Тұлға болып тумайды, қалыптасады
Қазақ халқы өз заманында қатарынан оза туып, халықтың құрметіне бөленген арда азаматтарға кенде емес. Тарих тереңіне үңілсек, ел басына күн туған аумалы-төкпелі заманда және бүгінгі бейбіт күнде ел ертеңін ойлап, өскелең ұрпаққа өнеге болған. Осыған қарап оларды заманымыздың алтын діңгегі ме дерсіз.
Туған халқының болашағы мен ұлт құндылығын қастерлеп, ата-бабадан қалған аманатты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді өзіне мақсат еткен атпал азаматтардың бірі – Нұртай Штатбаев ағамыз. Оның аудан экономикасын нығайтуға қосқан үлесі зор. Ол саясаткер, қоғам қайраткері емес, өзінің қарапайымдылығымен туған халқының құрметті азаматы болды.
1930 жылы қарапайым теміржолшы отбасында өмір есігін ашқан Нұртай ағамыздың балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыр кезеңмен қатар өтті. 14 жасында Орынбор теміржол стансасына қарасты Байқожа стансасында теміржол ақауын тексеруші болып еңбекке араласқан ол 1945-1951 жылдары ПЧ-12 учаскесінде тексеруші, кейін бригадир болып жұмыс істеді. Одан әрі жас теміржолшы білімін жетілдіруде Ақтөбе теміржол көлігі техникумы жанындағы техникалық мектебінде білім алып, басшылардың жолдамасымен Жосалы стансасына қарасты Ордазы карьеріне теміржол бригадирі, тепловоз машинисі болып абыройлы еңбек етті.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тапсырмаларды тиянақты да, тындырымды істерімен танылған жас теміржолшы 1954 жылы жол шаруашылығы және жол көлігі саласындағы елеулі енбегі үшін КСРО Қатынас жолдары министрлігінің «Үздік теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды. Әрі қарай 1954 жылы Орынбор теміржолының Ордазы балласты карьерінің экскаватор жүргізушісінің арнайы курсын тәмамдап, экскаватор машинисі ретінде жұмысын жалғастырады. Нақтысын айтқанда, 1955-1961 жылдары елімізде теміржол саласын дамытуда Ресей Федерациясына қарасты Чкалов облысы, Павлов ауданы, Қарғалы машина-трактор стансасында, кейіннен Жосалы стансасына қарасты Ордазы карьеріндегі №01086 әскери бөлімінде экскаватор машинисі болып еңбек етті. 1961 жылдан 1991 жылдар аралығында «Қызылордаводстрой» тресінің №30 жылжымалы механикаландырылған колоннасында аудан бойынша экскаватор учаскесінің аға экскаватор машинисі болып жұмыс істеді.
Жемісті де табысты еңбегі, жұмысқа деген адалдығы, сондай-ақ еліміздің, оның ішінде өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін, сонымен қатар өскелең ұрпаққа тәлімгерлік қызметі мен туған елінде өтіп жатқан қоғамдық жұмыстарға белсенділігі, оның өркендеуіне қосқан үлесі үшін Нұртай Штатбаев бірнеше рет орден-медальмен, төсбелгімен марапатталды. Атап айтқанда, 1975 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен бүкілодақтық социалистік жарыста қол жеткізген жетістіктері мен халық шаруашылығы жоспарларын және егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде қабылданған міндеттемелерді орындаудағы еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, 1970 жылы шаруалар көсемі В.Лениннің туғанына 100 жыл және «Ерен еңбегі үшін» медальдарын омырауына тақты. Одан әрі Нұртай ағамыз ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, КСРО халық шаруашылығындағы жетістіктері үшін Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесінің күміс, қола медаліне ие болды. Арнайы шақырылған қонақ ретінде Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысты.
Өнегелі өмір жолымен ел құрметіне бөленген ағамыз 1973, 1976, 1977, 1978 жылдары бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы, «ІХ-Х-ХІ бес жылдықдың үздігі», «КСРО су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, облыстың «Үздік құрылысшысы» атағын иеленді.
Сонымен қатар, ұзақ жылғы ел дамуы жолындағы елеулі еңбегі үшін «Еңбек ардагері» төсбелгісін омырауына тағып, елімізде ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсартуда егіншіліктің тұрақтылығын арттыруда маңызды рөл атқарды.
