» » Ардақты аға, атпал азамат

Ардақты аға, атпал азамат

1966 жылдың күзі болу керек. Жосалы кентіндегі сол кездегі Клубная көшесі №14-нші үйде әкеміз марқұм Айтбай мен анамыз Мамық Алматыдан агроном мамандығымен институт бітіріп келген жас жұбайлар Жұмағали ағамыз бен Раунақ жеңгеміздің құрметіне дас тарқан жайып, құрметтеген болатын. Анам бар тәттідәмдісін қойып, дастарқанды жайнатып қойған еді.
Үйде жеті бала бармыз: 5 ұл, 2 қыз. Үлкен апайымыз Әзиза мектептің 8 сыныбын бітіріп, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінде оқыса, ағам Сағынбек, мен, інім Шәкіман мектеп оқушыларымыз. Інілерім Сайлаубек, Қалдыбек мектепке бармаған, кішіміз Әлима 3-4 айлық бесіктегі кезі. Әзиза апайымыз жаңа түскен Раунақ жеңгемізге арнап педучилищеде үйренген мондалина деген аспабымен «Келіншек» күйін орындап бергенін марқая еске алады. Мен де үйдегі үшінші баламын, 10 жастағы кезім. Дастарқандағы тәттілерден ауыз тиіп, қонақтарға үйірсектеніп, осы кісілердей қашан институт бітіріп, келіншек алар екенбіз деп тамсанып қарап қоямын.
Ағамыз сол кездегі Ленин атындағы кеңшарда (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) агроном болып еңбек жолын бастаса, жеңгеміз сол шаруашылықтағы медпунктте медсестра қызметін жалғастырып жатты. Одан соң ағамыз сол кеңшарда агроном, бас агроном қызметтерін абыроймен атқарып, аудандық партия комитетінің басшылығымен осы кеңшардың Карл Маркс атындағы бөлімшесін 1980 жылы «Майлыөзек» атындағы кеңшар етіп құрып, оған директор болды. Елді мекеннің ауылшаруашылық маманы, марқұм Нұрдәулет Маханов ағамыз айтқандай, Жұмағали ағамыздың қарым-қабілетінің арқасында шаруашылыққа қажетті агроном, су маманы, есепші-экономист, жер, мал мамандары өзінің туған ауылына көшіп келіп қоныстанды. Олардың жұмысының жүруіне қажетті МТМ, түрлі қойма мен қырман салынды, егістік жерлер агротехникалық жағдайларға келтірілді. Жаңа үлгідегі үйлер салынып, мамандар мен жұмысшыларына, мұғалім мен дәрігерлерге беріле бастады деген-ді.
Мектеп директоры болған марқұм Елдес Ермаханов пен оқу ісінің меңгерушісі болған марқұм Жүрсін Қаймақбаевтың айтуы бойынша, бұрын орталау мектепте 90-100-дей оқушы оқыса, орта мектепке айналғаннан кейін 250-300-дей оқушы оқып, 40-қа жуық мұғалім-қызметкер жұмыс істеп, білікті мамандар қатары көбейіп, материалдық базасы нығайған. Кеңшарда балабақша ашылып, оның жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды. Ауылдық кеңес, клуб, медпункт ашылып, бұл мекемелерде жұмыс істейтін мамандар үй-жаймен қамтамасыз етілді. Аудан орталығынан ауылға қатынайтын автобус маршруты ашылды. Егіс көлемі артып, ол жерлер агротехникалық талаптарға сәйкес жүйеленді. Тұрғындардың үйіргелік жер участоктеріне аяқсу келтіріліп, алма, алмұрт, сары өрік, қара өрік, жуа, сәбіз, сияқты қажетті жеміс-жидектер мен көкөністер егу қолға алынды. Одан басқа тұрғындарға кеңшар аумағынан қауын-қарбыз, қырыққабат, тағы басқа дақылдар егіп, өз қажеттерін қамтамасыз ететін жерлер бөлінді. Ауыл халқына жеке малының көбеюіне де қолайлы жағдай жасалып, олардың әлеуметтікэкономикалық жағдайының жақсаруына, қолайлы өмір сүруіне мүмкіндіктер молайды. Болашақ жоғары білімді мамандардың қатарын көбейтуде мектепті жақсы үлгіріммен бітірген түлектердің жоғары оқу орнына баруына арнайы жолдама да қарастырылды. Кеңшарға қажетті тракторшы-көлік жүргізуші мамандарды қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру арқылы шешті.
