» » АЛПЫС ЖЫЛҒА АЙТАРЫМ БАР ...

АЛПЫС ЖЫЛҒА АЙТАРЫМ БАР ...

Алпыс жылдың асқарына иек артқан ауылымды бала көңілмен, бойжеткеннің сөзімен, бүгінде қартайған сол ел мен жермен бірге болған, 70-тен асқан ана жүрегіммен сипаттап жазсам жеткізе алар ма екенмін махаббатым мен сүйіспеншілігімді. Тым болмаса, кейінгі ұрпақ 60 жыл бұрынғы өмірді көз алдына бір елестетер деген үмітім бар.
Дархан дала дарабозы болған бұрынғы Жаңақала кеңшары құрылғанда алғашқы қазығын қағып, тыл және еңбек ардагерлері болған, елім, жерім деп халық үшін тер төгіп, еңбектерін аямаған ардақты ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз – Қараша ата мен Палмай апа, Оразымбет ата мен Қамқа ана туралы сыр шертпекпін.
1954 жыл Қызылдағы «Көздіқара» мекені «Қарақ» төбесіне жақын жерде Ленин совхозының (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) ферма орталығы болып белгіленеді. Қараша әкеміз туған жері «Қарақ» төбесіне келіп қоныстанады. Ол уақытта өзектің жиегінен бірнеше жер кепелер қазылып, сонда тұрады. Өзі есепші, жолдасы Палмай аспазшы болып, інісі Оразымбет, келіні Қамқа малшы болып орналасады. Ол кезде аштықтан, репрессиядан, соғыстан, ұжымдастырудан кейін ел енді есін жияр-жимас кез еді. Қақпан салып, дұзақ құрып, аң аулап өкіметтен берілетін 5-6 келі ұнды сорпаға шайып ішіп жүретін шақ болатын. Әкем Қараша ферма берген жалғыз түйемен қақпан салып, аң аулайды.
Ел арасы әзілкеш келеді. Сондай бір күнде бір жиен Ленин кеңшары мен Ақжар кеңшары орталығында отырған ағайындарға (маусым айы болса керек) Қараша түйенің үстінде өліпті деген әңгіме таратады. Оны МТС-те (Ақжарда) тұратын екі қызына естіртіп, ауылдағы жалғыз машинаға мініп, құдажекжат, ағайын-туыстар «Ой бауырымдап» Көздіқараға дауыс шығарып келсе, Қараша тірі, түйесінен 2 қарақұйрықты, 10 шақты бұлдырықты әкеліп жатқанға ұқсайды. Келгендер таңғалысады. Қараша болса сырттағы Оразымбет ініме бірдеме болған екен деп отыра қалыпты.
Аман-саулықтан кейін қонақасы үстінде Қараша айтқан екен: «Мен әзір өлмеймін. Мына тұрған Қарақтың тарихы тереңде, киесі бар, тұнып тұрған байлық пен береке. Мынау Аша деген жерден үлкен шаһар түседі. Мен соның құрылғанын көріп барып өлемін» деген екен.
Айтқанындай-ақ 1962-1963 жылдары осы фермаға басшы болып Қаратай Қуаңбаев келеді. Шаруашылықтың көп қиындығы мен шығынын көреді.
Малшылар жазда Қарақұмға көшеді. Сырдан әрі-бері өту өзінше бір қиындық, күзде қайтып «Қарақ» маңайына қыстауға келеді. Екіаралық барып-қайтуы 1000 шақырым қашықтық. Шаруаларға да, малшыларға да қолайсыз болған соң Қаратай ағамыз Қызылдың төрінде Қаракөл қой шаруашылығын өркендету, мал басын 50 мыңға жеткізу мақсатында іске кірісіп кетеді.
Кеңшардың құжаты дайындалғанда жоғары жаққа өтініш бергенде орталық «Көздіқара» болып өткен екен. Қаратай келіп Қарашаға ойын білдіреді. Осы жерден кеңшар ашамын, мынау «Метеостанса» орталықпен байланысқа жақсы бұлақ болса, арқырап өз ағысымен ағып тұр, суы көлге айналып үйрек, қаз қонып жатыр. Осы жерді ыңғайладым депті. Сонда Қараша «Қаратайжан, талабың оң болсын, дегеніңе жет. Бірақ орталықты мынау тұрған Ашаға орналастыр, жері кең, қоныстануға ыңғайлы. Қуаңдария өзегіне су келсе, үш жағынан келеді, бір жағы ашық. Жаугершілік заманында бекініс болған. Алла қаласа абыройың асып, берекең артады» деп кеңес беріп, Ашаға қазығын қаққан екен. Сол 1964 жылы құрылыс қарқын алып, автобазадан 20 машина құрылыс материалдарын, оның ішінде Жосалы карьерінен тас тасиды.