Осы ретте естеліктерге сөз берсек, ауданымыздың Құрметті азаматы Жақсыбай Жәкеев ағамыз Нұртай Штатбаев туралы «Ол аудан орталығындағы ПМК-30 мекемесінде қызмет еткен жылдарда үкімет тарапынан ерекше мән берілген жұмыстардың бірі – мелиоративтік жұмыстарды тиімді пайдалануға бағытталған ұйымдастырушылық-шаруашылық және техникалық іс-шараларды орындауда ерекше белсенділік танытты. Қызылорда облысы күріш өсірумен танымал екені рас. Бұл тұрғыда экскаваторшылар күріш алқаптарын суару үшін арналарды жеткізуді қамтамасыз ететін күш болды. Жер және су ресурстарын пайдалану тиімділігі, ауыл шаруашылығы күріш дақылдарының жоғары және тұрақты өнімін алу елдің, оның ішінде облыстың азық-түлік бағдарламасын шешуге бағытталған еді. Міне, осы ретте, ПМК-30-да экскаватор машинисі, мелиоратор болып 30 жылдан астам енбек еткен Нұртай Штатбаевтың ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі зор болды десек артық айтқандық емес. Ол бойындағы күш-жігерін күріш алқаптарын суару және олардың аумағын ұлғайту үшін жол-канал салу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары және тұрақты өнімін алуға мүмкіндік жасауға арнады. Нұртай ағамыз өңірімізде азық-түлік бағдарламасын шешу мақсатында партия қойған шаруашылық жоспарлары мен міндеттерін орындауға бар күшін салды. Ол тіпті партия тапсырмасымен Қармақшы, Арал, Жаңақорған, Шиелі аудандарында еңбек етті. Оның өмір жолы туған жерге, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі, жаңа білім мен жұмыс әдістерін іздеуі, жақындары мен әріптестеріне деген қамқорлығы ұрпақтары үшін шабыттандыратын үлгілі іс болды» дейді.
Білікті маман саналы өміріне серік еткен эксковаторда жұмыс істеуге, оны жөндеудің техникалық процесін үйренуге ниет білдірген өскелең ұрпаққа тәлімгер де болды.
«Отан отбасынан басталады» деген ұғымды санасына сіңіріп өскен Нұртай аға алтын уықпен бекітілген шаңырағында ұрпақтарына қамқор әке, саналы өміріне серік болған Жібек Кәріқызына адал жар және айналасын қоршаған, қуанышы мен қайғысына ортақтасқан дос-жаранға лайықты дос болды. Ұжымдастарына ақылшы, тәлімгер, аға-інілері арасында құрметке бөленді.
Өмірлік жары Жібек анамызбен бірге Ақылбек, Бердібек, Сәуле, Жанат, Жанымкүл есімді бірнеше ұл-қыз тәрбиеледі. Олардың қоғамнан өз орындарын табуына еңбек сіңірді. Ата-ана махаббатына ие болды. Үкілеп өсірген ұрпақтарынан немере-шөбере сүйді. Бір анадан туған бауырлары Күлпаш, Марияш және ізінен ерген бауыры Балабекке қамқор болды.
«Ағадан қалғанды іні киіп өседі, Ападан қалғанды сіңілі киіп өседі, көргендерін бойына түйіп өседі», – дегендей, бауыры Балабек туралы да бірер сөз айтып кетсек. 1963 жылы еңбек жолын ағасы Нұртайдың қолдауымен №30 жылжымалы механикаландырылған колоннасында экскаваторшы көмекшісі ретінде бастаған Балабек далалық жағдайда, аязды қыста және шіліңгір шілденің ыстығына қарамастан, еңбекқорлығы және жұмысқа деген жауапкершілігімен ерекшеленді. Бірнеше рет бүкілодақтық «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды. КСРО Қорғаныс министрлігінің дипломымен, «Әскери құрылыстың үздігі» төсбелгісі және алғыс хаттармен мадақталды. Ол да ағасы сияқты шаңырақ көтеріп, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.
Түйін
Осындай сан салалы еңбегімен артына мол мұра қалдырған Нұртай Штатбаевтай азаматты ел данагөйлері «Алтынның азбағы, асылдың тозбағы, жайсаңның жаттан шығып, ұмытылмағы тіпті де мүмкін емес» деген екен.
Ендеше, саналы ғұмырын еңбекке, өскелең ұрпақтың жарқын болашағына арнап, бойындағы дара дарынын ұлтжандылықтың ұрығы ретінде арнаған Нартай ағымыздың өнегелі өмір жолы, ұлтжандылық қасиеті келешек ұрпаққа дарыры сөзсіз.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