Қазақ жастары нені қалайды?
Жасыратыны жоқ, «жастар сондай, жастар мұндай» деген әңгімені жиі құлағымыз шалады. Расымен қазіргі қазақ жастары қандай? Осы сұраққа жауап іздеп көрсек.
Жастардың бір бөлігі – қарапайым өмір сүруді қалайды. Олар өзінің жеке бас еркіндігі болғанын жөн көреді. Бәрінен бұрын кәсіби мансапты жетілдіру, саяхатқа шығу және тұлғалық даму сияқты өмірлік мақсатын көбірек ойлайды.
Ал келесі бірі мамандықты маңызды емес деп есептейді. Оған себеп – оқу процесін «тым іш пыстырарлық», одан үлкен пайда келмейді деп санауында. Оқуды жай ғана қалыпты формадағы жүйе ретінде қарайды. Сол үшін «қайткен күнде де қолда бір диплом болу керек, әйтпесе жұмысқа тұру қиын болады» деп өздерін мәжбүрлеуге тырысады. Сонымен қатар жастардың болашақ мамандықты өз қалауларымен емес, ата-ана, туыстары мен қоғамдық таптаурындардың жетегінде кетіп қалатын сәттері жиі кездеседі. Өкінішке орай, қандай да бір танымал кәсіпті таңдау арқылы үлкен табыс пен жоғары жалақыға қол жеткіземін деп қателесіп жататын жастардың саны көп. Бұл қателікке тек мектеп немесе колледж бітірген түлектер ғана емес, олардың атаанасы да ұрынып қалып жатады. Өйткені мамандық таңдау кезінде кәсіптердің мәртебесі емес, еңбек нарығының заңдылығы басты рөлге шығады. Сол үшін де бұрын тым абыройлы, биік боп көрінген кей кәсіптердің уақыт өте келе өз маңыздылығын жоғалтатынын ескеру керек.
Ал жастардың келесі бір легі – жұмысты тек табыс табудың көзі деп қарастырады. Шынтуайтында жастардың көбі жұмыс істеуді емес, көбірек ақша табуды көздейді. Сол себепті де болар олар онлайн құмар ойындарды ойнап, әп-сәтте байып шығамын деген қияли ойға бой алдырады. Жұмыс істеп, жанын қинағысы келмейді.
Мұнан өзге шетелге жұмыс іздеп ағылатын жастар да көп. Расымен елдегі жастар арасында «миграциялық» көңілкүй басым. Зерттеуге сүйенсек, шамамен жастардың тең жартысы сапалы білім алу мен қолайлы кәсіп табу үшін Қазақстаннан кету мен шетелге қоныс аудару туралы ойланады. Оның негізгі себебі – елдегі экономикалық мәселелер. Олардың көбі шетелге жақсы табыс табу үшін әрі кәсіби шыңдалу үшін баруды көздейді.
Бүгінде әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, шетелде жұмыс істеп жүрген жандар көп. Иә табыс табамын деп сырт елге жастар ағылып жатыр. Жақсы, жайлы өмірден кім қаша қойсын?! Рас, қазір бәріне қаражат керек. Жарқырап, шет мемлекетке саяхаттап, шалқып өмір сүргісі-ақ келеді. Бәзбіреулердің айлап, жылдап табатын табысы – мұнда жұмыс істеп жүргендердің күндік табысымен пара-пар.
Иә, уақыт өткен сайын, қоғамдағы және әлемдегі әлеуметтік-экономикалық тетіктер ауысқан сайын жастардың да тілек-қалауы мен құндылығы трансформацияға ұшырап отыратыны белгілі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