» » Әжемнің «майсөгі»

Әжемнің «майсөгі»

qarmaqshy-tany.kz Бала күнімізде әр демалыс сайын ауылға баратынбыз. Өзіміз қатарлы туған-туыспен ауыл арасында жүретін "сары автобусқа" теліп алып, ата-әжемен сағына қауышатын едік. Улап-шулап жүретін сол бір шақ қызық болатын.
Арманға жетелейтін, қиялға қанат бітіретін алаңсыз күндерге толы балалық шағымның бір көрінісі – Шиелідегі "Байсын" ауылында өтті. Есейген соң онда барған әр сапарымда ерекше естеліктер ойыма оралып қайтамын. Бұл жолы да сол дәстүрден жаңылмадым.
Ауылға барған сайын үлкендер "немелерім келді" деп құрт-майын, ағарғанын, бақшаға еккен бар тәтті жемісін алдымызға тосатын әдеті бар емес пе?! Қазір дастарқанды қанша гүлдендіріп қойсаң да ата-әженің ұсынған қолы берекелі болатындай көрінеді.
Жаздағы ұзақ демалысты ауладағы түрлі ойындармен өткіземіз. Ал қыста үйдегі түкпір бөлмедегі пештің жанына жиылып ата-әженің әңгімесін тыңдаймыз. Кешкілік жатар уақытта әженің қолындағы немерелері оның жанына жатуға таласады. Екі жағына немересін теңдей қарап жатпаса айқай сонда басталады. "Маған қарап жатпадың" деп бұлданғанын біз де қызық көретінбіз. Себебі біз олардан бөлек тұратынбыз.
Ауылдағы ас-дәмнің ішінен нағашы әжемнің майсөгі ерекше ұнайтын. Бұл жақта сөкті шайға не сүтке қосып ішетіні болмаса майсөкті көбіне-көп дайындай бермейді. Ал ауылда әрбір жиын тойда, құдайыжолы аста міндетті түрде майсөк қойылады. Оны жасаудың да өзіндік жолы бар-ды. Сөкті қайнатып, бұқтырып кейіннен жайып содан кейін ғана майы мен қантын қосып әзірлейді.
Ол кезде баламыз. Әжем өз бабымен ас үйде сөкті бұқтырып дайындап жатады. Ал біз қаз-қатар тізіліп тағатсыздана күтіп отырамыз. Міне дайын болды дегенде "мен бірінші" деп таласа-тармаса майсөкті жеп соғып аламыз. Дәмін келістіріп, домалақтанған майсөкті ұсынып жатып "Мен қайтқанда көп жылаңдар" дейтін. Әженің бұл сөзін онша түсіне бермейтінбіз. Майсөкті жегенге мәзбіз ғой.
Әжемнің жарқын жүзі еміс-еміс қана есімде. Ол кезде мен 7-8 жастамын. Сол кезде қатты төсек тартып ауырып қалды. Нашарлап жатыр деген кезінде барлық балалары мен немересі қарашаңыраққа жиналып қоштасып жатты. Сонда нағашы әпкем "әже өлмеші" деп жанары жасқа толып жылайтын. Ал біз іштей тынып қала беретін едік. Міне, одан кейін жиырма жыл өтті. Бала күні қаумаласып жиналып жүретін нағашы-жиендердің көбі қазір қалада. Әрқайсысы шаңырақ көтеріп, жеке-жеке үй болды. Ал ауылдағы қара шаңырақта ата-әжеміздің ізін басып, нағашы інім қалды. Бұрынғыдай ауылға баруды да сиреттік.
Біз есейдік. Одан бері бірталай дастарқаннан түрлі майсөкті жеп көрдім. Бірақ әжемнің дайындайтын солбір мәйсөгінің дәмі әлі күнге дейін таңдайымда қалып қойды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
21 қазан 2022 ж. 440 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 386

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 465

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930