Сол кезде құрылысшылар: «Осы тасты неге Қарақтан алмаймыз» деп. Бұл әңгімені естіген Қараша аудандық атқару комитетіне барып, «бұған тиіспеңдер, береке таппайсыңдар» деп тоқтатыпты.
Палмай анамыз осы елді мекен ашылғанда бірінші кітапханашы болды. Ауыл халқының оқу-ағарту білімін арттыруға атсалысқан әрі бастамашы болған жан.
Қарашаның інісі Оразымбет болса, мал бағудан мол тәжірибе жинақтаған кісі. Шілде, тамыз айында түнекте жайылған, күзде ебелек қуып жеген, шытырға тойған, балықкөзге тоғайрақтаған мал қыстан қиналмайды, келер жылғы өнімнің бастауы болады деп айтып отырушы еді. Өзімен бірге жас малшылар Ештай, Елеусін, Айтуар және тағы басқалармен тәжірибе бөлісіп отыратын. Оның нәтижесін де көрді. Жолдасы Қамқа «Ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталған. 1954-1958 жылдары аудандық кеңестің бірінші депутаттарының бірі болды. Қиындығы мол, бейнеті жетіп артылатын уақытта еңбекке адал бола білді. 1964-1976 жылдар аралығында Қарақ ауруханасында аяжан болып жұмыс атқарды.
Бір қызығы, Қараша әкем мен Оразымбет әкем 54 жыл бойы еншісін айырмаған, екі шаңырақ бір отбасында 8 бала тәрбиелеп, барлығы жоғары және арнаулы оқу орнын бітіріп, бір-бір шаңырақ иесі атанды. Өрістері кеңейіп, қоғамның әр саласында еңбек етіп, зейнет жасына да жетіп жатыр. Бұл жағдай да кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай дүние деп ойлаймын.
Міне, сол 1964 жылы ашылған қазіргі Т.Көмекбаев атындағы ауылға 60 жыл толып, «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей, содан беріде ел ұрпақтары 2-3 жаңаруды қайтара бастан өткізіп, ауызбірлігі ажырамаған, берекесі тасыған іргелі елге айналды.
Қаратай Қуаңбаев туралы айтпай кетуге болмайды. Оның мәдениеттілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі, адамгершілігі мен парасаты жоғары еді. Ардақты азаматтың адами болмысы мен кісілік келбеті оның көзін көргендер мен бірге қызмет еткен әріптестері, ауылдың аға буын өкілдері жақсы біледі. Ол директор болып тұрған уақытта көшіп келушілер әр ауылдан және басқа ұлт өкілдері де құрылысқа отбасымен келіп жатты. Адам болғасын мінез бар, кемшілік болып тұрады. Сонда да болса оның тұсында болған құқықбұзушылықтарды, сотты болғанды естімедік, көрмедік. Дұрыс емес нәрселердің бәрі ол кісінің кабинетінде шешілетін.
Қарекеңнің түзету орны 2-3 жылға мал бағып келу, әдісті ешкімнің көңілі қалмайтындай, әдемілеп, қарсы келмейтіндей етіп қарапайым шешетін. Кейбіреулердің жіберген кемшіліктері үшін алдын ала үйлестіріп, өсіріп жіберетін.
Сондай тәрбиеден өткен ауыл ұрпақтары «Ауылым» деп аңсап, ат шаптырып, атан жарыстырып, ауылдың мәртебесін арттырып, алыс-жақыннан «Ауыл жылы», «Наурыз», «Ауыл келбеті» атты іс-шараларын жыл сайын өткізіп жатады. Осы істерді атқарған ел есінде қалған, бақилық болған, еңбек майталмандарына жандары жәннатта болсын, ал қазіргі жас бастамашы ұрпаққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Күлән ОРАЗЫМБЕТҚЫЗЫ,
медицина саласының ардагері
03 қазан 2024 ж. 299 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 008

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031