Ж.Қасымов кеңшарға қажетті мамандарды таңдау мен орналастыру, оларды тәрбиелеуде ерекше құрметпен қараған. Мектеп, балабақша, клуб, медпункт секілді мекемелердің материалдық-техникалық базасының дамуына, ол мекемелерді аяқсумен қамтамасыз етіп, айналасының көгалданып-көркеюіне, қыста жылумен қамтуда уақытылы отын-сумен қамтамасыз етуге және ол жерде қызмет ететін қызметкерлерге тұрақты көңіл бөлетін. Сол кезде кадр бөлімін басқарған, қазіргі уақытта құрметті еңбек демалысындағы зейнеткер Ағайша Нұрғалиева (кейін ауылдық кеңестің төрайымы болған) «Жұмағали ағай мамандар мен жұмысшыларға кемшіліктері үшін сөгіс беруден гөрі, ақыл-кеңесін айтып, ерекше қамқорлық жасап отыратын еді» деп еске алады.
Іскер азаматтың Майлыөзек кеңшарын қалыптастыру мен дамытудағы қарым-қабілетін лайықты бағалап, бірнеше рет аудандық, облыстық партия комитетінің Құрмет грамотасымен, Социалистік жарыстың жеңімпазы атағымен марапаттаса, кеудесіне «Ерен еңбегі» төсбелгісін тақты. Майлыөзек кеңшарын 1980 жылы ұйымдастырып, қалыптастырып, оны дамытып алты жыл басқарды. Денсаулығына байланысты 1986 жылы Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне ауысып, өмірінің соңына дейін төраға қызметін атқарды.
Оның балалық шағы да ашаршылықтан кейінгі уақытпен, соғыс жылдарымен тұспатұс келіп, түрлі қиыншылықты бастан өткерді. Әкесі Қасым атамыз соғысқа кетіп қайтыс болса, анасы 1950 жылы қайтыс болып, ағасы Ертай екеуі жетім қалады. Сол кезде Кеңес үкіметі ағайынды екеуін балалар үйіне жібереміз деген жерінен Алмасбай атасының жігерлілігімен және сол кездегі ауылдың Байғұлы және тағы басқа ақсақалдардың қолдауымен балалар үйіне жібермеудің жолын іздейді. Алмасбай атамыздың Шәри деген қызының да күйеуі соғыстан келмей қалуына байланысты ауыл ақсақалдары жалғыз қалған Алмасбай ақсақал мен жетім қалған екі бала – Ертай мен Жұмағалиға бас-көз болып тамағын дайындап беруге Шәри апамызды енесінен рұқсат сұрайды. Апамыздың енесі де қамқорлық жасап, үлкен қызы Баян екеуін әкесі мен екі ұлды бағуға жібереді. Шәри апай әкесі, екі інісі және қызы Баянды қосып тәрбиелеп, олардың заманауи талаптарға сәйкес білім мен тәрбие алуына жағдай жасайды. 1970 жылы қайтыс болған Шәри апайды Ерекең мен Сұлу жеңгей, Жұмекең мен Раунақ жеңгей ақ жуып, арулап жер қойнына аттандырады.
Осындай қиыншылықпен өскен Ертай мен Жұмағали ағамыз атпал азаматтар болып өсіп қалыптасты. Ерекең Ленин және Қуаңдария кеңшарларында ірі қара мал фермасында ферма меңгерушісі болып өмірінің соңына дейін қызмет атқарды. Сұлу жеңгемізбен бірге өмірге 11 бала әкеліп, білім мен тәрбие берді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған көпбалалы отбасы болды. Өкініштісі, ағамыз өмірден ертерек кетті. Жеңгеміз ұрпақтарының ортасында батасын беріп, тілектерін тілеп отырған батыр, батагөй ана. Жұмағали ағамыз бен Раунақ жеңгеміз өмірге 6 ұл, 1 қыз әкеліп, олар да ұрпағын аялап өсірді. Көпбалалы өнегелі отбасы болды. Ағамыздың жас кезіндегі көрген көп бейнеті болар, өмірінің соңғы кезінде қант диабеті науқасына шалдығып дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймауы себебінен аудандық туберкулез ауруханасында емделеді. Жан жарының зерделеуінің арқасында ағамыздың дұрыс емделмей жатқанын біліп, маған айтқаны есімде. Мен ол кезде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі едім, қызметтес аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Әлиасқар Омаров ағамызға айтып, облыстық ауруханаға ауыстырып едік.
