» » Достық көпірі

Достық көпірі

ТАЛАЙ ДАРЫН ИЕЛЕРІНЕ КИЕЛІ АТАМЕКЕН АТАНҒАН ӨҢІРІМІЗ ҚАЗАҚ ЖҰРТШЫЛЫҒЫНА ҚАШАННАН ҚАСИЕТТІ. ОНЫҢ ІШІНДЕ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРДЫҢ ҚҰТТЫ МЕКЕНІ ЕКЕНІ РАС. ОҒАН ДӘЛЕЛ "ЖҮЗ ШАЙЫРДЫҢ ОТАНЫ" ДЕГЕН АТАҚ ТЕК ОСЫ ӨҢІРДІҢ МАҢДАЙЫНА БІТКЕН БАҚ, СОНЫМЕН ҚАТАР ОСЫ ЕЛДЕ ТАЛАЙ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ӨЗДЕРІ ТУЫП-ӨСКЕН ӨҢІРГЕ САНАЛЫ ӨМІРІН АРНАП, ҚҰРМЕТТІЛЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ. ОСЫНДАЙ ҰЛЫ ЕСІМДЕРДІ ИЕЛЕНГЕН ӨЛКЕДЕ АРДА АЗАМАТТАРДЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН АУДАН ЖӘНЕ ОНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ЖОСАЛЫ КЕНТІНДЕ КӨПТЕГЕН ИГІ БАСТАМА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП КЕЛДІ. БҮГІНГІ ӘҢГІМЕ АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНДА ОРНАЛАСҚАН, ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ СЕКСЕНІНШІ ЖЫЛДАРЫНЫҢ АЯҒЫНДА КЕНТ ОРТАЛЫҒЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНАН ӨТУДЕ ТУЫНДАҒАН МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДЕ ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ТАРАПЫНАН АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР ЖАЙЫНДА БОЛМАҚ. МІНЕ, СОЛ ЖЫЛДАРДА ЖОҒАРЫДА АЙТЫЛҒАН ИГІ БАСТАМАНЫҢ БАСЫ-ҚАСЫНДА ЖҮРІП, ХАЛЫҚ АУЫЗЫНДА "ДОСТЫҚ КӨПІРІ" АТАУЫМЕН ЕСТЕ ҚАЛҒАН ЖӘНЕ СОЛ ЖҰМЫСТАРДЫҢ САПАЛЫ ӘРІ УАҚЫТЫНДА АТҚАРЫЛУЫНА КУӘ БОЛҒАН "ПЧ-3" ЖОЛ ДИСТАНСАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ АЙТБАЙ БЕКНИЯЗОВ АҒАМЫЗДЫҢ ЕСТЕЛІГІН ОҚЫРМАНДАРҒА ҰСЫНЫП ОТЫРМЫЗ.
«Қандай да болмасын үлкен істің басталуына қашанда бір нәрсе себеп болатыны белгілі. Сондай ел игілігі үшін атқарылған жұмыстардың бірі – Жосалы кенті ортасынан өтіп жатқан теміржол стансасындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің құрылысы дер едім» деп сөзін бастаған Айтбай аға әрі қарай әңгімесін жалғастырып кетті. «Қандай да бір үлкенді-кішілі біткен істің өз тарихы болатыны сияқты қармақшылық ел-жұрт ауызында «Достық көпірі» деп аталып кеткен көпірдің салынып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілуіне сол кездегі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мырзабек Қанапиевтің еңбегі ерекше болғанын, көпірдің салынуы кент тұрғындары арасындағы достық пен сыйластық сенімінің үлкен рөлі болғанын айтар едім. Иә, 1989 жылдың басында ұмытпасам қаңтар айы болуы керек, халық аузында «НОД-1», яғни ресми түрде Қызылорда теміржол бөлімшесінің бастығы Орынбай Жанәділов маған телефон соғып, «Жосалыдан келісім-шарт арқылы аспалы көпір саламыз, соған сен басқаратын мекеме қосалқы мердігер болады» деді. Ол кезде мен «ПЧ-3» жол дистансасының бастығы қызметін атқаратынмын. Әрине, мен бұл жаңалыққа, облыстағы бастығым тарапынан қойылған тапсырмаға қатты қуандым, өйткені бұл кентіміздің екі бетінде тұратын тұрғындар арасында теміржолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден-бір шешім болатын, екінші жағынан жоспардан тыс, тікелей келісім-шарт арқылы дегені мен үшін жауапкершілік жүгінің ауыр екенін көрсететін еді. Ол кездегідей жоспарлы экономика заманында мұндай шешім қабылдаудың өзі үлкен