» » Жұмысың бар ма, жас маман?

Жұмысың бар ма, жас маман?

Қазірде қоғамда қолында дипломы бола тұра жұмыссыз жүрген жастар көп. Иә, жастардың аты аталған жерде жұмыссыздықтың қоса айтылатыны рас. Елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жас мамандар қатары баршылық. Бұған не себеп? Жастардың өздері құлықсыз ба, әлде мемлекеттік бағдарламалар қауқарсыз ба? Саралап көрелік.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, бүгінде 452,6 мың отандасымыз жұмыссыз жүр. Оның 3,6 пайызы – 15 пен 34 жас аралығындағы азаматтар. Ал оқуға да, жұмыс істеуге де құлықсыз NEET санатындағылар үлесі 7,5 пайызға жеткен. Бұл сандар елімізде жұмыссыз жастардың қатары өспесе, азаймағанын көрсетіп отыр.
Жалақыны азсынады
Бүгінде бейтаныс адаммен сөйлесіп әңгіме жалғар болсаңыз бірден қайда, кім болып жұмыс істейтініңізден бастап «қанша айлық аласыз?» деген сауалды естисіз. Былай қарасаңыз, жеке шекара, өзгенің қалтасына көз сүзу секілді. Бірақ бұл сұрақты қою – норма болып қалған. Жасыратыны жоқ, қазір адамдардың басым бөлігінің құндылығы тұрмыстық тірлікке байланып тұр. Жақсы, жалақысын білдіңіз дейік. Мұнан не өзгереді? Қызығарсыз, соңында қызғанып та қаларсыз.
Қазіргі жастар жұмыстың нәтижесін ұзақ уақыт күткісі келмейді. Тезірек байып кетуді, тезірек табысты болуды ойлайды. Олар алғашқы еңбек жолында 100150 мың теңге айлықты азсынады. Жалақысы кемі 300 мың теңгеден асатын жұмысқа орналасқысы келеді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке тұрып, кеңседе отыруды армандайды. Ал мемлекеттік бағдарлама арқылы қаншама бос жұмыс орны ұсынылғанымен, оны әрі қарай игеріп, алып кетуге жастардың қабілеті жете бермейді. Ақысы аз төленетін жұмыс болса да, жастар үшін бұл – кәсіби жолда алғашқы қадам. Олар өздерінің білімі мен біліктілігін көрсету арқылы бұдан да жоғары қызметтерге орналасу мүмкіндігіне ие болатынын елей бермейді.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс іздеген жас мамандардың жалақысы мардымсыз екені де рас. Инфляция салдарынан қымбатшылық етек алған уақытта төмен жалақыға жұмыс істеуге құлықты жастар табыла қоймайтыны да анық. Жастардың аз жалақы бүгінде ешнәрсеге жетпейді деуі де осыдан. Сол себепті мемлекеттік бағдарламалар ұсынатын қызметтен бас тартқан жас маманды да кінәлай алмаймыз. Осылайша, олардың көпшілігі бағдарлама бойынша қызмет етуден бас тартып, өздігінше жұмыс іздеуге тырысып, кәсіпкерлікке бет бұруға ниетті болады.
Мәселенің мәнісі неде?
Мамандығы бойынша жұмыс істемеу – бүгінгінің басты мәселесіне айналған. Дипломын құшақтап, әр саланың есігінен сығалап жүрген жастар көп, бірақ жұмыс жоқ. Ең қажетті мамандықты оқыса, әрбір адамға жұмыс бірден табылар ма еді, кім білсін?! Мәселен, тігін фабрикасына тігіншілер жетіспейді, ауылдық жерлерге педагог пен дәрігер жетіспейді, ғимарат салуға құрылысшылар қажет, тағысын тағы.
Мұнан бөлек, бізде барлығын ҰБТ-мен байланыстырып қоятын жансақ түсінік бар. Құдды сол тестпен бәрі шешіліп кететіндей. Тестілеуден кейін де өмір жалғасады. Сондай-ақ, табысқа жетуде ҰБТ-ның кей сәттері маңызы да болмай қалады. «Әрбір жас мамандық таңдау кезінде мына 3 негізгі сұрақты өзіне қойса жеткілікті. «Нені қалаймын?», «Қолымнан не келеді?», «Еңбек нарығына не қажет?». Міне, осылар адам өмірінің бағытын айқындап, табысқа жеткізіп, қоғамға пайдасын тигізеді.
