Қасымовты еске алды
Аудандағы О.Шораяқұлы атындағы №30 мектепте ауыл шаруашылығының ардагері Жұмағали Қасымовты еске алуға арналған волейболдан ашық турнир өтті. Турнирдің мақсаты – волейбол ойынын аудан көлемінде дамытып, облыс біріншілігіне қатысатын аудан құрама командасын іріктеу. Тұрғындарды денешынықтыру және спортпен жүйелі шұғылдануға тарту.
Спорттық шараға аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов қатысып, сайысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
– Түрлі салада жүріп еңбек еткен Жұмағали ағамызды еске алуға арналған турнир биыл ауданымызда алғашқы мәрте ұйымдастырылып отыр. Аға буынның үлгілі жолына негізделген дүбірлі бәсеке Жұмағали Қасымовқа құрмет көрсету болса, екінші жағынан бұқаралық спортты дамытудың ерекше тәсілі. Жастардың патриоттық рухын көтеретін, тағылым мен тәрбие шарасына айналған командалық спорттың түрі – волейболдың жыл санап бұқаралығы артып келеді. Яғни, осы турнирге қарап өскелең ұрпақ тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алары сөзсіз, – деді аудан басшысы.
Ж.Қасымов 1961–1966 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институтын «Ғалым агроном» мамандығы бойынша бітіріп шығып, 1966–1980 жылдар арасында туған ауылында агроном, бөлімше басқарушысы, бас агроном қызметін атқарған. 1980 жылы Ленин кеңшарынан Майлыөзек кеңшарына директор болып тағайындалып, осы күнгі Алдашбай ахун ауылының негізін қалаған. Өзінің іскерлік қабілетімен елге танылған Жұмағали Қасымов 1986-1992 жылдары Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрағалығына сайланбалы жолмен сайланып, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун ауылдарының әлеуметтік мәдени дамуына елеулі үлес қосқан. Оның еңбектегі табысы үшін 1970 жылы «В.Лениннің туғанына 100 жыл» медалімен, «КСРО шаруашылығын дамытудағы жетістігі» үшін қола медаль және 1977 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталған.
Халықтың лайықты бағасын алған Ж.Қасымовты еске алуға арналған спорттық іс-шараға арнайы келген қызметтес әріптесі Сұлтанбек Мырзабаев пен қарындасы Мадина Қасымова сөз сөйлеп, ұйымдастыруға атсалысқан барша жанға ризашылығын білдірді. Спорт додасында ауданнан барлығы 11 команда, 150-ге жуық спортшы өнер көрсетті. Жарысқа Арал ауданынан келген республикалық дәрежедегі бас төреші – Дәурен Махамбетияров қазылық етті.
Жарыс нәтижесінде №30 мектеп – І орынды жеңіп алса, №80 мектеп – гимназиясы – ІІ орынды қанжығалады. Ал №26 мектеп – ІІІ орынды қанағат тұтып, жарысты аяқтады. Номинация бойынша Абзал Жақапаев «Үздік ойыншы», Қайрат Омаров «Үздік тосқауыл қоюшы», Айбек Жайлашов «Үздік доп үйлестіруші», Азамат Көшекбай «Үздік доп қабылдаушы», Бауыржан Кеңесов «Үздік ойын өрнегін көрсеткені үшін» номинациясымен марапатталды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
(сурет автордыкі)
(сурет автордыкі)