» » Қазақстандағы демография: ел дамуына әсер ете ме?

Қазақстандағы демография: ел дамуына әсер ете ме?


Адами капитал әрқашан елдің тұрақты дамуы үшін шешуші рөл атқарады. Кез келген елдің демографиясы ішкі саясат, экономикаға тікелей әсер етеді. «төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» дейтін қазақ топырағында жылына қанша бөбек дүниеге келеді? Біздегі демографияның бүгінгі ахуалы қалай? Бала туу көрсеткіші ел экономикасына қалай әсер етуде? Саралап көрелік.

Елімізде бала туу көрсеткіші жыл са­йын артып келеді. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметі бо­йынша, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсанында республикада 425,6 мың бала өмірге келген. 2019 жылдың тиісті кезеңі және 8,5 мың адам немесе 1987 жылмен салыстырғанда 2 процентке артық (туу саны бойынша алдыңғы рекорд – 417,1 мың адам).

Әлемдегі жай қалай?
Қазір әлемде дамыған елдердің бір бөлігі – демографиялық дағдарысты бастан кешуде, ал екінші бөлігі – тууды ынталандыру және мигранттарды тарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды қолға алуда. Дамыған елдің көбінде бір-бірімен байланысты екі жаһандық проблема бар – туу көрсеткішінің төмендеуі және халықтың ерте қартаюы. Денсаулық сақтаудың жақсаруына байланыс­ты тамақ өнімдерінің сапасы, халықтың өмір сүру ұзақтығы жоғарылайды. Ал елдегі туу деңгейінің төмендеуі халықтың көп бөлігінің қартаюына алып келеді.
Демографтардың айтуынша, туудың жалпы коэффициенті әр әйелге 2,2 тең болуы керек, бұл елдегі тұрақтылықты сақтайды. Алайда коэффициент төмендегенде немесе 2,1-ден төмен болғанда, ел халқының саны азая бастайды.
2017 жылы АҚШ-та туу коэффициенті 1,76, ал өмір сүру ұзақтығы 78 жас болған. Елде әйелдердің көбі 35 жастан асқанда ана болады. Испанияда, Ұлыбританияда, Сингапурда және басқа елдерде жағдай осы секілді. Оңтүстік Кореяда үкімет «сәбилер дағдарысына» қарсы күресте екінші және одан кейінгі балаларға ақшалай төлемдер төлейді, тууды ынталандыру үшін осындай төлем Ресейде және басқа елдерде жасалады. Ал туу коэффициенті жоғары елдердің қатарында Африка көш бастап тұр. Онда бір әйелдің бес және одан көп баласы бар.
Сондай-ақ халық санының жылдам көбеюі кейбір елдерге кері әсерін тигізіп жатыр. Мәселен, Африка мен Азия мемлекеттеріндегі бақылаусыз туу экономикаға, осылайша әлеуметтік жағдайға зиянын тигізуде. Ол елдердің бала туу көрсеткіштерінің тым жоғары болуы үлкен мәселеге айналды. Негізінен экономикасы нашар дамыған бұл елдерде жұмыссыздық мәселесі белең алып отыр. Ал бақылаусыз бала туу одан сайын жұмыссыздықты көбейтіп, халық арасындағы наразылықтарға алып келуде.

Қазақстанда демографиялық
жағдай қалай?

Кейбір тарихи оқиғалар қазақ халқының демографиясына үлкен соққы тигізді. Оның ішінде қазақ даласында орын алған ашаршылықтың зардабы ауыр болды. Демограф Мақаш Тәтімовтың айтуынша, аштық әсерінен қазақтар халық санының жартысына жуығынан айрылған. Сонымен бірге екінші дүниежүзілік соғыста 2 миллионнан аса қазақтың 350 мыңы соғыста қайтыс болды. Оның ойынша, егер осы оқиғалар болмағанда, қазақтың саны бүгінде 32-35 миллионға жетуі мүмкін еді.
Ал енді мемлекетіміздің қазіргі демог­рафиялық бейнесіне тоқталсақ. 2020 жылы Knoema World Atlas мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасында туу коэффициенті бойынша бір әйелге 2,7-ні құрады. Бұл елдегі тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін ел үшін өте жақсы коэффициент. Бірақ елдегі демографияға кері әсер ететін сәбилер өлімі, халықтың шетелге эмиграциясы сияқты факторларды да айта кету керек.
Туу коэффициентінің өсуіне әсер еткен фактордың бірі – экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) ұсынатын орталықтардың көбеюі. Сондай-ақ осы рәсімге мемлекет бөлетін квоталар бар. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында квота 7000-ға дейін өсті. Әрине, бұл елдегі туу көрсеткішінің алдағы екі жылда өсуіне оң әсерін тигізеді. Осыдан 5-10 жыл бұрын көп отбасы мұндай орталықтарға жүгінбеген болса, бүгінде экстракорпоральды ұрықтандыру қажеттілігі әрбір алтыншы отбасына әсер етуде.
Мемлекет басшысы перзентханалардың алдыңғы қатарлы жабдықтармен және жоғары білікті қызметкерлермен қамтылуы туу деңгейіне, атап айтқанда өмірге келетін балалардың денсаулығына да әсер ететінін ескеріп, облыс әкімдерімен бірге барлық денсаулық сақтау ұйымдарына тапсырма берді.
Қазақстанда төлемдер мен жеңілдіктер баланың туылуына байланысты барлық әйелдерге беріледі. Бұл баланың туылуына байланысты белгіленген мемлекеттік біржолғы жәрдемақы. Бұл бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК (110 846 теңге), төртінші және одан көп балаларға 63 АЕК (183 771 теңге) құрайды. Сондай-ақ, жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жасқа дейінгі төленетін ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы 16 801 теңгеден 25 961 теңгеге дейін беріледі.
Жұмыс істейтін әйелдер үшін, белгіленген мемлекеттік біржолғы жәрдемақыдан басқа, жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірістерінен айрылу жағдайларында біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылады. Ең максималды сома – 1 124 550 теңге және бір жасқа толған кезде баланы күтуге байланысты табысынан айрылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлем декреттік демалысқа дейін алынған табысқа байланысты 119000 теңгеден аспайды.
Соңғы онжылдықтағы жаһандық демо­­­­графиялық өзгеріске байланысты әлем бола­шақта ауқымды демографиялық өзгерістерге тап болады. Бұл БҰҰ-ның 2019 жылы жария­ланған 2100-ге дейінгі халыққа арналған бол­жамымен расталады. Болжам бойынша, Қазақстанда 28 миллионға жуық адам өмір сүреді, туу коэффициенті 2-2,25 аралығында болады. Туу коэффициентінің ұқсас көрінісі Африка аймағындағы кейбір елдерден басқа барлық елдерде болжанады.
Ресейде халықтың демографиялық құл­дырауы байқалуда, бірақ Ресей үкіметі елдегі туу коэффициентін (ана капиталы) ынталандыру үшін әр түрлі бағдарламаларды және шетелде тұратын отандастарды ерікті түрде қоныс аударуға көмектесетін мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда.

