» » Сапасыз ойыншық сан соқтырмасын

Сапасыз ойыншық сан соқтырмасын

Фото
Баланы қуанту – бір бақыт. Сәбилерге қалағанын әперіп, тілегін орындап, түрлі сыйлық жасаймыз. Осы тұста оларды қуанту үшін алып беріп жатқан ойыншықтардың сапасына мән беріп жүрміз бе деген сұрақ еріксіз ойға оралады.
Сұрақтың жауабын білу үшін ойыншық сататын бірқатар сауда орынын араладық. Бала тұрмақ ересектерді қызықтырып, өзіне еріксіз елітетін ойыншықтар дүкен сөресінде тізіліп тұр. Самсап тұрған түрлі ойыншықтың қауіпті-қауіпсізін ажырату қиын. Кей дүкенге кіре бергеннен тынысыңыз тарылып, мазасыз күй кеше бастайсыз. Сапасыз ойыншықтың жағымсыз иісі тұла бойыңызды тітіркендіріп жібереді. Түрлі дыбыстардан бала тұрмақ үлкен адамның жүйке жүйесі сыр бере бастайды. Мұндай дыбыстардың баланың есту қабілетінің төмендеуіне, тіпті құлағы естімей қалуына алып келетінін мамандар әлдеқашан ескерткен. Бірақ та мұндай «күмәнді» ойыншықтар 2-3 есе арзан, бағасы қолжетімді. Сондықтан кезекте тұрған ата-аналар да, саудасы қызып тұрған саудагерлер де мәз.
Иә, қазір қандай да бір сауда орталығына бас сұға қалсаңыз, балаларға арналған ойыншықтан көз сүрінеді. Жылтыраған қызылды-жасылды ойыншықтар көздің жауын алады. Балалардың үзбей көретін мультфильм кейіпкерлері бейнеленген ойыншықты да осы жақтан кезіктіресіз.
Сауда нарығында ойыншықтардың саны көп болғанымен, сапасы сын көтермейді. Қыруар қаржыға сатып алған ойыншық бала ойынына дес бермей, әп сәтте істен шығып жататын жайттар жиі ұшырасады.
Ойыншықты қалаған баланың ата-анасы кей жағдайда сапалы ойыншықты емес, қалтаға қонымдысын таңдайды. Сапасыз ойыншықты өткір химиялық иісінен, ашық түстерінен ажыратуға болады. Ойыншықтың бетін майлықпен сүртсе, түсі кетіп қалатын ойыншықтардан аулақ болған дұрыс. Бұл ойыншықтар сапасыз болып саналады әрі бала денсаулығына кері әсерін береді. Аллергия туындатып, улану қаупін туғызуы мүмкін.
Ойыншықтың сыртқы жапсырмасында арнайы нұсқаулығы болуы қажет. Онда қай жастағы балаға арналған, қауіпсіздік кеңесі мен шығарылған күні, тауардың қайда шыққаны көрсетілуі керек. Өкінішке орай бұл талаптарды барлық ойыншықтан кездестіре бермейміз. Сол себепті ойыншықты кез келген жерден сатып алмай таңбалауға назар аударған жөн.
Кейде ата-аналар көше бойындағы базардан, тіпті жолға шыққанда пойыздағы сатушылардан да ойыншық сатып ала салады. Бұл жерде баға арнайы дүкендерге қарағанда 2-3 есе арзан. Қалтаға қонымды болған соң көп ата-ана базардан ала салғанды жөн көреді. Қазір базардан да арзан дүние таба алмайсыз. Сатушылар доллар бағасының қымбаттағанын, тасымал құнының өскенін айтып бәйек болады. Әйтсе де ойыншық бағасына лайық болса дейсіз.
Психологтардың айтуынша, ойыншық баланы жан-жақты тәрбиелеу мақсатына пайдаланылады. Оның дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі, белгілі бір мақсаттағы ойластырылған әрекетке үйретеді, қиялын жетілдіріп, еңбекке сүйіспеншілігін, техникаға қызығушылығын, аңғарғыштығын қалыптастырады, талғампаздыққа тәрбиелейді, өнерге ынталандырады. Ойыншықпен ойнауға белгілі жағдайда педагогикалық, эстетикалық, гигиеналық, техникалық талап қойылады, сондай-ақ ол баланың жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыратыны жасырын емес.
