Кімдікі жөн?
qarmaqshy-tany.kz ЖАҚЫНДА ТӨРЕТАМНАН ҚАЗАЛЫҒА ЖОЛҒА ШЫҚТЫМ. МАҚСАТ – ТӨРКІНІМДЕГІ ҚҰДАЙЫЖОЛҒА ҚАТЫСЫП, ҚОЛ ЖАЙЫП ҚАЙТУ. БАРШАМЫЗ БІЛЕТІНДЕЙ ТӨРЕТАМ МЕН ҚАЗАЛЫ ОРТАСЫНДА АВТОБУС ҚАТЫНАМАЙДЫ, ТЕК 7-8 ОРЫНДЫҚТЫ ТАКСИЛЕРДІҢ НАНЫ ЖҮРІП ТҰР. ҚОШ, СОНЫМЕН АВТОБЕКЕТТЕ БІР АДАМЫ КЕМ КӨК ТҮСТІ 8 ОРЫНДЫ КӨЛІК ЖҮРГЕЛІ ТҰР ЕКЕН. «БІССМІЛЛӘ» ДЕП МӘШИНЕГЕ ОТЫРЫП АЛДЫМ. ОСЫ СӘТТЕ ЖҮРГІЗУШІСІ ЖҮК САЛҒЫШЫНА ЖАНЫНДА ТҰРҒАН АВТОБУСТАН ЗАТТАР ТИЕП ЖАТТЫ. КЕНЕТ ІШТЕ ОТЫРҒАН ҮЛКЕНДЕУ АПА АЙҚАЙЛАП:
– Зат тиеме, қаншама адам отырмыз, тезірек жүрейік, – деді.
Бұл сөзді есітіп тұрған жүргізуші де «Апа, асықсаңыз түсіп кете беріңіз» демесі бар ма? Содан заттарды тиеп алып, автобекеттен шыға бере қасымдағы апам «Сен бала маған неге асықсаң түсіп қал дейсің, анаңдай кісіге қалай-қалай сөйлейсің?» деп айқайға басты. Такси жүргізушісі де қыңыр мінезді екен. «Мұндай айқаймен жолға шықпаймын» деді де қайтадан автобекетке барып, бәрімізді түсіріп тастады. Әлгі апамыз жүргізушіге «жолың болмасын» деген қарғысты айтып қалды. Сөйтіп кезекте тұрған 11 орынды көлікке отырдық. Тағы бір жарты сағаттай уақыт өтіп, 10 адам жиналды. Такси іші күж-күж әңгіме. Әлгі апамыз сөйлеп жатыр.
– Бәрі менің кесірімнен болды, сіздерден кешірім сұраймын. Азанда ертемен Ақайдан шығып, бір сағат автобус күттім, келмеген соң таксимен жеттім. Қанша уақыт далада тұрып, өзім тоңып келген кейін, ашуға беріліп, қатты айттым, – деп ақталып жатыр.
Үлкендеу бір ағамыз:
– Замандас-ау, қазіргі жастарды түсінбейсің, болмаса таңғы несібесін теуіп тұрған адамды бірінші рет көруім. Тойынған бұлар. Осы Төретам мен Қазалы аралығына автобус қатынауды әкім қадағалап, бір жүйеге келтірмесе болмайды, – деп уәжін айтып қалды.
Ендігі келген адамдар екі-екіден әлгі бізді түсірген таксиге мініп жатыр. Содан ішіміздегі ер кісілер «Қашанғы отыра береміз, одан да 120 теңгеден он адам жинаса бір адамның билеті шығады екен» деген соң бәріміз келісіп, сол ақшаны жинап беріп жүрдік. Мына қырсықты қараңыз, Төретамнан шыға бере №103 разъезд тұсында мінген мәшинәміз бұзылды да қалды. Содан жүргізуші кезекте тұрған ақ түсті көлікті шақыртты. Бағанағы көк түсті таксидің иесі миығынан күліп қасымыздан өте шықты. Жарты сағаттай уақыт күтіп, Қазалы қайдасың деп орнымыздан қозғалдық. Әйтеуір итшілеп, азанғы сегізден шыққаннан екі такси ауыстырып, одан үшінші таксимен түскі он екіге таман діттеген жерімізге жеттік-ау.
Осы бір оқиға көпке дейін ойымнан кетпей жүрді. Көкейімде «Кімдікі дұрыс?» деген сауал тұрды. Бір жағынан алып қарасаң әйел адам жолға шығып бара жатып, үндемей отырса қайтер еді деп те ойлайсың. Екінші жағынан жас жігіттің іс-әрекетіне таңданып, «Анасындай адамға олай дегені несі?» деген сауалға жауап іздейсің. Ал сіз, қадірлі оқырман, осы жерде кімдікі жөн деп ойлайсыз?
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