» » Алғашқы ұстаз

Алғашқы ұстаз

qarmaqshy-tany.kz "Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын, Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын. Есімде әліппені жаттатқызып, Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның"...

Биыл біздердің, 1960 жылы туғандардың алғаш мектеп табалдырығын аттағанына тура 55 жыл болыпты. 1967 жылы No105 орта мектептің бірінші сыныбына бардық. Сынып жетекшіміз жаңа ғана оқу бітіріп келген талдырмаш жас қыз Қазақбаева Көптілеу апай болатын. Мектеп бітірушілердің 45 жылдық мерейтойына орай алғашқы ұстазымызбен хабарласып, ол кісінің өмір жолына тағы бір зер салғанымыз бар.
Арман қуған жас ару No105 орта мектептің 8 сыныбын жақсыға бітіріп, қаладағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесіне оқуға түседі. 1966 жылы оқуды ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Ақжар ауылындағы балабақшаның тәрбиешісі қызметінен бастайды. 1967 жылы аудандағы No105 орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып ауысады. Жұмысына мығым, қоғамдық өмірге етене араласқан жас маман 1968-1970 жылдары аудандық комсомол комитетінің меңгерушісі болып тағайындалады. Келесі жылы өзі еңбек еткен мектепке қайта оралып, ұстаздық жұмысын жалғастырады.
К.Қазақбайқызы педагогика саласында іздену жұмыстарымен айналысып, оқу-әдістемелік еңбектер жинақтайды. Ғылыми-тәжірибелік конференцияларда өзінің көзқарасымен бөліседі, жас мұғалімдерге тәлімгерлік көмек көрсетеді. Білімін жетілдіру мақсатында Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың "Тарих" факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1980 жылы бітіреді.
Абыройы үстем болған ұстаз 1998 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен "Білім саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталады. Көп бейнеттің түбі – зейнет дегендей, табаны күректей 40 жыл бойы, яғни 2006 жылға дейін талмай ұстаздық еткен педагог бүгінде құрметті зейнеткер.
Апайымыздың құдай қосқан қосағы Бекмағамбет Рысбаев ағамыз Жосалы механикалық зауытында 22 жыл қызмет атқарған азамат. Екеуі алтын асықтай алты бала тәрбиелеп өсірді. 1994 жылы ағамыз кенеттен дүние салды. Елдің баласын білім бұлағымен сусындата жүріп, өзінің де аналық міндетін мінсіз атқарған ардақты ана алты баласын оқу мен еңбекке үйретіп, ер жеткізді.
Бүгінде апайымыз сол балаларының жетістігін зор мақтанышпен айта алады. Балаларының бірі – ғылыми қызметкер, бірі – дәрігер, енді бірі – ішкі істер саласының қызметкерлері. Ұлтымыздың "Тәрбиесіз алған білім – қатер" деген даналығын терең сезінген тәжірибелі ұстаз балаларын Отанының нағыз патриоты тұрғысында тәрбиелегені – әулеттің де мақтанышы.
Жуырда ұлағатты ұстаз Астана қаласында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын білім беру ұйымдарының педагогтары арасында кеңінен насихаттау мақсатында "Жаңа Қазақстан: білім беру саласының үздігі" атты республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Еліміздің әлеуметтік және рухани дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін Қазақстан Республикасына "Еңбек сіңірген қызметкер" төсбелгісімен марапатталғанын біздер, алғашқы оқушылары үлкен тебіреніспен айта аламыз.
Бұл күндері ұстаздан білім алған оқушылары да жүрек қалауымен таңдаған мамандықтарының иесі атанып, адал нанын жеп, зейнет жасына да жеттік. Өмірде өз орнын тапқан шәкірттері ардақты ата, асыл ана, мейірімді әже атанған.
"Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы" дегендей, біздің алғашқы ұстазымыз Көптілеу апайымыз осындай керемет жан.
Тамара ҚАЛАБАЙҚЫЗЫ
21 қараша 2022 ж. 894 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 512

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 585

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031