» » Сапасыз ойыншық опық жегізер

Сапасыз ойыншық опық жегізер

Қандай да бір сауда орталығына бас сұға қалсаңыз, балаларға арналған ойыншық тізіліп тұрады. Жылтыраған қызылды-жасылды ойыншықтар көздің жауын алады. Балалардың үзбей көретін мультфильм кейіпкерлері бейнеленген ойыншықты да осы жақтан кезіктіресіз.
Сауда нарығында ойыншықтардың саны көп болғанымен, сапасы сын көтермейді. Қыруар қаржыға сатып алған ойыншық бала ойынына дес бермей, әп сәтте істен шығып жататын жайттар жиі ұшырасады. Иә, бүгінде дүкен сөрелерінде самсап тұратын L.O.L. қуыршақтары, Mini W Tobot трансформер автокөлік, балық аулау, әскери ойыншық жиынтықтары бала денсаулығына қауіпті. Жыл басынан бері елімізде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 706 балалар ойыншығы анықталған. Бұл туралы елдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандары дабыл қағуда. Мониторинг аясында балалар ойыншығының 1499 үлгісін зерттеген. Тексеру нәтижесінде оның тең жартысы, яғни 47,1%-і "Ойыншықтың қауіпсіздігі туралы" заң талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған. Оның ішінде жоғарыда біз атаған ойыншық түрлері бар.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1499 ойыншықтың арасында 1,3% – отандық өнім, 8,4%-і – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге тиесілі.
Заңбұзушылықтардың негізгі бөлігі таңбалау талаптарын бұзуға қатысты – 97,6%, органолептикалық көрсеткіштер бойынша 3,3% жағдай анықталды. Санитариялық-химиялық бойынша 23 үлгіде қауіпсіздік көрсеткіштері асып кеткен. Ойыншықтардың құрамынан ксилен, бензол, фенол, гептан, формальдегид, этилацетат, стирол, сонымен қатар, метил, изопропил, изобутил спирттері анықталған.
Егер ойыншықтың құрамындағы фенол – 1,2- 1,4%, қорғасын – 1,7%, кадмий – 1,6-4,0%, формальдегид 1,2-4,1% артық болса бұл бала ағзасына қауіп төндіреді. Дәрігерлердің айтуынша, химиялық зат фенол, формальдегид баланың жүйке жүйесіне әсер етеді, теріге тез сіңеді. Сонымен қатар ринит қатерлі ісігін және ауыр жағдайларда ішек қатерлі ісігін тудырады. Ал кадмий тыныс алу жолдары мен асқазанға зиянды әсер етсе, қорғасын ағзаға жиналып, созылмалы улануға сеп болады. Бір қорқыныштысы, осы қауіпті қоспалар базардағы ойыншықтарда бар. Тек оның барлығын анықтау тұтынушы түгілі білікті маманға үлкен жұмыс. Ойыншықтың сапасын анықтаудың өзі оңай шаруа емес.
Қауіпті ойыншық қайдан келеді? Сапасы сын көтермейтін ойыншықтардың 90%-і Қытайдан келген. Кейбір деректерге сенсек, ойыншық құрастырудың жолын таба білген аспанасты елінде 8000- нан аса компания жұмыс істейді екен. Олар жылына ойыншықтың 30 мың түрін шығара алады. Ал елімізге келетін Қытай ойыншығының көбінде ешбір құжат жоқ. Сондықтан мұндай ойыншық базарларда сатылады. Әрине, қаладағы үлкен дүкеннен сапалы әрі барлық құжаты бар, арнайы тексерістен өткен ойыншықтарды таңдап алуға болады. Мұндағы әрбір өнімде дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні мен өндірген мемлекеттің аты жазулы тұрады. Кейбірінде тіпті қазақша нұсқада жазылғанын да байқауға болады. Бірақ олардың бағасы базардағыдан әлдеқайда қымбат. Сондықтан, дүкендегі ойыншықтар талапқа сай болғанымен, олар кез келгеннің уысына түспейді.
Ойын, ойыншық десе көз алдымызға құм үстіне асыр салып ойнаған балалық шақ көзге еріксіз оралады. Ауылда асық атып, ләңгі ойнаған балалар мен қолдарына жапырақты ақша етіп ойнаған қыздар, бірін-бірі қуалап асыр салып жүрген балақайлар ойыншыққа зәру емес еді. Біздің ойыншық та осы еді ғой. Бірақ сол ауыл қарадомалақтарының ойыншығы Қытайда жасалмаған еді.
Баға ма әлде сапа ма? Ойыншықты қалаған баланың ата-анасы кей жағдайда сапалы ойыншықты емес, қалтаға қонымдысын таңдайды. Десе де самсап тұрған ойыншықтар ішінен қауіпті-қауіпсізін ажырату қиын.
