» » «Көк жәшікке» көңіліңіз тола ма?

«Көк жәшікке» көңіліңіз тола ма?

Фото
Бүгінгі күні әр отбасының құрметті де сыйлы қонағы секілді төрінен орын алып, сол үйдің айырылмас бір бөлшегіне айналған бір зат бар. Ол заттың бүкіл халықтың рухын оятып, дүр сілкіндіре алатын немесе оның миын улап, санасын азғындатып, түбіне жете де алатын қасиеті бар. Үйімізде кітапханамыз болмаса да, теледидарымыз түгел. Тіпті кей үйлердің әрбір бөлмесінде бар.
Оның үйімізде тұрғанына көңіл аударып, жиі байқай бермесек те, бірақ соның ішкі жан дүниемізге тигізген әсерін мойындаймыз. Соған қарап әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар боламыз, керектіні үйренеміз, ондағы кейіпкерлерге қарап бой түзейміз, кейде тұңғиық ойға шомып, алысқа қол созып, арманға ерік береміз. Әйтеуір, оның құрсаулаған торына қалай тұтылып жатқанымызды өзіміз де сезбей қаламыз. Ал ондағы бағдарламалардың керегі, теледидардың қоғамға берері жайлы саралап көрсек.
Кішкентай терезедегі күллі әлем
Жоғарыда айтқанымыздай теледидары жоқ үй бірен-саран. Қазіргі таңда соңғы үлгідегі теледидарлар көптеп сатылымға түсуде. Арнайы техника дүкендерінде де сан түрі қолжетімді бағамен сатылады. Ондағы сатушылар теледидарға үнемі сұраныс болатынын айтады.
Жансыз болса да, сол «көк жәшік» бізбен бірге күледі, бізбен бірге мұңаяды, қазір тіпті балаңызды да тәрбиелеп беруге әзір. Төрден орын тепкен «көгілдір экран» отбасымыздың бір мүшесіне айналғалы қашшан. Осы теледидардан жақсы жағынан аларымыз көп. Ал жағымсыздарын жадымыздан алыс ұстай алсақ болғаны. Себебі төрдегі теледидарыңыз қалай сайраса сіздің санаңыз бен ойыңыз дәл солай сайрайды деген сөз.
Қарап отырсақ, күллі әлемнің барлығы осы кішкентай терезеге сыйып кеткені рас. Көк жәшіктен төрткүл дүниеде болып жатқан жайлардан хабардар боламыз. Теледидар өміріміздің бір бөлшегі іспетті. Назар салып көрмесек те, көк экран қосылмай тұрса, көңіліміз орнына келмейтін сыңайлы боп тұрады. Жаһанда болып жатқан жайлар жайында төртбұрышты досымыздан естіп, көріп біліп жатамыз. Мұның бәрі ұғынғанға пайдалы әрі қызық қой. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін теледидардан өзіне қажетін тауып, тамашалайды. Ал енді баршамызды өзіне телмірткен осы бір «сиқырлы айнаның» шығу тарихымен оны кім ойлап тапқанына зер салсақ.
Көк жәшік қоғамға қашан келді?
Теледидардың шығу тарихы туралы сөз етпес бұрын «телевизор» сөзінің мағынасына мән беріп көрелік. «Телевизор» латын тілінен аударғанда «алыстан көруші» деген мағынаны білдіреді екен. Әрине, теледидарды бір ғана өнертапқыш ойлап таппаған. Ол пайда болғанша қаншама физиктер, ғалымдар еңбектеніп ізденген. Ең алғаш 1884 жылы неміс өнертапқышы Пауль Нипков тесіктері бар, спираль тектес дискіні ойлап тапқан. Мұны теледидардың механикалық бір түрі деп айтсақ та болады. Нипков дискісі пайда болған соң арада 14 жыл өткенде катодты-сәулелі түтікше ойлап табылды. Дәл осы түтікше бүкіл лампалы теледидарлардың пайда болуына негіз салған. Оны ойлап тапқан Джонатан Ценнек пен Фердинанд Браун еді.
