» » ОНЛАЙН НЕСИЕ – ОРТАЙҒАН НЕСІБЕ

ОНЛАЙН НЕСИЕ – ОРТАЙҒАН НЕСІБЕ

«Онлайн» деген сөз санамызға «оңай» сөзінің баламасы ретінде сыналап еніп келеді. Ал қарыздың оңайы болмайтыны да белгілі. Қазір онлайн несиенің айналасында дау өршіп тұр. Бірден айту керек, біз айтып отырған онлайн несиелердің кәдімгі банктерге еш қатысы жоқ. Олардың несие нарығы банктерден мүлде бөлек кеңістікте жұмыс істеуде. Қарыздың күліп келіп, жылап қайтатыны бар. Бірақ айлықтан айлыққа дейін өмір сүретін адамға қарыз алма деп айту өмір сүрме дегенмен бірдей. Онлайн несиеге жүгінушілердің дені осы топқа жататындар. Қоңыр қалта ағайынның «демеушісіне» айналған шағын несиелік ұйымдардың санына жету мүмкін емес қазір. Туғаның тауып бере алмайтын ақшаны лезде ұстата қоятын, ол үшін банктер сияқты бүкіл құжатыңды қопартпай, жеке куәлік пен банкомат картасын ғана сұрайтын мұндай ұйымдардың несі жаман? Аз ақша алып, еселеп қайтарып жүргендер көп пе? Әлеуметтің қызу талқысына түскен тақырыпқа тереңірек барып көрдік.
Қарыз ғұмыр
Несие туралы әріден бастасақ. Бүгінде көптің көңілін қалдырған, кейде көмектескен банк екі мыңыншы жылдың ортасынан басталған «несие бергіш» «патша көңілі» жұртты онсыз отыра алмайтын ғаріп қылды. Бұл күні қазақ несие алмаса, ішкені бойына жұқпайтын, есірткісіз тұра алмайтын нашақор секілді. Содан шығар, қарыз қолға тигенде, банк тап бір тегін бергендей кешетін ғажап күй бар. Одан соң несие төлерде, тапқаныңызды жеткізе алмайтын азап күй бар. Содан соң борышкер суға кетпес үшін тал қармауға көшеді. Ол «талы» да бір оңған тал емес. Екінші несие. Оны алып, мына қарызын жабады. Өзін алдайды. Бірақ, банкті емес. Береке бермейтін, жүйкені жүндей түтетін, қол-аяққа кісенді қостап салатын жылдарға жалғасатын қарыз-ғұмыр осылай басталады. Ол, жаба алмасаңыз, банк атаулының «қарызын өтемейтін оңбаған» деген қара тізіміне іліккенше жалғаса береді…
Қазір миллионның арасынан несие таңбасы басылмаған адам табу қиынға соғады. Әрине, төрт құбыласы түгел тұрса, несиеде несі бар дерсіз. Дегенмен, мақсатты несие мен малшашпақ несие екі бөлек. Ал жалпақ елдің жартысы сол малшашпаққа әуес. Оны қанша қызыл кеңірдек боп айтысып, жаға жыртысып, намыстансақ та, жоққа шығара алмаймыз. «Бір қызым бір қызымнан сорақы» дегендей, банктен қалған құр сүлдені енді ылдым-жылдым онлайн-несие теспей соруға кіріскелі біраз жыл.
Оңай несие оңдырмас
Ғаламторды жиі пайдаланатын жұрттың көз алдынан MoneyMan, «Тенго.кз», «Деньги клик», «Кредит24», «Турбомани», «Заем онлайн» сияқты ұйымдардың жарнамасы күніне сан мәрте өтетіні анық. Ұсынып отырған шарты қандай екен деп үңілсеңіз, адам шошырлық дәнеңе таппайсыз. 5000-250 000 теңге арасында жедел несие алыңыз деп қиылады. Несие мерзімі бір айдан аспайды.
Пайыздық мөлшерлемесі 0,33-2 пайыз арасында ғана. Банктердің 13-15 пайызына көзі үйреніп қалған халық үшін бұл тегін ақшадай көрінуі мүмкін. Алайда мұндағы пайыз әр күннен алынады.
Яғни, 50 мың теңге алсаңыз, оны 30 күннен соң 80 мың теңге етіп, 150 мың теңгені 240 мың етіп қайтарасыз. Аяқ асты ақшадан қысылған адамға несиенің бұл түрі тығырықтан шығуға таптырмайтын жол болуы мүмкін. Ал қарызды уәделі мерзімде төлеп үлгермесеңіз, кешіккен сайын мойындағы қыл арқан қыса түспек. Әр күнге екі пайыз өсім жалғанатынын ескерсек, бір жылдың 365 күнінде қарыз сомасы 730 пайызға дейін өсіп шыға келеді. Қарапайымдап айтсақ, алған 200 мың теңгеңіз бір жылдың ішінде 1 млн 460 мың теңге болып көбейеді. Қазір ісі сотқа жетіп, шу шығарып жүргендер осылайша от басқан жандар.
