» » Сіз ұйықтап жатқанда...

Сіз ұйықтап жатқанда...

Таңмен алыса жұмысқа барып, кеш бата ала дорбаңызды арқалап үйге қауыша жеттіңіз. Ендігісі ертеңгінің еншісінде. Күнделікті 8 сағаттық уақытылы жұмысқа үйренген соң ба, белгілі бір режим қалыптасқан. Ал мұндай уақыт талғамайтын кей мамандардың тынымсыз тірлігі түн бата қыза түседі. Иә, сіз ұйықтап жатқанда дертіне дауа іздеп шарқ ұрғандарға қалтқысыз қызмет көрсететін – жедел жәрдем қызметкерлері.

Ұлпан Спанова – 24 жаста. Аудандық жедел жәрдем бөлімшесінде фельдшер болып жұмыс істегеніне екі жарым жыл болыпты. Мектеп қабырғасынан қанат қағып түлеп ұшқан жас Түркістан көпсалалы жоғары медициналық колледжінде емдеу ісі факультетіне оқуға түседі. Жылдарды артқа қалдырған жас маман ауылға қарай қадам басады. Бүгінде ол «Дипломмен ауылға – 2020» бағдарламасының жемісін көріп отырған жанның бірі. Алайда еңбектің нанын тату үшін қажырлы қайрат пен маңдай тер қажет. Оның қызметі осыған дәлел.
Талайдың сағын сындырып, талайының жанына дерт, көңіліне қаяу түсірген жаман ауру тарағалы жедел жәрдемнің қызметі де екі есеге ұлғайды. Үздіксіз соғылған қоңыраулар, бірінен соң бірі түскен шақыртулар. Мұндайда бар күшін салып, аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарының жігері өзгеге үміт сыйлауда. Сонымен біз ұйқыда жатқанда тынымсыз еңбек ететін жанның бірі бізбен әңгімесін асығыс бастап кетті. Түсінеміз, жұмысы қауырт. Ол кезекпен таңғы сағат 8.00-ден бастап тәулік бойы жұмыс істейді. Соңғы кездері бір түннің ішінде 20-дан аса шақыртуға барады екен.
– «Жас келсе – іске» демей ме? Бізге қарап жатуға болмайды. Ауылдың гүлденуіне атсалысып, халыққа қызмет етуден жалықпауымыз керек. Қазіргі уақытта мүлдем босаңсуға болмайды. Бар күшімізді салып қызмет етудеміз. Әрине, қиын. Бұл қызметте емес, ауруы жанына батқан адамдарды бірінен соң бірін көру қиын. Көбінің бойында үрей тұрады. Оларды жігерлендіру үшін жылы сөз айтып, психологиялық қолдау да білдіріп жатамыз. Расымен бұл кезең ешкімге оңайға соғып жатқан жоқ. Тек бойымыздағы сенімімізді нығайтуымыз керек, – дейді Ұлпан бізге берген сұқбатында.
Ол өзі атқаратын қызметінен бөлек аудандық жастар саясатына, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. «Жасыңда жарқырамасаң бәрі бекер. Уақытыңды босқа өткізбей, жаныңа жақын ісіңмен айналысқанға не жетсін?» деп түйіндеді сөзін.
Әне-міне дегенше шақырту келіп түсті. Фельдшер қыз арнайы қорғаныш киімін киіп, дайын тұрған еді. Көп кідірмей науқастың жайын білуге асығып шықты. Иә, сіз ұйықтап жатқанда ол жедел жәрдем көлігіне мініп, түнгі кезегін бастап кетті...
Айнұр ӘЛИ
14 шілде 2020 ж. 1 522 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031