Көшпенділер қалай көбейді?

Тарихшылардың айтуынша, көшпенді еркектерінің өмір сүру ұзақтығы тым қысқа болған көрінеді. Оның басты себебі – үйде өлгенді ар көріп, майданда өлуді даңқ санайтын көшпенділердің нағыз жауынгерлік түсінігі болса керек. Тоқтаусыз жортып, дамылсыз соғысатын әрі оны азаматтық парызы санайтын ерлердің көпшілігіне қартайып өлуді тағдыр жазбапты. Осылайша тоқтаусыз соғыстан талай есіл ерлердің сүйегі далада қалып, әйел-баласы қайғы жұтты. Өлім-жітімнің көбеюі халықтың санын азайтып, ақырында демографиялық апатқа ұрындырары айтпаса да түсінікті.
Бүгінде 18-30 жас аралығы «жастық кезең» деп есептеледі. Тіптен бұл жастағы ерлердің көп сандысы бойдақ болуы да мүмкін. Ал көшпенділер үшін 30 жас нағыз орда бұзар шақ. Сондықтан көшпенділер өсімнің жылдам болуы үшін балаларын ерте үйлендірген. Аталарымыздың «Он үште – отау иесі» деген мақалының мәнін енді түсінген боларсыз. Қарапайым арифметикаға салар болсақ, 15 жасында үйленген ер адам 30 жасына дейін арасына үш жылдан салғанның өзінде 5 баланың әкесі атанады. Бірақ соғыспен бірге ауру-сырқау, табиғи апат секілді факторларды да ұмытпаған жөн. Осыдан келіп, өсімнің нәтижелі болуы үшін полигамияға жүгінген. Яғни, көп әйел алуды заңдастырған. Енді қайта есептеп көрейік. 15 жасында үйленген сол ер 3 әйел алса, 30 жасқа келгенше әр әйелінен орта есеппен 3 балалы болғанның өзінде 9 баланың әкесі атанып үлгереді. Демек өзі өлгенімен артында 9 бала қалады. Өзінің және үш әйелінің орнына 4 баланы шегеріп тастасақ та, халық саны 5 адамға артады. Бірақ біздің бұл есебіміз тек жорамал. Шын өмірде бұдан әлдеқайда артық болуы да мүмкін.
Жер ғаламшарында қазір 7,6 миллиард адам өмір сүреді. Халқы ең көбі – Қытай, екінші орында – Үндістан. Адам санын, олардың ішіп-жемін есептейтін сарапшылар бар. Олардың пікірінше, 2100 жылы Жерде 11 миллард адам жер басып жүреді екен. Оның көбі егде жастағылар болады-мыс. Бұл болжаммен келіспеске де шараң жоқ, БҰҰ мен Вашингтон университетінің ғалымдары 2014 жылы дабыл қаққан еді. Олар әлемдегі кәрі адамдар саны бес жасқа дейінгі балалардың санынан асып түскенін айтты. Бұлай жалғаса берсе, дүниеге табиғи жолмен ұрпақ әкелу жерден жеті қоян тапқандай жаңалық ретінде қабылданар күн алыс емесін ескертті.

Түйін.
Еліміздегі қазіргі демографиялық жағдай қарқынды дамып келеді. «Балалы үй базар» дейтін отбасылардың сәби сүюіне жағдай да жасалынуда. Қазақстанда күніне орта есеппен 1146 сәби дүниеге келеді екен. Осы тұста шарықтаған нарықта баланы жұртқа жалтақтатпай асыраудың өзі айтарлықтай шаруа екенін ескеру керек секілді.

Ақнұр САҒЫНТАЙ


27 наурыз 2021 ж. 3 530 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 338

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930