» » Жасөспірімдер қылмысы.Кім кінәлі?

Жасөспірімдер қылмысы.Кім кінәлі?

–Анашым, мені барлығы «шал» деп мазақтайды. Енді не істеймін? Барлығы сол менің районның қатарына кірмегенімнің кесірі, – деді 7-ші сыныпта оқитын баласы үлкендерден жәбір көргенін аңғартып.
–Балам-ау, олар айтады, қояды. Тәрбиелі болсаң, менің айтқанымды тыңдасаң өскенде білімді азамат боласың, – деп анасы баласын жұбатты.
Арада біршама уақыт өтті. Ата-анасының тәрбиесінен сусындап өскен бала, қазіргі таңда әскерге шақыру бөлімінің басшысы. Ортасына сыйлы, құрметке лайық азамат. Ал, оны бала күнінде мазақ еткендердің бірі түрмеде отырса, енді бірі жұмыссыз көшеде  сандалып жүр.
Ия, бұл менің отбасымда болған, көзіммен көрген оқиға. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаса керек-ті. Баланың қандай болып өсуі ол ата-ананың тәрбиесінен басталады. Алайда, көзіміз көріп, құлағымыз елең етіп жүрген түрлі оқиғалардың куәсіміз. Бесіктен белі шықпай жатып, оғаш қадамына селт етпей сергек қараған жасөспірімнің қылмыс жасауына не себеп? Кім кінәлі? Қоршаған орта немесе мектеп пе? Әлде көш жүре түзелер деген ата-анасының салғырттығы ма?
Талмаш Жұмабекова, білім қызметкерлері ардагерлер ұйымының төрайымы:
– Ертеде ата-бабамыз «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі» деген. Бірақ, «Әкенің айтқанымен ұл өседі, шешенің айтқанымен қыз өседі» деген сөзді айтпаған. Енді ғана өсіп келе жатқан жасөспірімге ата-анасы «олай жасама», «біреудің ала жібін аттама», «ұрлық жасама» деп айтқанымен, ол тәрбиелікті аздық етеді. Әке мен ана баланың – айнасы. Сондықтан да, қазіргі жас ұрпақты тәрбиелеп отырған ата-аналар тыю сөзді құр айтпай, өзі сол жат қылықтан аулақ болуы керек. Егер, әкесі үйге кеш келсе балаға «қанғыма» деп қалай айтады? Анасы сауық құрып, ішімдікке әуес болса қызы қандай тәрбие алады? «Ұлық болсаң кішік бол» дегендей ата-ана өз ортасында өзін-өзі ұстай білуі керек. Ұрпақ тәрбиелеудегі біздегі кемшілік осы. Қазақта айтылған тыйым мен ырымдардың өзіндік орны бар. Алшақтап бара жатқан дәстүрімізді қалпына келтірмей, болашақты елестету қиын. Ата-ана осы жағдаяттарды орындай білсе, бала да соған бейімделіп өседі.
Гүлмира Әшірбекова, Рухани жаңғыру орталығының бөлім басшысы:
– Еліміздің ертеңін өрге сүйрейтін жас ұрпақ екені баршаға мәлім. Болашақтың тізгінін қолға алатын олардың алдағы уақытта атқарар іс-әрекеттерінің түп тамыры бүгінгі күнмен тығыз байланысты. Қылмыс – отбасы үшін орны толмас қайғы. Оның нәтижесі біреуге ажал құштырса, енді бірін темір торға тоғытады. Жасөспірімдер арасындағы жан түршігерлік оқиға бала тәрбиесіне қатысы бар барлық ата-ана, мұғалімді ғана емес, қоғамды ойға қалдырды. Біз жастарды кінәлаудан гөрі қателіктерімізбен жұмыс істеуіміз керек. Қай жерден сүріндік? Меніңше көп мәселе шексіз ақпаратта ма деп ойлаймын. Ұрпақ тәрбиесіне бүгін мән бермесек, ертеңгі күні кеш болады.
Құралай Манасова, аудандық оқушылар үйі директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың арасындағы бұзақылық ең алдымен тәрбиесі мен араласатын ортасына байланысты. Осы орайда ата-ананың жауапкершілігін арттыру керек. Ата-ананың басым көпшілігі жұмысбасты болған соң баланы күнделікті қадағалауға бей-жай қарауда. Ол баланың әлеуметтік желідегі қажет емес сайтқа кіріп, ойы улануы мүмкін. Ғаламторды ашып қалсаң түрлі жағымсыз оқиғалар, орынсыз пікірлер, теріс әрекеттер. Бала өскен сайын қызығушылығы артады, жалт еткен жылтырға құмар келеді. Сондықтан, әрбір ата-ана өз баласын бос қоймауы керек. Түске дейін мектепке барып, түстен кейін қосымша үйірмеге қатысып, жаны қалаған іспен шұғылданған бала ешқашан артық іс-әрекетке бармайды. Міне осы ретте, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігін күшейту керек деп ойлаймын.
Әділбек Татишов, аудандық Жастар ресурстық орталығы КММ-нің аға кеңесшісі:
– Қылмысқа барған әрбір жасөспірімнің ойында әртүрлі қылмыстың терең тамырлануы кімді болса, алаңдатпай қоймайды. Бесіктен белі шықпай жатып, әрбір оғаш қадамына селт етпей сергек  қараған жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке  баруына себеп не? Осыған байланысты, «Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ-сі «Жасөспірімдердің қылмысқа баруының себептері» тақырыбында көптеген сауалнама жүргізілді, бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Сауалнама нәтежесінде, баланың айналасындағы достарының немесе біреудің қорқытуы, үрейлетуінің итермелеуі арқылы қасақана қылмыс жасауға түсіп кетуiмен байланыстырады. Мемлекет тарапынан жастарға көптеген қолдаулар жасалуда олар осындай мүмкіндіктерді қажет етпейді, қызықпайды. Жанұядағы тәрбие жұмыстарынан кеткен қателіктер, кемшіліктер жинақталып қоғамдық тәрбиедегі қателіктерімен байланысып, жасөспірімдердің тәртібін одан әрі шиленістіре береді.
 
Пікірлерді топтастырған
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
09 сәуір 2018 ж. 2 869 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 113

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930