоғары-төмен, оңға-солға айналдыра қозғалту, терезеге қарап, алысқа көз жіберу, одан соң жақынға көз салу секілді көз жаттығуларын жасаған дұрыс.
Мұнан өзге көру қабілетін сақтауда тағам өнімдерінің де маңызы зор. А, В тобы, Е, С дәрумендеріне бай тағамдарды көбірек тұтынса, көзге пайдалы болмақ. А дәрумені сәбізде, көк бұршақта, пиязда, сүзбеде көп болса, В1 дәрумені жаңғақта, жүгеріде, бидайда, В2 дәрумені салат жапырақтарында, алмада, бидай дәнінде, В6 дәрумені орамжапырақта, жұмыртқаның сары уызында, балық секілді өнімдерде, В12 дәрумені жүзім, шабдалы, кивиде көп, сондай-ақ кептірілген өрік те пайдалы.
Түйін Көзі нашар көрсе де бейқамдықпен дәрігерге бармай жүрген адамдар қаншама?! Сондықтан бар-жоғы 8 грамм ғана салмақ тартатын көз жанарыңызға ерекше күтім мен көңіл бөлу керекақ. Көз ауруына «көз жұмып» қарамайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
15 қараша 2024 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031