Ел игілігіндегі елеулі еңбек
Ақпан айының орта шамасында облыстық атқару комитетінен телефон соғып, Петропавловскінің ауыл құрылысы комбинатынан желімделіп жасалған иінді конструкциядан құрастырылатын модульдің заттарын аласыңдар деген хабар келді. Біз бұған қайдан келген батпан құйрық деп бір жағынан таңданып, екінші жағынан қуанып қалдық. Ол кезде аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқаратынмын. Өзім қайта телефон шалып, бұл құрастырылатын модульдің сметасы, жобасы қайда, кім тапсырыс беруші болады, қаржыландыру қайдан деген сауалыма, сонда облыстық басқарманың бастығы Камал Нүрекешов «сол жақта жүр,сол кісіге барсаңыз, көмектеседі» деген ғана жауап алдым.
Ол кісі болса, «Менің көмегім – типтік жобадағы құрылыстың жобасын тауып беру, содан басқасын өздерің жасап аласыңдар, басқа қолымда қазір ешқандай құжат да, қаражат та жоқ» деп басын ала қашты. Ауылдағы басшылар беріп тұрған нәрсені алып қалу керек, қалай болғанда барын алып келуің керек деп, қолыма іс-сапар куәлігін, бұйрығымен беріп қойды. Енді не істеуім керек? Қызылордаға барып облыстық ауылшаруашылығы техникасы бірлестігінің және облбаздың сенім хаттары мен қатынас қағаздарын алып, Петропавл қаласына жүріп кеттім.
Ол жақта жүргенде басқарма басшысы алдын ала айтқанындай, Тереңөзек ауданына арналып жасалған модульдің жобасын қолымызға берді де өзі ауылға қайтып кетті. Біз ол жаққа 6 ауданның өкілі барғанбыз. Енді әркім өз күнін өздері көреді, қалай алады, қалай келіседі өздері шешетін болып қалдық. Оның үстіне СҚО облысынан басқа тұтынушыларға ақшасын аударып бергеннен соң ғана қоймадан босатылады деп комбинаттың бас директорының бұйрығын шығартып қойыпты. Мәселе енді тіпті қиындай түсті. Сонымен біраз ойлана келе қандай жүріс жасау керек деген мәселе төңірегінде тез ойланып шешім жасау керек болды. Комбинаттың құрылыс жобалау бөлімінің мамандарына жобаны Қармақшы ауданы үшін деп жасатқызып алдым. Ондағы мамандарға мұндай жұмысты жасауға күшті бақылау қойған екен, сыртқа ештеңе алып шығартпайды. Тек 3-ші ауысым кезінде аздаған уақыт тауып жасататын болып елістік. Далада 30-35 градус аяз ұрып тұр, амал жоқ бүрсеңдеп жүрміз. Осылай жүріп ешкімнің көзіне түспеуің керек деген шартпен 2-3 күнде жасатып алдым.
Енді басқа облыстарға ақшасын аудартпай босатпаймыз деген мәселені шешу біраз қиындық туғызды. Ауылдан, облыстан қаржы сұрағанмен ол жуық арада шешіле қоймайтынын білемін. Сөйтіп жүргенде комбинаттың ішінен институтта бірге оқыған осы облыстың Булаев ауданынан Мұрат деген жігіт кездесе кетті, ол сонда ауданның «Сельхозтехника» бірлестігінде бас инженер болып істейді екен. Жағдайды түсіндіре келе оның өзін көндіріп, басқарушы мен бас бухгалтеріне сөйлесуге Шалкиіз ауданына барып олармен сөйлесіп, «3-4 аптадан қалдырмай ақшаңызды аударып бергіземін» деп сенімхат беріп, комбинатқа сол хат алдырып, риза болып шықтым. Алда тек комбинат басшысының рұқсат берген визасын алсам жұмыстың жартысы бітейін деп тұр. Комбинатқа келіп Булаев ауданына деп модульдық есебін жазғызып, соған бөлінсін, деген бұйрық-нарядтың жобасын дайындап өндіріс орнының бас директорының алдына өзім көрінбей хатшы қыз арқылы қол қойдыруға апарса, «Булаев ауданына бөлінсін» дегенді көріп бірден қол қойып жіберіпті. Сонымен жұмысымның 90 пайызы бітті деп есептеуге болатын еді. Әрі қарай мұны теміржол вагонына тиетіп біржола демалуым керек. Сол күннің жұмыс аяғына дейін екі платформа, бір жабық вагонға Жосалыға деп тиетіп жібергеннен кейін барып бір-ақ тыныстадым.
