Демографияға демеу: жөргекпұлдың «жасы» өсті
qarmaqshy-tany.kz Адами капитал әрқашан елдің тұрақты дамуы үшін шешуші рөл атқарады. Кез келген елдің демографиясы ішкі саясат, экономикаға тікелей әсер ететіні белгілі. «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» дейтін қазақ топырағында жылына қаншама бөбек дүние есігін ашады. Айта кетейік, елімізде ұлттық саясаттың басым бағытының бірі – демографиялық өсім. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылықты үнемі назарда ұстап келеді.
Биылғы жылдан бастап енгізілген әлеуметтік қолдау шаралары да осы басымдықтардың аясында жүзеге асуда. Соның бірі – бала күтімі мерзімін 1,5 жасқа ұзарту. Жаңа Кодекстің негізінде жүзеге асып жатқан әлеуметтік қолдау жас аналардың қуанышын одан әрі еселеуде. Әлбетте аналар үшін бала күтіміне берілетін жәрдемақының көмегі көп. Бұл жаңалықтан кейін аналар бірінен соң бірі «баламның несібесі ғой» деп жәрдемақының ұзартылғанын сүйіншілеп таратты. Бала күтімімен үйде отырған аналар үшін бұл, әрине қуанарлық жағдай.
Елімізде бұл төлемді 600 мыңнан аса ана алып отыр. Оның 500 мыңнан астамының жұмысы болса, 60 мыңы – жұмыссыз. Ал, 1,5 жасқа дейінгі жаңа төлемді 160 мыңнан астам ана алып отыр.
Иә, бұл күндері баласының бабын жасап үйде отырған аналар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақылар бар. Мәселен, бала туғаннан соң ай сайын жөргекпұл төленіп отыратыны белгілі. Жыл басынан бері бұл жәрдемақының мөлшері ұлғайды. Жаңалықтың аналарға жаққаны рас. Осыған дейін аналар жүргекпұлды бала 1 жасқа толғанша алып келсе, енді оны 1,5 жасқа дейін алуда. 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін бір жасқа толмаған барлық бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға ұзарды. Ал 1 қаңтардан бастап туған балаға төлем бірден 1,5 жасқа дейін тағайындалды.
Бала күтімімен үйде отырған аналар сәбиі бір жастан асар-аспастан жұмысқа шығуға асығатын. Мұның себебі де жоқ емес. Ортайған табыстың орнын толтырғысы келеді. Қаржылық жағдай қыспаққа салғанда, оларды ешкім айыптай алмас, сірә?!
Рас, қазір жұмыстың қарбаласымен атаананың қолы тие бермей, бала тәрбиесіне толыққанды көңіл бөле алмай қалып жататыны да жасырын емес. Соның әсерінен есін енді жия бастаған бүлдіршіндер бала күтуші мен балабақшадан тәрбие алуда. Ал ата-ана беретін тәлімі мен жылулығының жайы тіптен бөлек. Жөргекпұлдың «жасы» ұзарғандығына жер-жерде ата-аналардың қуанып жатқанын көріп біліп жүрміз. Бұл бала болашағы мен тәрбиесіне зер салуға жасалған анық қадам. Тіпті, демографиялық қарқынның өсуіне де септесер дүние десек, артық айтқандық болмас.
Түйін. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді дана халқымыз. Дей тұра шарықтаған нарықта баланы жұртқа жалтақтатпай асыраудың өзі айтарлықтай шаруа екенін ескеру керек секілді. Осы орайда жөргекпұл мерзімінің ұзаруы демографияға демеу болары анық.
Ақнұр САҒЫНТАЙ