» » Қиялымдағы қала, Қармақшы

Қиялымдағы қала, Қармақшы












































































Ол кезде ауылдағы бар баланың арманы қалаға бару еді. Ұмытпасам тоқсаныншы жылдардың бел ортасы. Көшеде ойнап жүрген біздердің есілдертіміз кешкілік қаладан қайтқан автобустың алдынан шығып, біз қатарлы кім келді деп алдынан тосып алу. Қала деп отырғанымыз сол кезде әжемізден естіген Қармақшы. Ауылдағы жұрт солай деп атайды.
Кішкентай баламыз ғой. Үйде дастарқан басында әңгіме қозғалса үлкендер міндетті түрде қала жайлы айтып отырады. «Қаладағы пәленшенің жақыны қайтыпты, кіріп шығу керек». «Ертең қалаға барып, базардан керек жарақты алайық». «Қаладағы аурухана жақсы қарайды екен». Соның ішіндегі ең жақсы сөз «Қаладан үйге қонақтар келеді» дегені бізді кәдімгідей қуантып тастайтын. Қармақшыдан ағайындарымыз келсе көлігімен бала-шағасын ала келеді. Өйткені ауылдың ағарғанын аңсап, қауын-қарбызын тиеп кететін. Бізден бір-екі жас үлкен балалары ауылда бір аптаға қалуға әрекет жасап, әке-шешесінен рұқсат сұрайтын. Олардың осында қалғаны бізге қызық. Сондағы бар сұрайтынымыз қалада қандай қызық бар, үлкен базар бар ма? Бірден базарды сұрағанымыз түрлі ойыншық көп пе дегеніміз ғой. Содан сұрағымыз бойынша әңгімені бастайды. «Қалаға келсең бәрін көресің. Базардан қалаған ойыншығыңды аласың. Үлкен зәулім үйлер бар. Пойыз жүреді, мәшине көп...». Осылай аузыңнан суың аққанша қаланы керемет етіп түсіндіреді.
Үйдегі апам екеуіміз қит етсе қалаға бір барып қайтуды сылтау етіп шығардық. Әлгі көшеден автобусты күтіп, біз қатарлы таныстар барма деп алдынан шығатын себебіміз де қалада не қызық болып жатқанын білу еді. Әке-шешеміз қалаға қамданса менде барайынға салып жылап алатынбыз. Қойш әйтеуір әкемнің жаңа қызметке ауысуына байланысты 2000 жылы Қармақшыға көшетін болдық. Мына жаңалықты естігенде жүрегіміз жарылып кете жаздағаны бар. Сыныптағы балаларға мен енді қалалық боламын деп оқу жылының аяқталғанын асыға күткенім әлі есімде.
Содан уақыты келіп, көш басын ауданға беттеп жолға шықтық. Ауылым Ақтөбе артта қалып барады. Қимастығымда жіберер емес. Бұрын соңды ұзақ жолға шығып көрмеген маған Қармақшыны көз алдыма елестету мүлдем бөлек болды. Ең бірінші алыстан Сырдарияның үстінен өткен теміржол көпірі менмұндалады. Мен үшін алғашқы ерекше көрініс сол болды. Кентке кіре бастағаннан 3 қабатты үлкен аурухана ғимараты, ұзыннан түскен көшелер, сол көшеде зулаған небір көліктер, сапырылысқан халық, әр жерде ашылған дүкендер, басқа да зәулім үйлер расымен біз ойлаған бейнені сомдап жатыр. Бірақ ол кезде көшелерде түнгі жарық шамдары өте сирек орналасқан. Кент базарларының саудасы қызу жүрді. Ұмытпасам «Әмбебап», «Нажмадин», «Таңсықбай», «Бесаспап» базарларынан халық арылмайтын. Міне содан бері қанша жыл өтті.
Өткенді ойға алып көшеде келемін. Кент келбетінің бүгінгі көрінісіне қарап, іштей марқаямын. Жалпы өзім өзге аймаққа барғанда көп нәрсені бақылап жүремін. Халық үшін жасалған жағдайдың қаншалықты көп екеніне мән беремін. Соңғы үш-төрт жылда ауданымыздың айшығы да көріне бастағандай. Елге арнап жасалған дүниелер көбейіп келеді. Мұнда ең бірінші айтатын үлкен өзгеріс тазалық. Сырттан келген адамға осы көрініс тез байқалады. Қазір бұрынғыдай көшелерде бей берекет шашылып жатқан қоқысты кездестірмейсіз. Мұның бәрі шешімін тауып, жолға қойылған. Халық арасында да тазалық мәдениеті қалыптасып келеді. Негізі тазалық бар жерде адамның көңіл күйі көтеріңкі жүретіні рас қой. Осы көңілді күймен таза асфальт жолда алаңсыз жүру адамға шаттық сыйлайды. Бүгінде кент көшелерінің көбі жаңаланып, тас төселген. Тіпті қысқа қуыс көшелерге дейін асфальт төселіп, жарық шамдар қойылған. Адамның қауіпсіздігі де басты назарға алынып, жаяу жүргінші жолдар салынып кеңейтілгені кімді болсын қуантады. Бұрынғыдай аяғыңыз жаңбырлы күнде тобықтан батпақ кешіп бүлінбейді. Шаршағанда демалуға немесе кешкі уақытта жұбыңызбен серуендеп, түнгі Қармақшыны тамашалауға әсем орынтақтар көшелерге рет-ретімен қойылған. Сырдарияның жағасынан да жағалау салынып, тұрғындарға жайлы демалыс үшін жағдай жасалынған. Ал түнгі көріністі көру ол бөлек әңгіме.
Әнеугүні ауданның әлеуметтік парақшасынан түнгі Жосалыны жоғарыдан бейнетаспаға түсірген көрінісі тіптен ерекше әсер сыйлады. Құдды бір қала секілді. Бағаналарда түрлі түсте жанған жарық шамдар үйлесім тауып, кентке көрік беріп тұр. Жыл сайын бой көтерген зәулім ғимараттар, көшелерде қарқын алған құрылыстар көптен бері ауданға келмеген мейманды таңғалдырары сөзсіз. Кейде көлікпен ара-тұра мекен жайға адам тасығанда олардың таңғалыстарын байқап жатамыз. Өткенде бір кісі сырттан келген болу керек, маған кенттің арғы бетіндегі әдріске жеткізуді өтінді. Терезеге мойнын созып, айналаға көз тастаған мейманның таңданысында шек болмады. «Інім, аудан біраз өзгеріпті, байқап келемін. Бұрынғыдай бос жер жоқ, әдемі үйлер салып тастапты. Тіпті кей жерлерді тани алмай тұрмын. Көшелердің көбісі асфальтталыпты» дей бергені сол еді аэропорттың жанымен келіп мөлтек ықшам ауданына кіргенде қаз-қатар жаңадан салынған ипотекалық үйлерді көріп «Ойпырмай, мына тамдар қашан салынып үлгерген» деп одан сайын таңғалды. Сол кезде қызық болған жайт сол үйлердің арасынан ойындағы бұрынғы мекен жайды таба алмай біраз сенделгеніміз бар.
Қазекем «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп бекер айтпаған. Бүгінде ауданның табысы қазанынан тасымаса да жыл сайын кезеңімен дамып, келбетіне көрік қосылып жатқаны көпшілікке аян. Бұйырса әлі де қиялымдағы қалаға айналатынымыз сөзсіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ





09 қараша 2024 ж. 130 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031