ерлік, жауапкершілікті қажет ететін. Мұның мәні сін де білгім келіп: «Ореке, өзіңіз білесіз, осы аспалы көпірдің айтылып келе жатқанына ширек ғасырдың жүзі болды, бірнеше рет жосалылықтар жоғарыда отырған халық қалаулыларына аманаттап тапсырғанымен, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мырзабек Қанапиев деген азамат Ақтөбе, Алматы қалаларына осы мәселені шешу үшін талай рет сапарлап келгенімен, бұл жұмыс орындалмай, жоспарға енгізілмей келген еді, қалай аяқ астынан шешілетін болды?» деген күдігім мен қуанышымды жасырмай айтып қалдым.
Сонда «Оның мәнісі мынау» деген марқұм боп кеткен Орекең ағамыз: «Бұл ауданның байқоңырлықтарға көрсеткен көмегі үшін министрдің берген ризашылығы деп түсін» деді. Мен бірден түсіне қойдым. Бұған себеп, сол жылы қаңтардың қаһарлы аязында қатып қалған қиыршықталмаған тас тиелген екі жүк пойызы составын үш тәулік бойы түсіре алмаған байқоңырлық теміржолшыларға көмекке келген жосалылықтар бір тәулікте түсіріп берген еді. Әрине, бұл жұмыстарды жергілікті билік пен мен басқарған мекеме қызметкерлері қолына алған жұмысшы-механизаторлардың көңіл дерін көтеріп, жұмыс басына ыстық тамақ алдырып, жылынып алатын вагон қойғызып, үлкен ұйымшылдықтың үлгісін көр сеткенін бүгінгі ұрпақ өкілдері білмесе де сол жылдардағы аға буын ағайындар жақсы біледі. Содан екі-үш күннен кейін болған одақтың селекторлық кеңесінде КСРО Қатынас жолдары министрі Николай Конарев жосалылықтардың еңбек ұйымдастырудың өте жоғары нәтижелі көрсеткен еңбек үлгісін байқоңырлықтарға мысал етіп, рақметін айтып жатқанда аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Мырзабек Қанапиев дереу тетікті басып қалып, «Біз қазақтар көршімізге бір үзім нанды бөліп бергендерміз, тағы да көмектесе береміз. Жосалылықтарға көпір қажет» деп айтып үлгерді. Сол сәтте, студияда отырғандарға аудандық партия комитетінің хатшысы Болатбек Сүлейменов «Біздің орынбасар бір оқпен екі қоянды атып түсірді. Өзін де көрсетті, ауданның мәселесін де шешті» деп бәрімізді күлдіріп еді.
Сонымен, қаңтардың аяғында Жанәділов Орынбай мен Қанапиев Мырзабек Ташкент қаласына барып, «Мосто-отряд-67» мекемесімен тікелей келісім-шартқа отырып, «ПЧ-3»-ті қосалқы мердігер ретінде танытып, келісім арқылы жұмысын бастап, үш айдың ішінде «Достық көпірін» Жосалы тұрғындарының игілігіне пайдалануға берді. Бұл көпір «ПЧ-3» мекемесі балансына берілді. Сөйтіп, Қызылорда теміржол бөлімшесінің бастығы Орынбай Жанәділов марқұм мен аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мырзабек Қанапиевтың достығы мен сыйластығының арқасында аудан осы құрылысқа металлда, цементте берген жоқ, тіпті ештеңе сұралған жоқ. Бұл «Достық көпірі» болып қалды деп есептедік» деп әңгімесін тәмамдады Айтбай аға.
Иә, бүгінде құрметті зейнеткерлік демалысқа шығып, ұрпағымен бақытты да шаттыққа толы өмір кешіп отырған ауданның құрметті азаматтарының бірі – теміржол саласының ардагері Айтбай ағамыздың тарихи естелігін оқырмандар жадында қалдыру мақсатында жариялап отырмыз.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ


13 қазан 2022 ж. 779 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930