» » Жастар неге жұмыссыз?

Жастар неге жұмыссыз?



«Біздің кезімізде оқу аяқтаған студентті жолдамамен жұмысқа өздері жіберетін. Ол уақытта «жоқ» дей алмаймыз. Бұйырған жерге барып, жұмыс істейтінбіз» деді үйдің кіттәй кемпірі шайын сапыра сөйлей. Сірә, кеше ғана есік алдында топ болып төбелескен жастарды көріп ызаланса керек. «Көйлегі көктік, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын деген осы ғой» деді де ішінен мырс етті. Ойланып қалдым. Ауылдағы жастардың осынша сенделуіне не себеп?
Бір аптада бір емес, бірнеше рет бұзақылық жасап, көше бойында тіпті үйіне кіріп бір-бірін соққыға жығу үйреншікті жағдайға айналып барады. Район деп алқынған жастар арасында жыл сайын суық қарудан жазым болғандары да бар. Артында әке-шеше ұлсыз, зайыбы жесір, балалары жетім қалады. Бұзақылықтың бастауы қайда дерсіз? Алдымен үйдегі тәрбие. Бірақ ата-ана баласын жаман болсын демейді ғой. Мектеп. Ұстаз да өзгенің баласына білім беріп, оның адам болып қалыптасуына септігін тигізеді. Мүмкін қоғам. Бірақ қоғам оны мәжбүрлемейді. Орта. Баланың өзіндік ойы, ұстанымы болмаса, әрине, ортаға еруі әбден мүмкін. Ал ауыл жастарының өзі жұмыссыздықтың жоғы себеп дейді. Расымен, әлгінде әскерден қашқан жігіттердің үйіне барғанбыз. Қарапайым үйлер. Ал әскерге аттанатын жігіт Нұр-Сұлтанда «стройкада» жүр. Әке-шешесі асыраушымыз осы ғана дейді. Батқан қарызды да жабатын сол жап-жас жігіт екен. Егер ауылда жұмыс болса, сыртта жүріп не тәйірі? Ал жастар орталықтарының айтуынша, жұмыссыз жастарға жоқ емес, жұмыс бар. Бірақ менсінбейді дейді. Айлығын, жұмыс дәрежесін ұнатпайды екен. Әрине, 42 500 теңгеге қоғамдық жұмысқа жегілу жас жігіттің намысына тиері сөзсіз. Маңдай термен келген нан тәтті дейміз ғой. Бірақ біздің қоғам оны көтермейді. Мемлекеттен жәрдем ал, кәсіп аш, мүмкіндік көп дейді. Бірақ кей жастың жалқаулығы басым.
Қарапайым мысал келтіріп көрелік. Жаз мезгілі басталысымен елде жастар арасында "Жасыл ел" бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бұл қосымша табыс тауып, отбасына аз да болса көмек беруге талпынуға жақсы мүмкіндік.  Бағдарлама бойынша әр ауданнан 100 шақты жас уақытша жұмыспен қамтылады. Олар маусым, шілде, тамыз айларында көгалдандыру, абаттандыру, тазалық және күл-қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізеді. Бірақ бұл тек сол ауданның орталығында ғана жүзеге асырылады. Ал шалғай елді мекендердің жастары тағы тасада қалады. «Әр ауылға осы бағдарламамен 5-6 адамды жұмысқа тартып, жастардың бос уақытын тиімді өткізсе. Әсіресе, ауыл жастарының тасада қалмай, уақытша болса да жұмыс істеуіне мүмкіндік болса» дейді ауыл жастары. Ол рас, шет ауылдан аудан орталығына келіп жұмыс істеу оңай емес. Жол ақысы, жататын жері бар деген секілді. Одан соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бірнеше жылдан бері жастардың сүйікті жобасына айналды. Осы арқылы үй алып, ауылда қызмет етіп жүргендер баршылық. Бірақ қаладан жас ауылға келе ме? Келсе, сол ауылдың тумасы бағдарлама шарапатын көріп жүр. Қош. Былтырғы мәлімет бойынша Қазақстанда жұмыссыз жастар саны 3,8 пайызға азайған. Finprom.kz порталдың зерттеуінше елімізде осы жылдың алғашқы тоқсанында 15-28 аралығындағы 78,9 мың жұмыссыз жас азамат болған. Бұл – елдегі жұмыссыздардың 17,8 пайызы. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 5,8 пайызға азайса, жұмыссыз жас­тар деңгейі 3,8 пайызға төмендеген. «Жұмыссыздардың көбі халық тығыз орналасқан аймақтарда шоғырланған. Мәселен 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың көбі Алматы қаласы (15,7 мың), Алматы облысы (7,7 мың) мен Түркістан (6,4 мың) облысында жүр. Өз кезегінде 15-28 жас аралығындағы жұмысы бар жастардың саны 2 миллион адамға жетті. Жұмыстан қысқару жағдайының көбі Жамбыл (-22,4%), Шығыс Қазақстан (-13,9%) және Ақтөбе (-11,3%) облыстарында тіркелген. Жалпы жұмысы бар жастардың көбі Алматы облысында (247,7 мың) шоғырланған. Бұл бағыттағы үздік үштікке Алматы қаласы (245,8 мың) және Түркістан облысы (175,5 мың) енді» делінген хабарламада. Жастар еңбек ететін жұмыс салаларының алғашқы бестігіне сауда, ауыл және орман, балық шаруашылығы, білім, құрылыс және мемлекеттік басқару, қорғаныс кіреді.
Мейлі, азайсын. Бірақ ауыл жастарының топ-топ болып қылмыс жасап, бір-бірін өлтіруге дейін барғанын басқа қандай жолмен шеше аламыз?
Алдымен, әр бөлім, оның ішінде білім, кәсіпкерлік бәрі бар, әр аптада ашық есік күнін өткізіп тұрса. Мәселен, не істерін, жолын білмеген жасқа ерікті түрде жол сілтеп, бағыт көрсетілсе. Одан соң қарапайым қол жұмысын істеп жүрген ауыл жастары өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтылса. Егер мемлекеттен берілер гранттан үмітті жас болса, оның жасаған жобасының жүзеге асуына, дұрыс кәсіп бастауына жол көрсетілсе. Әрине, кәсіпкерлігі дамыған ауылдың жастары жұмыссыз жүрген жоқ. Өйткені ол сол ауылдың шаруашылығында білек сыбана еңбекпен біте қайнасып жүр. Ал ондай мүмкіндігі жоқ жастар ше?
Айнұр ӘЛИ
27 шілде 2021 ж. 500 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 262

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 361

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930