Технология дейтін тәулік сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда баланы бағыпқағу ата-ана үшін үлкен жұмысқа айналды. Өйткені қазіргі бөбектер бұрынғыдай ағаш ойыншық пен ауладағы құмға алдана қоймайды. Оларға қымбат машина, әдемі қуыршақ керек. Ал бұған ата-ананың тапқан табысы жете ме? Айлығынан баласын қуантуға құшақ-құшақ ойыншық әкеледі. Бірақ ойыннан ғана емес, ойыншықтан да от шығатынын ескерген жөн.
– Қызым қуыршақтарды жақсы көреді. Қайда жүрсе де қолынан тастамайды, тіпті бірге ұйықтайды. Ойыншықтың қандай екенін, қай жерде сатылып жатқанына мән бермеймін. Балама ұнаса және бағасы қолжетімді болса болғаны, сапасы, одан шығатын иіс туралы ойланып көрмеппін, – дейді Қымбат есімді жас ана.
Ал тек сапалы ойыншықтарды сатып алатын Гүлім ханымның ойы мынадай. «Менің 3 балам бар. Бір жақсы, сапалы ойыншық алсаң, бірнеше жылға жетеді. Келесі балалар да сонымен ойнайды. Бірақ, балалар тез жалығып кетеді. Сондықтан, біраз ойыншықты алып қойып, біршама уақыттан кейін беріп алмастырып отырамын» дейді ол.
Аналардың бір парасы балаларының дамуын басты орынға қойған. Сол себепті де олар дамытушы ойыншық алғанды құп көреді. Бүгінде мұндай тауарлар халық сұранысынан түспей келеді. Себебі бала үшін танымды ойыншықтардың маңызы артуда. Ойнап отырып ойлануға үйрететін құнынан құндылығы жоғары ойыншықтар да бар.
Әрине, ойыншық ермек қана емес, баланың ой-өрісін дамытатын құрал. Шыр етіп дүние есігін ашқан бөбекті жұбату үшін қолына сылдырмақ ұстатамыз. Аяғы шығып, тәй-тәй басқан бөбек әрқилы қуыршақтар мен машинаны жанына серік етеді. Дегенмен сапасыз ойыншықпен алдандырғанша, бір сәт балаға өзіміз көңіл бөлгеніміз жөн болар. Әйтпесе, құрамы беймәлім өнімді қолына алып, аузына салған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болмай ма?
Жалпы сапасы сын көтермейтін ойыншықтардың 90%-ы Қытайдан келген. Кейбір деректерге сенсек, ойыншық құрастырудың жолын таба білген аспанасты елінде 8000-нан аса компания жұмыс істейді екен. Олар жылына ойыншықтың 30 мың түрін шығара алады. Ал елімізге келетін Қытай ойыншығының көбінде ешбір құжат жоқ. Сондықтан мұндай ойыншық базарларда сатылады. Әрине, қаладағы үлкен дүкеннен сапалы әрі барлық құжаты бар, арнайы тексерістен өткен ойыншықтарды таңдап алуға болады. Мұндағы әрбір өнімде дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні мен өндірген мемлекеттің аты жазулы тұрады. Кейбірінде тіпті қазақша нұсқада жазылғанын да байқауға болады. Бірақ олардың бағасы базардағыдан әлдеқайда қымбат. Сондықтан, дүкендегі ойыншықтар талапқа сай болғанымен, олар кез келгеннің уысына түспейді.
Ойын, ойыншық десе көз алдымызға құм үстіне асыр салып ойнаған балалық шақ еріксіз оралады. Ауылда асық атып, ләңгі ойнаған балалар мен қолдарына жапырақты ақша етіп ойнаған қыздар, бірін-бірі қуалап асыр салып жүрген балақайлар ойыншыққа зәру емес еді. Біздің ойыншық та осы еді ғой. Бірақ сол ауыл қарадомалақтарының ойыншығы Қытайда жасалмаған еді.
Қорыта келгенде, бала – бізге берілген аманат. Олардың денсаулығы мен тәрбиесіне ата-ана жауапты. Сәбиім жыламасын деген ниетпен олардың қолына сапасыз ойыншықтың сан түрін ұстатқаннан пайда бар ма? Олар біз сыйға тартқан улы ойыншықтармен әбден жалыққанша ойнайды. Ал біз, ата-аналар балалардың болашағымен «ойнап» жатқанымызды білеміз бе екен осы?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
07 тамыз 2024 ж. 217 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 258

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930