Қазақстанда несие алу тәртібі өзгерді
Бұдан былай қазақстандықтардың несие алу тәртібі өзгерді. Енді микрокредиттік ұйымдар қарыз алушыға қатысты мәліметті толыққанды тексермей, азаматқа бір тиын да қарыз бере алмайды. Соңғы жылдың ішінде 1 мың адамның сыртынан онлайн түрде белгісіз біреулердің қарыз алғаны анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Онлайн кредит алудың Қазақстанда оңай болғаны соншалық, 1 жылда 1 мың азамат өзінің атында кредит бар екенін білмеген. Енді бөтен біреудің сыртынан несие рәсімдейтін алаяқтардың жолын кесу үшін үш түрлі тәсіл қолданылады. Алғашқысы, несие алушы электронды қолтаңба арқылы жеке деректерін енгізуі қажет. Екіншісі – түр-сұлбаңызды биометриялық идентификаттаудан өткізуге рұқсат беруіңіз шарт. Сондай-ақ қарыз алушының жеке деректері мен бейнесін екі факторлы тексеру арқылы да жүзеге асыруға болады. Яғни телефонға келген арнайы кодты енгізе отырып та, онлайн-кредит ала бересіз. Бірақ қаржы ұйымы бұл жағдайда да клиентке биометриялық талаптарды орындауын сұрайды.
“Барлық шағын кредиттік ұйымдарға Ұлттық банктің арнайы сервистік жүйесін пайдалана отырып, клиентті нақты тексеру, оның деректерін өтінімде берілген деректермен салыстырып тексеруді, клиенттің нақты биометриялық деректерінің жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкес болуын қамтамасыз ету міндеттеледі”, – деді Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығының басшысы Ербол Омарханов.
Табысы төмен, несие тарихы нашар азаматтар микроқаржы ұйымдарынан, онлайн кредиторлардан және ломбардтардан үлкен пайыздық мөлшерлемемен қарыз алуға мәжбүр. Бүгінде 1012 осындай ұйым заңды түрде жұмыс істейді.
“Лицензиясыз жұмыс істейтін ұйымдарға алданып қалмаудың жолы пайыздық үстемені есептеу. Мәселен, шағын кредиттік ұйымнан ұзақ мерізімге, яғни бірнеше жылға несие рәсімдесеңіз, онда оның жылдық пайызы 56 пайыздан жоғары болмауы керек. Сондай-ақ онлайн несие рәсімдеуде займның жылдық сыйақы мөлшерлемесі оның 30 пайызынан аспауы керек. Егер бөтен біреудің сіздің атыңыздан несие алғанын білсеңіз, жергілікті полиция және қаржы нарығын реттеу агенттігіне шағым жазыңыз. Мұндай жағдайда ол кредитті ұйым кешіреді”, – деді Ербол Омарханов.
Қалтаны ең көп қағатын айлыққа деп несие беретін мынадай аппараттардың сервистік қызметі тым қымбат дейді сарапшылар. Мәселен, 20 мың теңгені 10 күнге қарызға алсаңыз 25 мың қылып қайтаруыңыз керек. Мұндағы 4460 комиссия ақысы болса, сыйақы сомасы 540 теңге. Бұл техниканың көмегімен қарыз алсаңыз да, биометриялық индентификаттаудан өтуіңіз шарт.