1-2 күннен кейін жігіттердің айтқаны ғой. Қызылордалық жігіт қандай ыждағаттылықпен модульді вагонға тиеп, ауылына жіберіп үлгерген деп қызметкерлерді іскерлік үлгісі ретінде мысал етіп айтыпты дегенді естідім. Бұл мен үшін үлкен абырой болды. Басқа аудандар модульді тимек түгілі әлі жобасын жасап та үлгерген жоқ еді.
Мен бастаған істі аяқтамағанша тынбайтын әрекетіме барып, енді модульді құрастыруды бастадым. Бірнеше жылдардан бері Байқоңырдың бірлестіктерінен алған материалдарымызды өнеркәсіп өнімі етіп шаруашылық, кәсіпорындарға өндірістік шығындарды қосып қаржыларын арнаулы есепке жинап жүретінмін. Сол бірлестіктердің участок басшыларынан сол материалдар үшін берешектерімді осы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің заттарын алуға жұмсауға келісімдерін сұрауға барсам, олар өздері де маған шығып берешек қарыздарыңды өзінің тұрғындарға қызмет көрсетуге пайдалана беріңіз деп айтуға дайындалып жүр екен. Өйткені кәсіпорындарды Мәскеудің жанына көшетін болып, біраз материалдарды шығыстан шығарып жібергендерін айтып мені үлкен қуанышқа бөлеп еді. Ол жігіттерді Иіркөлдің басына киіз үй тіккізіп, 2 күн қонақ еткен. Отбасы мүшелері мен жақын достарын да шақырғанбыз, керемет мереке болып еді. Ақша қаражатын арнаулы есепте жинақтап, космодромның артық заттарын тауар етіп мекеме, шаруашылықтарды сатып қаржы жинақтаған «Сельхозтехниканың» маман қызметкерлері Болат Әбжалиев, Қоңырбай Тоқтаров, Аязбек Жүсіпалиев, Қанибек Төлеповтерге мың да бір алғыс айтамын. Қанибектен басқасы қазір марқұм болып кетті, жандары жәннатта болсын.
Желімденіп, иіліп жасалған конструкциялардан дене шынықтыру-сауықтыру кешені республикада ең алғаш пайдалануға беріліп, республика басшылары қатысқан семинар-кеңес өткізілді. Петропавловск ауыл құрылысы комбинатының бас директоры М.Клостер қатысып сөз сөйлеп, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары менің аудан спортын жандандырып, бұқаралық санат беруде жасаған жасаған қажырлы еңбегімді атап көрсетіп еді. Осылайшы, Қармақшының тек жүз шайырдың мекені ғана емес, балуандар отаны, жүз спорт шеберінің ордасы атануына алғы шарттар жасалған-ды.
Еламан Ерғалиев, Мақсат Исағабылов сияқты «Қазақстан барыстары» шықты. Халықаралық дәрежедегі, Қазақстанның спорт шеберлері өсіп шықты. Бұл тұста республикаға еңбегі сіңген жаттықтырушы Әділбек Серікбаевтың ерен еңбегін атап көрсеткен дұрыс.
Міне, Шалкиіз ауданының атын жамылып, Петропавловск ауыл құрылыс комбинатынан алынған спорт кешенінің қысқаша тарихы осы. Кешен әлі де ауданда денешынықтыру-сауықтыру ісіне үлесін қоса беретініне сенім мол.
Мырзабек ҚАНАПИЕВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы