» » Бала күтуші: қамқоршы ма, қаймана ма?

Бала күтуші: қамқоршы ма, қаймана ма?

Декреттік демалыстан кейін жұмысқа шығатын уақыт келгенде «Баланы кіммен тастаймыз?» деген сұрақ барлық ата-ананы мазалайды. Мұндайда бірі – балабақшаға береді, келесі бірі – әжесінің тәрбиесіне қалдырады. Бұл мүмкіндіктер болмаған жағдайда бала күтушісін іздеуге тура келеді. Рас, бүгінде елімізде бала күтушілердің қызметіне сұраныс жоғары. Ал сол мамандардың деңгейі сұранысқа лайық па? Күтушілердің көмегі қаншалықты көңілден шығып жүр? Саралап көрейік. 

Бүгінде балаға қарайтын кәсіп иесін тек қалталылар ғана емес, көпшілік жұрт та іздей бастаған. Өз перзентін өзгенің тәрбиесіне беру, өзгенің баласын өз жауапкершілігіне алу екі жаққа да оңай емес. Бірақ онсыз тағы жол жоқ. Жөні түзу бала күтушісін табу тіптен қиын Себебі жаңалықтарға «бала күтушісі сәбиді өлтіріп кетіпті», «үйді тонап кетіпті» деген ақпарат өте жиі шығады.

Психолог мамандардың айтуынша, өз анасын сирек көріп, мейіріміне зәру болып өскен сәби өсе келе бірбеткей болуы ықтимал. Күнкөрістің қамымен үй бетін көрмей жұмыс істейтін ата-ананың көбеюіне алаңдайтынымыз да сондықтан. Ауылда ата-әженің мейірім-шапағатына бөленіп өсіп келе жатқан балғындар жетерлік. Ал қаланың қарттары немерені өзі баққаннан гөрі бала күтушіге жүгінгенді жөн санайды. 

Тұңғышына жауапкершілік жүктейді
Көпбалалы отбасылардың көбінде үйдің үлкен баласы автоматты түрде бала қарауға жауап береді. Үйіп-төгіп жауапкершілік жүгін соған арта салады. «Бауырларыңа қара» деген бұйрық бәлки оларды да мезі еткен болар. Себебі ол да бала. Ойынның қызығына беріліп еркін жүргісі-ақ келеді. Бірақ рұқсат жоқ. Сабағы мен жеке қызығушылығын алып жүруге әрең әлі келеді.

Ауылда нағашы ағамыздың бес баласы бар. Үлкені қыз. Өзінен кейінгі бауырларына қарайласып жүретін де өзі. Кенже сіңлісі небәрі 7 айлық. Бірде тәтеміздің «Осы қызды кейде аяп кетемін. Ана кішкентай бөпесін қолына ұстап жүреді де қояды. Келін қайда барса да қасына бала қарайды деп ертіп алады» деп кейігені бар-ды. 

Филиппиндік қызметкерлерге неге сұраныс артты?
Қарапайым халық бала бағуды әлгіндей үйдің тұңғышына тапсырса, қаражаттан қам жемейтіндер филиппиндік бала күтушісінің көмегіне жүгінеді. Соңғы уақытта бұл елдің мамандарына сұраныс көбейген. Түр əлпетін корей, қытай, тіпті қазақ, қырғызға жақындатып жататын филиппин қыздары бала күтуші ретінде көп елде сұранысқа ие. Олар барша шығыс халықтары сияқты отбасы құндылығын жоғары қояды. Əйелдерінің көнбіс, бейімделгіш, икемді келетін табиғаты үй шаруасы мен бала күтушілікке жайлылығын байқатады. 

Шетелдік үй қызметшілері мен бала күтушісіне сұраныс бойынша Оңтүстік Корея көш басында тұр. Financial Times мәліметінше, Оңтүстік Корея шетелдік азаматтардың есебінен елдегі бала туу көрсеткішін арттыруды көздеп отыр. Арнайы пилоттық жоба аясында 100-ге жуық филиппиндік әйел Сеулге барып, үй шаруасымен айналыспақ. Билік өкілдері бұл бастама корей әйелдеріне оң ықпал етеді деп болжам жасаған. Корей билігінің айтуынша, үй шаруасынан қолы босаған әйелдердің бала тууға құлшынысы оянады. Егер аталмыш жобаның нәтижелері көңіл қуантарлықтай болса, 2025 жылдың ортасына қарай Оңтүстік Кореяға тағы 1200 адам келеді деген жоспар бар.

