Адалдықтан айнымаған азамат
Әр заманда қатарынан оза туып, халықтың құрметіне бөленген атпал азаматтарға қазақ халқы кенде емес. Тарих тереңіне үңілер болсақ, кешегі аумалы-төкпелі, ел басына күн туған қилы заманда да, бүгінгі жайма-шуақ бейбіт заманда да елдің ертеңін ойлаған, көрегенділік танытып, ұрпаққа өнеге болған арда азаматтарымыз жетерлік.
Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар, ер сенімін ел сақтар» деген қанатты сөз бар.
Жалпы адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Себебі, шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап ана сүтін емудің өзі еңбекке жатады емес пе?
«Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек мұратқа жеткізер», «Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады» деген даналық сөздер еңбектенудің адамдарға қажетті нағыз байлық екендігін көрсетеді. Ал іс-әрекетсіз бос жүру, еріншектік, жалқаулық – жаман әдет болса керек.
Адамдар еңбек ету арқылы көптеген жетістікке қол жеткізеді. Қысқасы, қоғамдағы байлықтың бәрі еңбектен тұрады.
Жоғарыда айтқанымыздай, киелі Қармақшы өлкесі де сондай арда азаматтардан кенде емес. Солардың қатарында ауданымыздың тумасы Жамбыл Қосбергенов те бар.
1954 жылы ауданымызға қарасты Молотов ұжшарында дүниеге келген Жәкең бар саналы өмірін туған жерінің дамуына арнап өткен Сүйінтай ата мен 13 баланы өмірге әкеліп, Батыр ана атағына ие болған алтын құрсақты Шынаркүл анамыздың отбасында дүниеге келген. Өзі туып-өскен қазіргі Иіркөл ауылында, кейіннен Жосалы кентіндегі No26 Ш.Уәлиханов атындағы мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін тәмамдайды.
Содан жас маман 1975 жылдан бастап Жосалы кеңшарында қызмет етсе, кейіннен оны аудан басшылығы аудандық «Сельхоз» бірлестігіне, Алдашбай ахун кеңшарына бас есепші қызметіне тағайындап, жауапты жұмысты сеніп тапсырады. Ж.Сүйінтайұлы 1985-1986 жылдар аралығында аудандық ұжшарлар кеңесінің хатшысы, ревизор-инструктор қызметтерін абыроймен атқарса, жылдар өте «Октябрь» әскери кеңшарында бас есепші, кеңшар директоры қызметтерін атқарып, сол өңірдің экономикасы мен әлеуетінің өсіп-өркендеуіне үлкен еңбек жасайды.
Ол – қай жерде, қай салада болсын қызмет еткен кезеңдерде басшылық тарапынан өзіне жүктелген міндеттерді орындауда жауапкершілік танытып, құрмет төрінен көріне білген маман. Оның ішінде Байқоңыр қаласы салық инспекциясының бас салық инспекторы, «Долина» АҚ бас бухгалтері, вице-президенті, «Жаңатұрмыс» ЖШС директоры, облыстық банкроттық рәсімдеу комитетінің конкурстық басқарушысы, «Горводоканал», ХСМУ мекемелерінде инженер, бас есепші қызметтерін де лайықты атқара білді.
«Еңбек түбі – береке» дегендей, бүгінде ұзақ жылдарғы еткен еселі еңбектің бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты азамат – ауданымыздағы құрметті зейнеткерлердің бірі. Десе де, ол қазіргі таңда бос отырмай, аудандағы мал және балық шаруашылығын өркендету мақсатында «Сүйінтай» шаруа қожалығы және егін шаруашылығымен айналысатын «Жаңа жер» шаруа қожалығының төрағасы қызметін атқарып келеді. Өмірлік жары Фатимамен отау құрып, 3 ұл, 1 қыз, 11 немере тәрбиелеп өсіруде. Бала тәрбиесіне, олардың жоғары білім алып, ел үшін қызмет етуіне үлкен мән берген атпал азаматтың ұрпақтарының барлығы – жоғары білімді мамандар. Балаларының үлкені Данияр – аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметін атқарады, Айгүл – Қызылорда облысы бойынша Әділет департаментінің бөлім басшысы, Данабек – Төретам кентінде нотариус қызметінде, бақытты отбасының кенжесі Дәулет – «Қызылорда» аумақтық инвестициялық орта- лық микроқаржылық ұйымы» ЖШС-да комплеанс-офицер қызметін абыроймен атқарып жүр. Сонымен қатар осы әулеттің келіндері Майра, Индира, Гүлзия мен күйеу баласы Сұңғат та бірі – қаржы, енді бірі – құқық саласында ел экономикасын дамытуға үлестерін қосып, абырой биігінен көрінуде.
Иә, «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін, жоқшылық деген кесірді, жермен-жексен ететін...» деген сөз Жәкеңнің бүкіл болмысын, келбетін айшықтап тұрғандай. Оны шын мәнінде бақытын еңбектен тапқан айтулы азамат деп айтуға әбден болады.
Ә.БЕГАЛИЕВ,
теміржол саласының ардагері