Сапасыз ойыншықты өткір химиялық иісінен, ашық түстерінен ажыратуға болады. Ойыншықтың бетін майлықпен сүртсе, түсі кетіп қалатын ойыншықтардан аулақ болған дұрыс. Бұл ойыншықтар сапасыз болып саналады әрі бала денсаулығына кері әсерін береді. Аллергия туындатып, улану қаупін туғызуы мүмкін.
Ойыншықтың сыртқы жапсырмасында арнайы нұсқаулығы болуы қажет. Онда қай жастағы балаға арналған, қауіпсіздік кеңесі мен шығарылған күні, тауардың қайда шыққаны көрсетілуі керек. Өкінішке орай бұл талаптарды барлық ойыншықтан кездестіре бермейміз. Сол себепті ойыншықтарды кез келген жерден сатып алмай таңбалауға назар аударған жөн.
Кейде ата-аналар көше бойындағы базардан, тіпті жолға шыққанда пойыздағы сатушылардан да ойыншық сатып ала салады. Бұл жерде баға арнайы дүкендерге қарағанда 2-3 есе арзан. Қалтаға қонымды болған соң көп ата-ана базардан алғанды жөн көреді. Қазір базардан да арзан дүние таба алмайсыз. Сатушылар доллар бағасының қымбаттағанын, тасылмал құнын өскенін айтып бәйек болады. Әйтсе де ойыншық бағасына лайық болса дейсіз.
Керек кеңес Кішкентай баланы ойыншықтармен бірге қараусыз қалдыруға болмайды. Себебі оның арасында түрлі ұсақ бөлшектері мен магнит шарларын бала жұтып қоюы мүмкін. Бұл заттар ас қорыту жүйесінде бірігіп, бала денсаулығына қауіп тудырады. Кез келген ұсақ және өткір бөлшектері бар құрастырғыштарды қауіпті деуге болады. Бала деген әуелі көргенін қолына ұстайды, сосын аузына салады емес пе?! Ал тілге тиді дегенше, ішке түсті дей беріңіз. Кішкентай балақайлар барлығын ауызға салуға бейім тұрады, сондықтан ойыншық таңдауда абай болған жөн. Егер ойыншық бала өміріне қауіп төндіреді деп күдіктенсеңіз, ойнау барысында бақылап отырған абзал.
Ата-аналар не айтады? Технология тәулік сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда баланы бағып-қағу ата-ана үшін үлкен жұмысқа айналды. Өйткені қазіргі бөбектер бұрынғыдай ағаш ойыншық пен ауладағы құмға алдана қоймайды. Оларға қымбат машина, әдемі қуыршақ керек. Ал бұған ата-ананың тапқан табысы жете ме? Айлығынан баласын қуантуға құшақ-құшақ ойыншық әкеледі. Бірақ ойыннан ғана емес, ойыншықтан да от шығатынын ескерген жөн.
– Мен ойыншықтың қандай екеніне, қай жерде сатылғанына мән бере қоймайды екенмін. Балама қайсы ұнайды, соны алып беремін. Тіпті, сапасына да қарамаймын, ұнатып тұрса болды. Қымбаты да, арзаны да сынады, сондықтан, қымбат болған сайын сапалырақ деп ойламаймын, – дейді Қымбат есімді ана.
Ал, Айнұр есімді ана тек сапалы ойыншықтарды алатынын айтады.
– Менің 5 балам бар. Бір жақсы, сапалы ойыншық алсаң, бірнеше жылға жетеді. Яғни, келесі балалар да сонымен ойнайды. Бірақ, балалар тез жалығып кетеді. Сондықтан, біраз ойыншықты алып қойып, біршама уақыттан кейін беріп алмастырып отырамын, – дейді ол.
Әрине, ойыншық ермек қана емес, баланың ой-өрісін дамытатын құрал. Шыр етіп дүние есігін ашқан бөбекті жұбату үшін қолына сылдырмақ ұстатамыз. Аяғы шығып, тәй-тәй басқан бөбек әрқилы қуыршақтар мен машинаны жанына серік етеді. Дегенмен сапасыз ойыншықпен алдандырғанша, бір сәт балаға өзіміз көңіл бөлгеніміз жөн болар. Әйтпесе, құрамы беймәлім өнімді қолына алып, аузына салған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болмай ма?
Қаншалықты жалт-жұлт етіп көздің жауын алып қызықтырғанымен, сапасыз ойыншық көбіне қуаныш емес, қасірет әкелетінін естен шығармағанымыз абзал. "Сырты бүтін, іші түтін" көздің жауын алатын ойыншықтар балаларды улауда. Әсілі ойыншық мәселесі «ойыншық» емес. Ұл-қызымыз тәрбиелі, адамгершілігі мол, жақсы қасиеттерден азық алсын десек, дұрыс ойыншық таңдап, бала болашағын ойлауда бейқам болмайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ

10 қараша 2022 ж. 645 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930