Біздің елімізде филиппин бала күтушілерін әкелетін арнайы агенттіктер бар. Арнайы агенттіктер филиппиндік жұмыс іздеуші мен бала күтуші іздегендерді бір-бірімен байланыстырып, біріне жұмыс, біріне іздегенін тауып береді. Бұл қызметке арнайы ақы алады.

Филиппиндік қызметкерлердің ақысы 800-900 доллар көлемінде екен. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, филиппин елінен келген әйелдердің бәрі бірдей мінсіз емес. Олардың арасында да ұрлық жасайтындар, жауапсыз мамандар кездесуі мүмкін. Бұл енді ұлтқа емес, адамның өзіне байланысты. 

Бала күтушілердің нарықтағы бағасы қандай?
Жұмыс іздеушілерге арналған хабарландыру сайтында бала күтушілердің бағасы әртүрлі. Алматы қаласы бойынша оларға жұмыс ұсынғандар жарты күнге 150 мыңнан бастап, толық жұмыс күні үшін 350-400 мың теңгеге дейін төлеуге дайын. Жұмыс ұсынушылардың талабы бойынша бұл жұмысқа тәжірибесі мол бала күтуші керек. Төленетін бұл ақыға бала күтуші баланы тамақтандыру, ойнатудан бөлек далаға серуендетуі және ойыншықтарын жинап, гигиенасына жауапты болады. Ал кейбірі зейнетақы жарнасын төлеуге дайын екенін жазады. 

Аудандағы бала күтушіге берілетін бағаны да біраз зерттеп көрдік. Олардың күндік жалақысы 2500-3000 теңгені құрайды. Ал кейбірі айына 70 мың төлейтінін айтса, ең көп дегені 80-90 мыңға барады. Бұл жұмыссыз отырған бәзбіреулер үшін едәуір ақша. 

– Бір апта, бір ай не үш ай жұмыс істеп, кетіп қалған бала күтушілерім болды. Бәрінің есіл-дерті – ақша, бала бағудан бұрын ақшаны бірінші орынға қояды. Көбі бала бағуды оңай нәрсе көреді. Бір аптадан кейін жұмыстан жалыға бастайды. Себебі таңнан кешке дейін біреудің баласының еркелігін көтеру оңай емес. Баланы жуындырып, ұйықтатып, ойнатып, тамағын беруі қажет. Менің қызымның тұрақты режимі болғандықтан, күнделікті бір нәрсе қайталанып отырады. Ал оған көбіне жас қыздар шыдамай жатады. Сондай-ақ бала күтушілердің көбіне мейірім жетіспейді дер едім. Балаға тамағын берсем, мультфильм қосып берсем болды деп құдды бір робот сияқты жүреді. Талай қызды көрдім, бар назары – телефонда, – дейді бала күтушінің көмегіне жүгінетін Арайлым Жарасова. 

Әжелер мектебіне балама бар ма?
Жоғарыдағы пікірден байқағанымыздай, бөбекке табыс көзі, жұмыс нысаны деп қарайды көбі. Біреудің өмірінің жалғасы, бір әулеттің болашағы деп қарайтын күтушілер ілуде біреу. Балаға бар уақыты мен ықыласын арнаса да, күтуші оған ата-анасының мейірімі мен махаббатын, атасы мен әжесінің үлгі-өнегесін бере алмасы айдан анық. Көргені көп қарияның тәрбиесін алған бала мен бала күтуші тәрбиелеген бүлдіршіннің айырмасы жер мен көктей болатынын дәлелдеп жату артық болар.

Ата-әже тәрбиелеген баланың, ең алдымен, тілі тез шығады. Өйткені олар бүлдіршінмен үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрады. Қарттың тәрбиесін көрген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеуді меңгереді. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамаушы еді ғой. Бала осылайша үнемі үлкендермен бірге жүріп, өнегелі әңгімесін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырын, шежіресін тыңдап өскен. Көпті көрген қарияларымыз немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге еткен. Осылайша бала ерте жастан-ақ тарихты, халықтың ауыз әдебиетін біліп өсетін. Мейірім мен адалдық та, үлкенге деген құрмет те көбіне ата мен әженің алдын көрген ұл мен қыздың бойынан табылады. 