Бүгінгі жастардың бір парасы – қарапайымдылықта, яки ешкімнің сөзін елемей, көңіл қалауы бойынша жұмыс істейді. Ал енді бірі – мол табысты, кәсіп көкжиегін кеңейтуді қалайды. Ал келесісі – әлеуметтік желіде танымал болуды мақсат тұтады. Иә, әрбірінің өзіне тән пайдасы бар. Желідегі жұмыс Елімізде жыл сайын 300 мыңнан астам жас маман еңбек нарығына келеді. 2030 жылы Қазақстанда жастардың саны 6 млн-нан асуы мүмкін дейді мамандар. Қазір барлығы әлеуметтік желіде отырады. Миллиондап ақша табатындардың да дені осы жақта жұмыс істейді. Осылайша «қалауынша» өмір сүреді, шетелге саяхаттайды. Ал жұмыссыз бос отырған жас не істейді? Осындай желідегі жарнаманың біріне бас қойып, табыс табуға асығады. Бірақ бұл жерде жанжақты зерттеп, талдап алу артық етпейді. Себебі қазір аяқты аттап бассаңыз алаяқтар толып жүр. Оларға арбалып, құрыққа түсіп қалмас үшін алдын ала білім алған жөн болар.
Желідегі жұмыс жас талғамайды.
Қазір тіпті мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлерге дейін желіде блог жүргізіп, табыс табуда. Әркім өзінің оң жамбасына келетін кәсіппен айналысып жүр. Талғамға да талас жоқ. Тек тапқан ақша адалынан болса дейміз.
– Қазір әлеуметтік желінің қай-қайсысын аша қалсаңыз болғаны, басым бөлігі табысты болуды үйретеді. Бірақ білім алғандардың барлығының қалтасы қампайып жатқан жоқ. Рас, бүгінде инфо бизнес қатты белең алып келеді. Желіде бәрін оңай ақша келетіндей көрсетеді. Бұл дұрыс емес. Табысқа жетудің бірден-бір жолы үздіксіз әрекет. Бұл нәтижеге бастайды. Ақылды ақыға сату үшін де еңбектену керек. Өкінішке орай, мұны барлығы біле бермейді. Кинодан көріп алғандай әдемі өмірді сүргісі келеді. Бірақ өмірдің ағы мен қарасы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретінін кейде ұмыт қалдырып жатады, – дейді психолог Арайлым Каналбекова.
Жұмыс іздеп, шетел асады
Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, шетелде жұмыс істеп «күніне 70-80 мың табамын» деген отандастардың видеосы жиі шығатын болды. Жақсы, жайлы өмірден кім қаша қойсын?! Базбіреулердің айлап табатын табысы – мұнда жұмыс істеп жүргендердің күндік жалақысымен пара-пар. Сол себепті қазір несиесін жабудың, кәсіп табудың, қаладан үйлі болудың амалын іздеп жүрген жастар нәпақасын шетелден тауып жүр. Бірі Кореяда қара жұмысқа жегілсе, енді бірі Еуропаның даласында, фермаларында көкөніс теріп, ақша тауып жүр. Күнкөріс қамы үшін отанынан жырақта қырыққабат теріп, қарға қууға, құлпынай жинап, саңырауқұлақ тасуға мәжбүр.
Шет мемлекеттерде жұмысқа жақсы жалақы төлейді. Әрине, жоғары жалақы кімді болсын қызықтырары сөзсіз. Әлеуметтік желіде шетелде жалданып жұмыс істейтіндер ашықтан-ашық жарнама жасап, миллиондап ақша табуға болатынын жарыса жариялап та жүр. Дегенмен жұмыстың оңай еместігін айтады. Бірақ лайықты жалақы алатынын алға тартады. Сол себепті жастардың дені қара жұмыстың өзін істеуге даяр.
Өзге елдің жалақысына қызығып, шетел асқандардың қатарында Әли Бекайдаров бар.
– Кореяда жұмыс істеп жүргеніме 2 жылға жуықтады. 6 сағаттық жұмысым үшін күніне 70 мың теңге аламын. Қазақстанда жұмыс табылды, бірақ айлығы аз. Дәмханаларда жұмыс істеп айына 70-80 мың теңге жалақы алатынмын. Мұнда бір айда тапқанымды Қазақстанда 4-5 айда табамын. Бұл жұмысымда үш уақыт тамақ береді. Жататын жеріміз тегін. Осы жұмыс арқылы несиемді жауып, үйлі болдым. Менің таныстарым да осында жұмыс істеп жүр. Шыны керек, елімізде еңбек ресурсы бағалана бермейді. Жастардың шетел асатын себебі де сол. Былайша айтқанда, жұмыс күшінен айырылып жатырмыз, – дейді ол.
Осындайда қазақтың «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген есті сөзі еріксіз ойға оралады екен. Олар күнкөріс қамы үшін отанынан жырақта қара жұмысқа жегілуге мәжбүр. Жақсы жалақы тауып, жарқын өмірге ұмтылғысы келеді. Шындығында, мұнда жұмыс іздеп келген адамдардың барлығы өз елдерінде де жұмыс істеуге дайын. Бірақ тиісті деңгейде ақысы төленсе екен дейді.