Сондай-ақ электронды-сәулелі түтікшені жасаушылардың бірі ресейлік профессор Борис Розинг 1907 жылы жаңа өнертабысы үшін патент алды. Мұндай ұқсас құрылымдар өзге елдерде де жасалған еді. Бірақ нағыз электрондық теледидарды жасауда Розингтің шәкірті В.Зворыкиннің үлесі зор болды. 1917 жылдан бері АҚШ-та білім алған дарынды ғалым 1923 жылы әлемдегі алғашқы иконоскопты ойлап табады. Ал 1933 жылы бейне сигналды дүниеге әкеледі.
Жалпы теледидардың өмірге келуінде АҚШ пен Шотландия ғалымдарының да үлесі зор. 1925 жылы шотландық инженер Джон Лоджи Байрд өз құрылғысынан адамның басын көрсетуге қол жеткізеді. Үш метр қашықтықтан бейнені көру ол уақытта үлкен сенсация болатын. Жылтылдаған бейне экраннан көрінгенімен, тұнық емес еді. Өнертапқыш өз тәжірибесіне қаңылтырды, картон дискісін, бос қорапты және велосипедтің фонарын қолданған екен. Ал 1927 жылы америкалық Эрнст Александерсон тікелей эфирден адамның шылым шегіп тұрғанын көрсетеді.
Осы жылдары АҚШ бірінші рет әлемге ең алғашқы теледидарларын шығара бастайды. Ал екі айдан кейін эфирге «Патша әйелінің елшісі» атты бағдарлама шығады. Алғашқы телехабарлар АҚШ-та 1927 жылы, Ұлыбританияда 1928 жылы, Германияда 1929 жылы пайда болған. КСРО-дағы алғашқы Б-2 маркалы теледидар 1932 жылы Ленинградтың «Коминтерн» зауытында жасалған. Оның экранының көлемі 3×4 см болатын. Ал КСРО-дағы алғашқы тұрақты телехабарлар 1939 жылдан бастап беріле бастаған.
Алғашқы түрлі-түсті теледидар 1954 жылы АҚШ-та пайда болды. Оның бағасы 1000 АҚШ долларынан басталған. Қазіргі ақшамен есептегенде шамамен 8000 доллардай. Бірақ бұл теледидар жұмыс істеп тұруы үшін де жылына 1000 доллар ақша қажет болатын. 1962 жылы америкалық Telsar1 спутниктік телеарнасы әлемге бірінші рет тікелей эфирден бағдарлама таратқан. Қашықтықтан басқаратын пульт 1975 жылы ойлап табылса, алғашқы плазмалық теледидар 1977 жылы қолданысқа енген.
Көгілдір экраннан келетін кесел
Теледидар пайда болғаннан бастап ғалымдар оның адамдарға беретін пайдасы мен зияны туралы бір пікірге келе алмай, тартысып келеді. Сарапшылардың бір жағы теледидар пайдалы десе, екінші жағы пайдасынан зияны көп дегенді айтады. Сонымен, көгілдір экран жөнінде ғалымдардың не айтатынына құлақ салсақ. Теледидардың әрбір үйдің төрінен орын алғанына біршама уақыт өтсе де, оның адамдар үшін үлкен қатер әкелетінін ешкім айтпайды. Біз компьютер, микротолқынды пеш, электр пойыздары, күшті радиолокациялық стансалар, байланыс тораптары, қалта телефондары болмаған кезде көгілдір экранмен таныстық. Ол кезде планета жоғары вольттық желілер, ұялы телефондардың радиотрансляторлары сияқты ғаламат күші бар жүйелермен бүгінгідей оралып тасталған жоқ болатын. Қазір осының барлығы адамдардың жұмысын бір жағынан жеңілдетті, ал екінші жағынан денсаулығын құртып жатыр.
Теледидарды алысырақ отырып көретін болғандықтан денсаулыққа әсер етуі компьютерге қарағанда аздау, бірақ оның алдында біз көп уақытымызды өткіземіз, сондықтан көгілдір экраннан келетін кесел көп болмақ. Электрлік магнит өрістерінің әсерінен тез шаршау, ашушаңдық, ұмытшақтық, ұйқының бұзылуы деген кеселдер шығады. Бірақ адамдар «Бұлар теледидардың әсерінен болады» деп ойламайды. Өйткені көгілдір экранның әсері білдіртпей бойды алады. Америкалық зертханалар мынадай талдау жасап көріпті. Көртышқандар ұстайтын бөлмеге теледидар қойып, ғалымдар бақылауға алған. Әдетте, орта есеппен 12 баладан табатын көртышқандар теледидар пайда болғаннан кейін бір-екі баламен ғана шектелген, олардың өзі өліп қала берген. «Сұйық кристалды немесе плазмалық экраны бар теледидарлардың денсаулыққа ешқандай әсері болмайды» деген қате пікір екен. Клиникалық зерттеулердің нәтижесі бұл экрандардың адам ағзасына әсері бұрынғылардан 2 есе көп екендігін көрсетті.