Тағы бір ерекшелігі, ата мен әже қолындағы бала бүкіл ауылдың баласындай болып өседі. Ауылдағы үлкендердің қайсысы болса да «пәленшенің баласы ғой» деп маңдайымыздан мейірлене иіскеп, «атасы мен әжесін бағатын осы ғой», «бұл тіпті бәрімізді бағады» деп айналып-толғанғанын қалай ұмытайық?! Тіпті, осы бір-екі ауыз сөз арқылы сенің ата-ана алдында борыштар екеніңді санаңа сіңіріп отырады. Сондықтан ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп, оларды нағыз адам, азамат етіп тәрбиелеуде ақ жаулықты әжелер мектебінің еңбегі орасан екенін баса айтуға тиіспіз. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгіме мен жыр-дастандар тыңдап өскен бала Абай дана Абайға, қазақтың ұлы ақынына айналды. Ал Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан замандастарының алды болып қана қоймай, қазағының атын шығарды, халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы болды. Айта берсек, ата-әже мектебінен сусындап өскен қазақтың біртуар ұл-қыздарының есімін тізіп бітпесіміз анық. 

Сан түрлі көзқарас
Бала күтушіге деген қоғамда әртүрлі көзқарас бар. Бірі – қолдайды, бірі – даттайды. Ал енді бұл қызметте жүрген жандардың өзі не дер екен?

– Бір отбасында бала күтушісі болып қызмет етіп келе жатқаныма үш жыл болды. Баланың ата-анасы асып-тасқан байлар емес, шағын кәсібін дөңгелетіп отырған қарапайым отбасы. Таңнан кешке дейін жұмыстан қолы босамайтындықтан, ұлдары күні бойы менің қарауымда. Тамағын беремін, серуендетемін, киім-кешегін реттеймін, кітап оқып берем. Жұмысты алғаш бастағанымда балақай небәрі 1-де болатын. Биыл жасы төртке толады. Балаға әбден бауыр басып қалдым. Кейде өз ата-анасынан гөрі маған жақынырақ па деген ойға қаламын. Жасыратыны жоқ, бастапқыда бұл жұмысты тек ақша үшін істейтінмін. Жұмысқа келіп-кетсем, үй иелерінің көңілінен шықсам болды деген оймен жүретінмін. Бөбекке аса ықылас таныта қойған жоқпын. Уақыт өте келе жақсы көріп кеттім. Бала күтушісін жалдау – заман талабы. Одан үркудің қажеті жоқ, – дейді бала күтушілердің бірі. 

Алдыңғы аға буынның айтар әңгімесі де тым бөлек. Оған да құлақ түріп көрелік. 
– Баланы күтушінің қарауына қалдыратын отбасыларды түсіне алмаймын. Ол – сенің өміріңнің жалғасы, болашағың. Ғұлама ғалым Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» деп текке айтқан жоқ. Баланың қандай азамат болып қалыптасары кішкентай күнінде бойына сіңірілген тәлім-тәрбиеге байланысты болмақ. Сондықтан дүние күйіп кетсе де, жұмысың жүрмей қалса да, бірінші кезекте балаңды өзің өсір. Оны өзгенің тәрбиесіне қалдырғаның – болашағыңды біреудің ықтиярына бере салғаныңмен тең, – дейді Аман есімді ағамыз.

Ал жастардың дені мұны қос қолдап қолдайтынын айтады. Тіпті мамандарды оқытатын арнайы орталық ашылса деген ұсыныстарын да жасырмады. 
– Негізі біздің елімізде бала күтушілерді дайындайтын орталық ашу керек секілді. Себебі бала күтушіге кез келген адамды ала алмайсыз. Кімнің психикасы қандай, дұрыс адам ба білмей жатамыз. Қазір екінің бірі педагог, психолог дипломын алып кетті ғой. Осы ретте сондай бір бала күтушілерді дайындауды ұсынар едім. Бұл өздері үшін табыс көзі болса, біз үшін де тиімді болары сөзсіз, – дейді Жанар Әбілтаева. 

Түйін
Қалай десек те, бала күтушілердің бәсі нарықта төмендемесі анық. Тіпті күн сайын сұраныс артып барады. Көп аналарға бала күтушісін жалдап, өзі жұмыс істеген тиімді болып отыр. Дегенмен, осы орайда елімізде бала күтушілерге арнайы талап қойып, ережесін бекітсе құба-құп. Қанша дегенмен, баламен жұмыс істейтін қызметкердің жалақысына білімі сай болса, ата-ана да қуанатыны анық, күмән де азаяр еді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
15 қыркүйек 2024 ж. 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 007

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031