Жасыратыны жоқ, жалақының төмен болуы жастарды күн көру үшін еңбек етуге мәжбүрлейді. Сапалы білім алуға әлеуеті де, қаражаты да жеткілікті жастар жағы шетелге кетіп білім алуға асықса, ондай мүмкіндіктері жоқ жастар ол жаққа жұмыс істеп, көбірек қаражат тауып келуге асығады. Сондықтан жастарға сапалы білім алуға жағдай жасау, жұмыссыздық деңгейін төмендету, қала және ауыл жастары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру, жалақыны көтеру мәселесіне баса мән беру керек секілді.
Диплом қолда, кедергі көп жолда
Иә, қазір диплом алып жатқан жастар көп. Әйтсе де олардың барлығы дерлік алған біліміне сәйкес жұмысқа орналаса алмай жүр. Себеп қандай? Өйткені түлек әу баста мамандық таңдаудан қателеседі. Біріншіден, мамандық таңдауға мүмкіндік берілмеген. Көп жағдайда ата-ана шешім шығарады, баланың дәрігер, мұғалім не заңгер болғанын қалайды. Ол бұл мамандықты игеріп шыға алады ма, көңілі қалап тұр ма, бас ауыртпайды. Ал жаны қаламаған дүниені бала әрі қарай алып кете алмайды.
Базбіреулер «Дипломды маман» деген түсініктен гөрі «Табысты адам» дегеннің соңын қуалайтын секілді. Себебі мамандық таңдауға келгенде бірі – арманының жетелеуімен келсе, кейбірі – ата-ана мен отбасындағы қаржылық қысымның салдарынан таңдауға мүмкіндігі болмай жатады. Қош. Әупірімдеп жүріп дипломды маман болар.
Статистикаға сүйенсек, жоғары білімді мамандардың 60 пайыздан астамы алған біліміне сәйкес жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Мемлекет қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Әйтсе де бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу жайы жеткіліксіз болып тұр. Осы арада тұрмыстық мәселені де айта кету керек. Бірінші кезекте, тегін оқу деген түсініктің болуы. Мемлекеттік грантқа түсу керек дегенді баланың жадына сіңіріп қоямыз, я болмаса оқу ақысы арзан, ортаңқол оқу орнын таңдауға мәжбүр болады. Бұл қазіргі көп отбасындағы жағдайдың бірі.
Осылайша оқуды бітіреді де, дипломды сандыққа салып қояды. Сөйтіп, мамандығынан мақұрым тағы бір маман диплом алып шығады. Жас маманның келесі кезектегі мәселесі – жұмысқа орналасу. Амалсыз дипломды маман болған жастың енді жұмысқа да құлқысы жоқ. Содан келе талай жанның дипломы сандықта шаң басып жатыр. Баяғыда құнды болған сол бір қағаздың қазірде құны азайып бара ма қалай өзі?!
Аудандағы ахуал қандай?
Бүгінде ауданымызда 14-35 аралығында жастар саны – 16622. Олар жалпы халықтың 31,9 пайызын құрап отыр. Өткен жылы аудан бойынша «Жастар тәжірибесі» бойынша 113 жас маман мекемеге жолданып, олардың 51-і аяқтаған екен. Ал тәжірибеден өткен мамандардың ішінен 30 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ «Qadam» жастар орталығының ұйымдастыруымен аудандық қоғамдық даму бөлімінің әлеуметтік жобасы аясында жастар арасынан 12 ауылдық округ пен 2 кентке 150,000 теңгеден грант берілген. Соның нәтижесінде 11 теннис, 2 домбыра, 1 жылжымалы кинотеатр алынып, жастар үшін қызмет етуде.
Қорыта айтсақ
Ертеректе ата-ана баланың көңілін жықпай, қорадағы малды сатып болсын оқуға жіберетін. Ағайын арасында «пәленшенің баласы оқуға түсе алмай қалыпты» деген ұят сияқты еді. Жағдайы бар жастардың көбі заңгер, қаржыгер, полиция, теміржолшы сынды мамандыққа тапсырып жатты. Ал бүгінде басқа. Жастар оқуға түсіп, білім алып жатыр. Оған бөлінетін гранттар саны жыл санап артып келеді. Десе де «күректей» диплом алып, «алақандай» айлыққа жұмыс істеп жүрген жастардың да, өз «жанайқайы» бар. Иә, қазірде мамандық таңдауға да мүмкіндік мол. Әркім өз бейіміне, көңіл қалағанына қарай жұмыс табуына болады. Ал сол жұмыстан миллиондап табыс тауып жатса, құба-құп. Мамандығына шын берілген жастар кез келген саланың аяққа тұрып, дамуына үлес қоса алады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
03 мамыр 2024 ж. 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 260

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 359

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930