Ғылыми-зерттеулер теледидардан бөлінетін электрлік сәулелердің адам ағзасына жүздеген әсері бар екенін дәлелдеп отыр. Олардың әрбір клетканы қалай тесіп өтіп, бүкіл органдар мен жүйенің қызметтік жағдайын қалай өзгертетінін көзбен көретіндей жасап, адамдарға көрсететін болса, қазіргі кеңседегілер жұмысқа барудан бас тартып, қысқатолқынды пештің адам ағзасына қандай зиян екенін көрген адам оны лақтырып тастар еді деп ескертеді неміс ғалымдары.
Қазіргі кезде теледидар үйіміздің әр бөлмесінде, тіпті ас ішетін бөлмеде де, автокөлікте де тұрады. Гастроэнтерологтардың мәлімдеуінше, көгілдір экранның алдында отырып тамақ ішу, әсіресе, балалардың денсаулығына өте зиян. Бұл асқазан жарасын, гастрит ауруларын қоздырады екен. Тамақтанып отырып теледидар көрген кезде асқазан секрециясы аз бөлінеді, ал бұл көптеген ауруға себеп болады. Германиялық ғалым Манфред Спицердің зерттеулері теледидарға үнемі тесіліп отыратындардың көбі жүрегін май басып, қайтыс болатынын дәлелдепті.
Сондай-ақ АҚШ-тың Оңтүстік Каролина университетіндегі ғалымдар «теледидар баланың когнитивтік қызметінің дамуына, ойын жұмылдыруға кері әсерін тигізеді» деген тұжырым жасап отыр. Көгілдір экранның әсері ең алдымен көру мүшесіне емес, есту қабілетіне зиянын тигізеді. Ғалымдардың зерттеуінше, бала теледидарды қарамайақ, маңында ойнап жүрген күннің өзінде назар аудару, принциптік ойды жұмылдыру қабілеті нашарлап, оның миында кереғар реакция жүреді. Тіпті теледидар басқа бөлмеде қосулы тұрса да бала оны естиді, сөйтіп ойнап жүрген, кітап оқып, үй жұмысын жасап отырған баланың миы тұрақты режимде керексіз ақпараттарды қабылдап, оны алаңдатады. «Көгілдір экран үйде күніне 90 минуттан артық қосылмауы тиіс» деген кеңес береді ғалымдар.
Әрине, бұл көгілдір экранға мүлде жоламау деген әңгіме емес, оны орнымен пайдалануда. Теледидар – адамзаттың ұлы жетістіктерінің бірі. Көпшілік жұмыстан кейін үйге келіп таңдаған бағдарламаларын, сериалдарын рақаттанып көреді. Бірақ ол адамдарды үйге жіпсіз байлап, уақытының бәрін алады. Онымен қоймай, денсаулығына залал келтіреді. Ал өзіміз айналамызда болып жатқан барлық жаңалық пен әртүрлі оқиғаның барлығын теледидар арқылы үйімізге әкеліп бергенін қалайтын жалқауға айналып барамыз.
Немереме не көрсетемін?
Бүгінде теледидарды тамашалайтын буын қазіргі кейбір телебағдарламаларға көңілі толмайтынын айтып жатады. Мәселен, аптаның бес күні жұмыспен өтсе, сенбі-жексенбі теледидар алдына барғанда, жанына жағымды ештеңе таппайтынын сөз етеді. Қазір қай арнаны ашсаңыз да түріктің сериалы мен тек рейтинг көтеріп, шоу ұйымдастыратын бағдарламалардың көбейіп кеткені рас. Ал көңілім қалағанды таптым-ау деп көре бастасаңыз, жарнамадан көз ашпайсыз. Жарты сағаттық бағдарламаны қайта-қайта бөлгесін не мәні қалады?
