» » Кітаппен өмірлік мұратқа

Кітаппен өмірлік мұратқа

Фото: el.kz
Әрбір ата-ана өз баласының жақсы оқып, білімді болғанын қалайды. Білімнің көзі кітапта екені анық. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген сөзі бүгін де маңызын жойған емес. Әр мемлекеттің болашағы оның жастарға берген білімі мен тәрбие деңгейіне байланысты екенін уақыт айқын дәлелдеуде.
Сарапшылар қазіргі жас буынды – «цифрлы» ұрпақ деп түстеп, айдар тағуда. Неге десеңіз, сәби өмірге келгеннен бастап бірден электроника және мультимедиалық технологиялар әлеміне енеді. Нәрестенің былдырлап тілі шықпай жатып, тіпті серуенге ілеспей тұрып, қолына ұялы телефон ұстайды. Теледидардың пультіндегі немесе компьютер пернетақтасындағы батырмаларды басады. Бір жағынан, балалардың осылай дамығанына қайран қаласыз. Бірақ таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Көптеген эмоциялық проблемалар, бесіктен белі шықпай жатып депрессияға душар болуы соның салдарынан. Оған қоса, технологияға әуес балада жазуға, оқуға деген әдет жоғалады. Мұны әлем психологтары жыл сайын ескертіп, жаһанға жар салуда. Ғаламторға жиі кіретін балалардың да жас мөлшері жылдан-жылға төмендеп барады. Мәселен, 5 пен 11 жас аралығындағы балалар интернетке тым әуес екен. Бұл қағаз кітап ескірді деген сөз емес, оларға апаратын жолдың әлдеқайда күрделене түскенін аңғартатындай.
Айта кеткен жөн, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселеге ерекше тоқталған болатын. Мемлекет басшысы «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу» деп атап көрсеткен-ді. Расында да, кітап оқымай жаңа болмыс түзу, рухани кемелдену дегеніміз бос сөз. Ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, бәсекелестік қабілетін күшейту, әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру ісінде – кітап оқу өте маңызды шаруа. Ал есейген шақта кітап оқу үшін ол дәстүр балалықтан бастау алуы қажет. Кітап оқу мен оны дамытуда отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту ісіне баса көңіл бөлген дұрыс. Кітап оқуды қолдау және дамыту – жалпыұлттық міндет. Бұған мемлекет те, қоғам да бірінші кезекте әрбір атаана мүдделі болмайынша алға өрлей алмаймыз.
Неге десеңіз, баланы кішкентай кезінен тәрбиелейтін оның ата-анасы. Олар балаға тәрбие беріп қана қоймайды, өзінің ісімен, жүріс-тұрысымен, қызығушылығымен балаға өнеге көрсетеді. Сондықтан «Балаңызды тәрбиелеп әуре болмаңыз, ол бәрібір өзіңізге тартады» деген сөзде үлкен шындық бар. Сондай-ақ көбіне өзіміз ұстанбаған не қызықпаған нәрселерді баламыздан талап етіп қателікке ұрынамыз. Қазіргі дәуірде ұрпақ тәрбиесінде кетіп жатқан кемшілік көп, соның бірі – баланың терең білімге қызықпауы. Ал білімнің қайнары – кітапта. Бір сәт айналаға, өзімізге қарайықшы, өзіміз кітап оқимыз ба, өзгелер оқып жатыр ма? Мүлде «жоқ» дей алмаймыз және «солай» деп те айта алмаймыз. Кітап оқитындар бар, бірақ аз. Ендеше балаларымыздың кітаппен дос болмауына себепкер де өзіміз.
Балалар әдебиетінің қайнар көзі фольклордан бастау алатыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Фольклордың негізгі жанрларының бірі де бірегейі – ертегі. Ал біз қазір ертегі айтамыз ба? Замандастарымыздың бар білетін ертегісі «Мақта қыз» бен «Ер Төстіктен» әрі аспайды. Баламыз ертегі сұраса ойдан әңгіме құрап кететініміз бар. Сол кезде ұялғанымызбен, кейін ұмытып кетеміз. Күндер зулап, бала да өсер. Алайда оның санасына құндылық құятын уақыт та келмеске кетеді.
Бала күнімізде ата-әжеміздің айтуымен біз ертегі естіп өстік. Ондағы алты айлық жерді алты күнде аттайтын тұлпар, ұшатын кілем, мыстан кемпір, жезтырнақ, жалғыз көзді дию, саққұлақ, желаяқ, таусоғар қатарлы ұмытылмас жанды-жансыз кейіпкерлер біздің жадымыздан өшпестей орын алғаны да айдан анық. Осындай жағымды кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін балалардың бойына сіңіріп, ұнамсыз кейіпкерлерінің жасаған зұлымдығынан аулақ болуға үйрететін «ауызекі оқулықтың» орнын тек ертегі айырбастайды. Кішіпейілділік, қайырымдылық, адамгершілік, адалдық, батылдық, батырлық қатарлы әртүрлі қасиеттер газет, кітап, радио-теледидар жоқ замандарда балалардың бойына осы «ауызекі оқулық» арқылы дарыған. Біздің бала күніміз дәл осындай еді.
Ал қазір бағзыдан келе жатқан ертегі кітаптары ғаламторға бейім оқушыларға тіптен қызық емес. Санасына сіңіру үшін жаңаша әрі жеңіл нұсқасын таңдау керек. Одан бөлек үлгі болып өзіміз бір сәт кітап оқуға уақыт бөліп, оның пайдасын балаларымызға ұғындыра жүрсек, біз оқыған кітаптарды балаларымыз да оқуы бек мүмкін. Кітап оқымағандарды қай кезде де кітап оқығандар билейтіні белгілі. Өйткені күллі ғылым мен техниканы кітап оқып, білім игергендер жасайды. Мұны өзіміз білсек, мән берсек ұрпағымыз да одан шет қалмайтыны анық. Әріп таныған бүлдіршін рухани құндылыққа байымай, одан елдің ертеңін сеніп тапсырар азамат шығуы екіталай. Сондықтан да балаларды ерте жастан құндылыққа құмар ету өз қолымызда.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 тамыз 2024 ж. 223 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031