Айта кетейік, Қазақстанда ең алғашқы онлайн-несие 2014 жылы рәсімделген. Бүгінде елімізде мыңдаған компания онлайн-несие берумен айналысады.
Үш айда үш есе
«Айлыққа дейін ақша керек болып, онлайн несиеден 30 мың теңге алдым. Оп-оңай 5 минутта 30 мыңды алып, керегіме жараттым. Бірақ, қаржыдан қысылып, айлығымның кешігуіне байланысты 3 ай онлайн несиені жабуға мүмкіндігім болмады. Пайыз өсетінін іштей білдім, бірақ 30 мың теңгені 200 мың етіп қайтарам деп ойламадым» дейді Жандос есімді азамат.
Айтуынша, 10 минут ішінде онлайн несие беретін ұйым 30 мыңды жеке картасына аударған. Дегенмен, уақыт өткізіп алған ол 30 мыңның 200 мыңға дейін жететініне сенбеген. Арыз айтып, шағым түсірейін десе, қаржылық ұйым туралы толыққанды мәліметін не байланыс тетіктерін таба алмайды. Алайда мойнында сол қарыз. Салы суға кеткен ол ақыры 200 мың теңге беріп, несиесінен құтылған.
Тағы бір дәлел. Ақшадан қысылып, 120 мың теңге алған 4 балалы ана онлайнның құрығына түсіп кеткен. Бірнеше айдан бері төлей алмайтынын айтып, хат жазғанымен, өсім күн сайын өсіп, алған 120 мыңы 460 мыңға бір-ақ жеткен. Әрине, айыпты онлайнды алған адамның өзінен іздеуді бәріміз білеміз. Десе де, онлайн несиелер халықты сүліктей сорып жатқанын айту керек.
Біз айтқан екі жағдайдың өзі онлайн несиеден опық жеген біраз адамның барын байқатады. Бірақ, сорақысы сол өзінің атынан онлайн несие рәсімделіп, оны кейін білген азаматтар да баршылық. Бұл алаяқтардың әрекеті екені айдан анық болса да, заң жүзінде дәлелдеп шыға алмайтыныңыз тағы бар. Себебі онда сіздің төлқұжат тіркелген.
5000-нан 250 000-ға дейін
Интернет арқылы рәсімделетін несиелер 5000 теңгеден басталып 250000 теңгеге дейін ұласады. 5 күннен 30 күн аралығында несие уақытын созуға мүмкіндік болады. 18-75 жас аралығындағы кез келген азаматқа беріледі екен. Керек десеңіз, онлайн несие ұйымдарының жеке сайттары бар.
Заңгерлер онлайн несие беретін ұйымдардың қызметі заңға қайшы емес дейді, себебі Қазақстанның кез келген азаматы қарыз беруге құқылы. Десе де, онлайн несие рәсімдейтін ұйым барлық шарттары көрсетілген келісімді беруі тиіс. Ал, өсім пайыздарын тым көбейіп кеткеніне қатысты арыздармен арбитраж соттар айналысады. Бірақ, фейсбук желісіндегі «Заң заңғары» парақшасында онлайн кредитті 2018 жылдың 16 шілдесіне дейін алған адамдар сот арқылы несие шартын жарамсыз деп тануына болатынын жазған. Бұл алған ақшаңызды қайтаруға болады деген сөз. Яғни олар негізгі ақшадан өзге өсімпұл, сыйақы сұрауға құқығы болмайды. Ал, 2018 жылдың 16 шілдесіне дейін несие рәсімдеген азаматтар алған сомасының 100 пайыздық үлесінен артық төлеуге міндетті емес. Демек, қарыз берген ұйым алған 60 мың теңгеңізді тек 120 мың теңгеден артық өсіре алмайды.
«Заң заңғары» заңгерлік ұйымы басшысының ақпаратына сүйенсек, онлайн несиелердің заңдылығы Азаматтық кодекстің 718, 725-1 баптарымен реттелетінін тілге тиек еткен. Яғни онлайн несие алған ұйымыңыздың беталды хабарласып, мазаны алып, дөрекі сөйлеуіне жол берілмейді. Дегенмен, қара халық онлайн несие ұйымнан хабарласып, дауыс көтеріп сөйлейтін менеджерлердің бар екенін жоққа шығармайды.
Онлайн несиелердің иесі кімдер?