Ардақты азамат ағайын-туғандардың тілеуін тілеп, олардың ортасында құрметке бөленген кісі. Сонымен қатар ұрпағының өсіпөркендеуіне де қамқорлық жасап, аталық дәстүрді жалғастырып отыратын. Зайыбым Қалдыгүл екеуміз 1991 жылдың күзінде ағайдың үлкен ұлы Еркеғалидың үйленуіне байланысты Ленин кеңшарындағы отбасына құтты болсын айтып барған болатынбыз. Қонақ болып қайтар кезімізде ағай ниет қылып қызымыздың бір затын қалап алып қалған болатын. Ниеті қабыл болып, Еркеғали ініміздің келіншегі көп ұзамай сәбилі болды. Бұл олардың алғашқы немересі болатын. Қазір ағамыз бен жеңгемізден тараған інілеріміз бен қарындасымыз Қазақстанның түкпір-түкпірінде өз мамандықтары бойынша білікті маман болып еңбек етіп, лайықты құрметке бөленуде. Ұрпақ өсіріп отырған отбасы иелері. Еркеғали ағамыздың қара шаңырағына ие болып Тұрмағамбет ауылында еңбек етіп, немере сүйіп отырған ата. Зарипа қарындасымыз Ақтөбе облысындағы білікті ұстаз, бірнеше баланың анасы, отбасының ұйытқысы. Марат Қызылорда қаласының тұрғыны. Қаржы саласының білікті маманы. Отбасының қадірлі атасы. Мұрат Орал облысында құқық қоғау саласының қызметкері, өнегелі әке. Болаттың (марқұм) 1 ұл, 1 қызы ержетіп өсіп келеді. Нұркен Астанада кәсіпкер, өсіп-өркендеген отбасының қамқоры. Сәкен Ақтөбе облысында қаржыгер, ол да өнегелі отбасының тірегі. Жеңгеміз Раунақ бұл күнде балаларының отбасын аралап қамқорлығын жасап, батасын беріп жүрген батагөй әже.
Аудандағы Ленин кеңшарынан 2 кеңшар: Т.Көмекбаев (бұрынғы Жаңақала) және Алдашбай ахун (бұрынғы Майлыөзек) бөлініп шыққан. Жаңақала кеңшарын құрған Қаратай Қуаңбаев ағамыз болса, Майлыөзек кеңшарын қолымен құрған Жұмағали Қасымов ағамыз болды. Ол кісімен сол кездерде қатар «Қармақшы» кеңшарын ұзақ жыл басқарған, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Исағали Жұмағұлов ағамыз Жұмекең ағамыздың еңбегін құрметпен еске алады.
Елінің өсіп-өркендеуіне бастамашы болып, өз алдына Майлыөзек кеңшары болып қалыптасуына ерекше еңбек еткен, 1939 жылы дүниеге келіп, 1994 жылы дүниеден өткен Ж.Қасымовтың туылғанына 85 және өмірден өткеніне 30 жыл болады екен. Осыған байланысты оны еске алу мақсатында ауданда, шаруашылықтағы мәдени ошақтар мен мектеп, клубтарда мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілсе, ер есімі – ел есінде ұзаққа сақталар еді. Мұндай тәрбиелік ісшаралар жастарды отаншылдыққа, туған елін көркейтуге деген ұмтылысын арттыруға оң ықпал етері сөзсіз.
Мұсахан БАСШЫБАЕВ,
ҚР «Білім беру ісінің үздігі», саяси ғылымдарының кандидаты
06 маусым 2024 ж. 595 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031