» » САПАСЫЗ ОЙЫНШЫҚ САН СОҚТЫРМАЙ МА?

САПАСЫЗ ОЙЫНШЫҚ САН СОҚТЫРМАЙ МА?

Базарда бәрі бар. Іздегеніңіз алдыңыздан жеңгеңіздей «жүгіріп» шығады. Бала күнімізде ұлдарға мәшине, қыз­дарға қуыршақ болса одан артығы қажет емес. Басқасын көр­геніміз жоқ. Айтпақшы, кішкене пластмасса солдаттар болатын. Қазір сұрағаныңыз алдыңыздан шығады, ақысын төлейсің де ала бересің. Кішкене шардан бастап, таудай тұлпарға дейін тұр. Бірақ осы біз соның сапасына мән беріп жүрміз бе?! Қытайдан келгенді құдадан келгендей сеніп, төрімізге қоямыз. Оны әлі тілі де шықпаған бала ауызға салып ойнайды. Құдды бір тәтті тоқаш жеп жатқандай.
«...Өткен жолы Қытайдан келген ойыншықтан бала денсаулығына қауіпті зат тауып алыпты. Бақылау қатаң болу керек. Тамақ өнімдеріне де солай, медициналық препараттарға да осындай қатаң бақылау жүргізген дұрыс. Рас, біз кәсіпкерлікті қолдап отырмыз. Бірақ адам капиталына зиянын тигізбеу керек. Бақылаудың қажеттігін салынған жаңа тұрғын үйлерді мемлекеттік комиссияның қабылдамай отырғанынан-ақ байқауға болады».
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.
Абай айтқандай «Адам баласы анадан екі түрлі мінезбен туады. Бірі ішсем, жесем дейді, екіншісі көрсем, білсем дейді». Осы күнгі баланың туа сала көріп, білгісі келетініне қайран қаласың. Шүкір ғой. Заман тыныш, ел қадамы – нық. Қандай ойыншық әкелсең де, бала алдымен ұстап көреді, тістеп көреді, сосын қолын – қол, бұтын – бұт қып шашып тастайды. Қайтадан құрастырып көр. Бұл – зор қызығушылықтың нәтижесі. «Мынаны жұлсам, ар жағында не тұр» деген көзқарас. Болашақта түрлі нәрсені құрастырған өнертапқыш болуы да ғажап емес.
– Ұлға ойыншық көлік, қызға қуыршақ әперу – қашаннан бар әдет. Әйткенмен, алып келсең, ертеңіне ойыншықтарды бөліп-бөліп тастайды. Қуыршақтың қолын қолдай, аяғын аяқтай бөліп тастайды. Бала психологиясы солай қалыптасады. Бала сондай сатыдан өткен дұрыс. Не нәрсенің қандай екеніне көз жеткізіп барып, біледі. Ол үшін баланы ұрып-соғудың, жекудің қажеті жоқ. Керісінше, сол ойыншықтардың сапасына мән беріп, сынса да басқасын әперіп, баланың көзқарасының қа­­лып­­тасуына көмектесу керек. Балаларға өз басым ойыншық аларда оның сыртында жапсырылған ақпаратқа мән беремін. Көбіне сапасыз ойыншықтарда ол мәліметтер болмайды, – деді ата-ана Гүлжан Бертайқызы.
Мамандар тауардың түсі мен иісіне мән беру керегін айтады. Түсі киімге жұқпау керек, ал иісі өткір болмаған жақсы. Сонда ғана сіз қолыңызға сапасы жоғары ойыншық ұстаған боласыз.
– Өткір иіс болса, бірден химиялық қосындысы барын аңғаруға болады. Сондай-ақ, ойыншықтың бетін қағазбен сүртіп жіберсең, түсі кетіп қалатын ойыншықтардан аулақ болған абзал. Демек, ондай ойыншықтар 100 пайызға сапасыз екенін көрсетіп, баланың ден­сау­лығына зиян тигізеді. Алайда бала­лар­дың денсаулығына дәл қалай әсер ететінін ешкім білмейді. Мүмкін бет терісіне аллегрия шығады, мүмкін асқазан ауырады, – дейді сарапшы маман Гүлмира Садырова.
Тұрғындар арасында жүргізген сауалнама бойынша сұраққа жауап берген 70 ата-ананың 50-і баласына арзан ойыншық әперетінін айтады. Он екі ата-ана бала ойыншығынан қаржы аямайтынын айтса, сегіз ата-ана жауап беруге қиналатынын жеткізді. Бұл ретте арзанның сорпасы татымайтынын қазақ атам бекерден-бекер айтпаса керек. Өйткені, сапасы төмен ойыншықтың бағасы да өзіне сай болатыны анық. Бұл мәселеге орай амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Фарида Сарыбаеваны да әңгімеге тартқан едік. Әрбір ата-ана өз баласын көзінің қарашығындай қорғау керек дегенге баса назар аударды ол.
– Қазіргі ойыншықтардың дені резеңке мен пластиктен жасалған. Көпшілігінің құрамынан улы заттар табылып жатады. Оқыс жағдайға тап болмас үшін сатушыдан ойыншықты алып тұрып, лицензиясын қоса сұрауымыз керек. Сондай-ақ, бұл ойыншық қайдан шықты, қандай фирма жасады, қай фирма арқылы тасымалданды? Бұл мәліметтің барлығын тұтынушы білу керек. Көптеген ойын­шықтар Қытайдан келеді. Ал олар міндетті түрде нақтыланып алынған жөн. Әзірге бізде шағым болған жоқ, тұтынушы шағымданған жағдайда біз лабораторияға жөнелтіп, толыққанды зерттеуге жіберер едік, – деді бас дәрігердің орынбасары Фарида Сарыбаева.
Қазір ойыншықтың түрі көп. Алматыда «неокуб» деп аталатын баланың ақыл-ойын дамытады деген ойыншықтан он бес бала зардап шеккен. Шығыс Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы 2016 жылы 43 ойыншықтың 7-еуі, 2017 жылы 73 ойыншықтың 10-ы, биыл 52 ойыншықтың 30-ы талапқа сай болмай шыққанын айтып дабыл қаққан. Әдеттегідей аспанас­ты елінен арқалап таситындар. Ал облыс аумағында ойыншықтан уланды немесе жапа шекті деген жағдай тіркелмеген. Әйткенмен, бұл сапасыз ойыншық мүлдем жоқ деген сөз емес. Оқыс жағдайдың алдын алу үшін баланың ойын құралын алғанда аса сақ болған дұрыс. «Сақтықта қорлық жоқ» деген.
Аян СПАНДИЯР.
10 қазан 2018 ж. 1 815 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 243

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 345

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930