Жалпы телеарна жасты да, кәріні де өзіне баурап алатын қуатты құрал. Сондықтан онда көрсетілетін шағын жарнамадан бастап үлкен жобаларға дейін халыққа берері көп сапалы дүние болғаны абзал. Бұрын қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихына қатысты тыңдарманы мен көрерменінің көңілінен шыққан танымдық хабарлар көп болатын. Ол хабарларды даусы қойылған, тілдің ырғағын, әуенін сақтап сөйлейтін мамандар ғана жүргізетін. Ал қазір тілдің заңдылығын сақтамай күлдірген болып, екі сөздің басын қоса алмайтын адамдар эфирлерді толтырып жатыр. Тіпті, еш ізденбестен интернеттен тауып алып, соны сәл өңдеп тыңдарманға жеткізе салатын «өнер» пайда болды.
– Қазіргі телеарналар еліктеушіліктен арыла алмай жатыр. Көрші орыс мемлекеті не шығарса, соны талғамсыз, бейімдеусіз қайталап қоя беретін болды. Көшірме бағдарламалардан қазақтың иісі сезілмейді. Еліктеудің ақыры неге апаратыны белгісіз. Телеарналарда қандай бағдарлама, хабар болмасын бәрі де ұлттың болмысы мен мінез-құлқымен үндесіп келуі керек деген ойдамын. Өзім бала күтімімен үйде отырғандықтан теледидар көремін. Сондайда айтары бөлек, пайдалы дүниелерді тамашалағым келеді. Тек сөзбен ғана талқыға түсіп шешімін таппайтын, күлдіру үшін ғана қойылған бағдарламалардың көбейіп кеткені рас, – дейді кент тұрғыны Алмагүл Сәбитова.
Қазір әлемнің қайда бара жатқанын аядай теледидардан үйде отырып-ақ болжай алатын дәрежеге жеттік. Біздің ертеңіміз бен болашағымыз саналған жас ұрпақты да осы қара жәшіктің тәрбиелеп жатқаны тағы рас. Әлемдік саясат пен әлеуметтік мәселелер, мәдениет пен өнер, спорт пен жарыстар барлығы дерлік осы қара жәшіктің ішінде жүріп жатқандай күй кешетініміз шындық.
Бұл тақырыпты қаузауыма «Немереме не көрсетемін?» деген ата сөзі сеп болды. «Жаһандану үдерісі белең алған шақта батыстан келіп жатқан анимациялық фильмдер жас ұрпағымыздың санасын улауда. Қайсыбір шетелдік мультфильмді қарасаңыз да балаларды қызықтыру үшін барлық жағдайды ойластырған. Тіпті, балалар түгілі ересектердің өзін еріксіз баурап алады. Осыдан барып сана-сезімі, өзіндік ұстанымы әлі қалыптасып үлгермеген балалардың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Күндізтүні жағымсыз әсердегі фильмдер мен ағыл-тегіл төгілген қанды көріп, содан тәрбие алып өскен ұрпақ не болмақ?» деп болашағы үшін уайым қылған Бекболат Пернебаевтың сөзіне біздің де алып-қосарымыз жоқ. Тек, келісеміз.
Өкініштісі, қазiр адамның танымын, жан-жақты бiлiмiн арттыратын салмақты бағдарламалардан гөрi жұлдыздарды көрсетiп жататын даңғаза шоулар көбейiп бара жатқандығы. Ал мән-мағынасы жоқ, мәдени деңгейi төмен бағдарламалар неге басым болып барады деген сұраққа телеарналар рейтинг деп ақталып жүр. Қазiр сәнге айналған бұл терминдi мықтап ұстанған телеарналарымыз көрермендi керi тәрбиелеп жүрмесе болғаны… Түйін. Әрине саналы, өзiндiк пiкiрi бар көрермен қандай жағдайда да асыл мен жасықты ажырата алады. Бiрақ барлығы бірдей ондай емес қой. Сол себептi таным көкжиегi ауқымды әрi талғамы биiк, зиялы әрi мәдениеттi азаматтардан тұратын қоғамда өмiр сүргiмiз келсе, телеарна мәселесiне немқұрайлы қарамағанымыз жөн. Бұл – болашақтың емес, бүгіннің мәселесі. Ал сіз не көріп жүрсіз, оқырман?..
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
08 тамыз 2024 ж. 213 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930