» » Еңбек өмірді ұзартады

Еңбек өмірді ұзартады

Қызмет жайымен жүріп талаймен тілдесіп, талай жанмен дидарласамыз ғой. Адамдардың өмір, еңбек жолына терең үңілеміз. Сондағымыз – қызығы мен шыжығы қатар жүретін дөңгелек дүниеде ұрпағымыз өнегелі болып өссе екен деген емеурін баяғы. Оның ішінде адам баласы үшін еңбектің айнымас серік екенін ұқтыру, еңбекпен дос болғанның ырысы тасып, берекесі артатынын насихат ету.

Жақында Алдашбай ахун ауылында болып, саналы өмірін туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнаған Әбутәліп Қартаңбаев ағамызбен  жүздесіп қайттық. Еңбектің қара қазанынан қайнап шыққан азамат бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Бақытты отбасының ортасында. Таудай әкесі, ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің биік қорғаны. Зейнетке шықса да қол қусырып бос отырған жоқ. Қолынан кетпені, иығынан шалғысы түспеген. "Адал еңбек кімнің де болсын ат-абыройын өсіріп қана қоймай, ұзақ өмір сүруіне де септігін  тигізеді" дейді ол өнегелі сөзімен біздің назарымызды аударып.   

Ауыл тумасы 1951 жылы өмір есігін ашқан. Осындағы 8-сыныптық мектепте білім алып, әрі қарай онжылдықты іргелес жатқан Тұрмағамбет ауылынан бітіріп шыққан.

– Ол кезде мектепте трактор жүргізудің оқуын оқытатын. Бітіре сала трактор тізгіндедім. 1970 жылы әскерге алындым. Ресейдің Орск әскери бөлімшесінде, Ясный қыстағында борышымды өтедім. Қызылорда облысынан сонда 101 бала болдық. Әскерден оралған соң ауылшаруашылығында түрлі техника жүргізіп, еңбек жасадым. 1980 жылдан бастап көлік жүргіздім. 5-6 жыл көлемінде экспедитор қызметін атқардым. Комбайнды да еңсерген кезім болды, – дейді ол еңбек жолына көз жүгіртіп.

Одан кейін ауыл азаматы 1987 жылдан бастап 5 жыл жүгері егумен айналысқан. Оны күтіп-баптап, жоғары өнімге қол жеткізген. Жүгері еге жүріп, бақшаны да қоса алып жүріпті. Бозбала күнінен бастап ағамыздың еңбексіз бір күні болмапты. Бақша егіп келе жатқанының өзіне 40 жылдай уақыт өтіпті. Әрине, аз уақыт емес. Бұл шаруаны ол бала-шағасымен, жан-жары, өмірлік серігі Күлаш Кенжебековамен бірге атқарысып келеді. Ерлі-зайыптылар 7 баланы дүниеге әкелсе, олардан 19 немере, 1 шөбере сүйіп отырған жайы бар.

Перзенттерінің үлкені Гүлжайна мектепте мұғалім. Аманғали мен Жақсылық қол жұмысын істейді. Ерлан құрылысшы. Еркеғали жолбойында еңбек етеді. Гүлназ Астананың тұрғыны.

– Ерланнан басқасының барлығы отбасылы. Апаларың мен қайда жүрсем, ол кісі сонда жүреді. Жүгеріні де, бақшаны да бірге ектік. Биыл 1 гектарға жуық жерге қауын, картоп отырғыздық. Өнім жаман емес. Бала-шағаға жетеді. Сатып алсаң, берекесі болмайды. Ауылда отырып көкөністі сатып алу ретсіз дер едім. Ен байлықтың үстінде отырып, оның игілігін көрмесек, ұрпағымызға қандай үлгі көрсетпекпіз. Қажетіңе қарай молынан егіп алғанға не жетсін?! Бірден айтайын, алған өнімімізді сатпаймыз. Ағайын-туысымыз, сыртта балалар бар, соларға ауылдың дәмі деп беріп жібереміз. Келешекте аяқ су жақсы болып жатса, әлі де еге береміз. Жасым 74-ке келеді. Еңбек дегеннен шегінген жан емеспін. Маңдайың терлейді, бірақ тамағың тоқ болады, там-тұмдап отырмайсың. Қыстық қорыңды жасап, көктемге дейін жиған-тергеніңді алаңсыз тұтынасың. Әрине, саған біреу келіп істеп бермейді. Қозғалыстың өзі денсаулық. Еңбек адамға бақыт сыйлап қана қоймайды, сонымен қатар денсаулық та сыйлайды. Өміріңді ұзартады, одан артық  адамға қандай байлық қажет.

Мемлекет басшысы халыққа жолдаған Жолдауында 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жариялады. Бұл өте орынды бастама. Бұдан шығатын қорытынды – елімізде еңбек адамына деген құрмет-қошеметтің арта түсетіні сөзсіз, – дейді ардагер.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК       
10 қыркүйек 2024 ж. 244 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031