Заңгерлер онлайн займерлердің ісі заңды десе де, белгілі экономистер жылдам несиенің басым бөлігі шетелдік компаниялардың атына тіркелген деп нақ айтып отыр. Мұнда елдегі депутаттар мен шенді-шекпенділердің көлеңкелі бизнестері болуы мүмкін деген пікірді алға тартты. Олар тіпті елдегі онлайн несиелердің нақты санын анықтау мүмкін емес дейді. Содан бері Ұлттық банк шағын қаржылық ұйымдардың тізімін жасауға көшті.
Мәселенің байыбына бару үшін ғаламторға «онлайн несие» деп сұрау салдық. Қазақшасынан гөрі, орысша іздегенімізде сұрағанымызды жарқ етіп шыға қалды. Бір емес, бірнеше ұйымның «оңай әрі тез» деген көз тартатын жарнамасы ақшадан қысылған адамды қаржы қақпанына шақырып тұр. Бірақ, алмақтың да салмағы бар екенін кейін басқа тигенде білетін кей азаматтар онлайннан оңбай сүрініп жүр. Бірінің жүйкесі жұқарып, ендігі бірінің уайымға тереңінен түсіп, ем алуына мәжбүр болғандары да бар екен. Жалпы психологтар қарызды ойлау адамның ойлау қабілетін тежейді дейді. Мұны белгілі психолог Сымбат Әбдірахманова да айтады.
– Қарызды ойлап, несиені уайымдайтын адамдарда депрессияға салынуы, болашақтан күдер үзуі, өзін-өзі жегідей жеуі әбден мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әйелдер уайымға салынғыш болып келеді. Шектен тыс уайым ұйқының, тәбеттің бұзылуына алып келеді, – дейді ол.
Халықтың екінші деңгейлі банктерді қойып, онлайн несиелерді жағалауы заңдылық дейді мамандар. Себебі жылдам несиелер қаптаған құжатты талап етпейді. Бар болғаны жеке куәлік пен банктегі есепшотыңыз болса жеткілікті. Бірақ, онлайн несиелердің көбісінің жеке кеңселерінің болмауынан ақшаны рәсімдеу интернет арқылы жүргізіледі. Қарыз алушы адам мен банктің онлайн операторы арасындағы визуалды қарым-қатынас тұрғындарды түсінбестікке алып келетіні содан.
Статистикаға сүйенсек, ел ішінде несиені ең көп алатын аймақтар үштігі анықталған. Үздік үштікті Оңтүстік Қазақстан облысы бастап тұр. Ал Алматы облысы қаржылық ұйымнан қаржы алуға келісім беріп, тізімнің екінші сатысынан көрінген. Үшінші орында солтүстік өңір. Қазақстанның қай түкпірі болмасын онлайн несиеден аман емес. Себебі қолыңыздағы қалтафонмен ғана шешілетін дүние мекен-жайға байланып тұрған жоқ. Ауыл ма, қала ма таңдау жоқ. Өтінім берсеңіз, шотыңызға өзі келеді.
Шешімі бар ма?
Онлайн несиеден тыйылу керек. Соңғы жылдары сарапшылардың да, депутаттардың да аузынан мұндай сөздер жиі шыға бастады. Бұған көршілес ел – Ресей де бас қатырып отыр. Өйткені, микроқаржы ұйымдарға банктерден несие алуға мүмкіндігі жоқ адамдар жүгінетіні мәлім. Мұндай ұйымдардың қарыз алушыға қояр талабы да аса күшті емес. Таза жоққа тән. Содан да қарыз беру реті жеңіл. Қазақстандықтар тарапынан онлайн қарызға сұраныстың өсуі де содан деседі сарапшылар. Алуын алып, соңында сормаңдай күйге жеткізген оңай онлайн несие қайтсе азаяды? Онсыз құзырлы орындар елдің мәселеге айналған несие тізімінің тоқтар түрін көрмей отыр. Сол себепті де «тыйым» туралы ұсынысқа қоғам ойлануы тиіс. Ойдың соңы оңтайлы шешімге апарады деген сенім де жоқ емес. Бір қарасаңыз, тыйым да – шешім.
Қанша үгіттесек те, мұқтаж адам несие алудан бас тартпайды. Сақтансаң сақтаймын дегендей, бұл жерде халықтың қаржылық сауатын арттыру керек секілді. Несиелеу жасын ұлғайтпай, құмар ойын ойнайтын жерлерді жауып, қаржы пирамидалары түбегейлі жойылса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі қарыздың басым көпшілігі осындай керексіз орындарға жұмсалып жатыр.
Түйін Түбіне үңілсек, онлайн несие – оп-оңай ақша көзі емес. Кез келген қаржыгер мұндай шағын қаржылық ұйымға жоламауды кеңес етеді. Оп-оңай ақша орға жықпасын десеңіз, онлайн несиеден алшақ жүргеніңіз абзал.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 қазан 2024 ж. 175 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031