Қарым-қатынастың құпиясы қандай?
Бүгінде баланы қатып қалған бір тәртіппен тәрбиелей алмайсыз. «Қазіргі балалар қиын» деген ата-аналар шағымын жиі естіп жатамыз. Бала айна іспетті. Оған айтқан әрбір сөз, көрсеткен іс-әрекетті айна қатесіз қайталайды.
Әдетте ата-аналар ұл-қызын дұрыс тәрбиелеу үшін қатал ұстағанды жөн санайды. Кейбір отбасында баланы ұру, күш қолдану қалыпты жағдай саналып, тәрбиелеудің бір түріне айналып кеткендей. Тіпті мұны жақтайтындар да бар. Бұл әрекет арқылы бала бойындағы жауапкершілікті арттырып, тәртіпті сіңіреміз деп ойлайды.
Әсілі, баланы ұрып тәрбиелеуге болмайды. Бұл тек уақытша қолданатын тиімді әдіс деп ойласа керек. Мұның салдары ата-ана үшін, бала үшін де өте ауыр болмақ. Бала осының әсерінен жасқаншақ, қорқақ, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Екінші қырынан бала агрессивті, ашушаң болады. Сол себепті балаға мейлінше қол көтермеу қажет.
Ата-ана парызы тек баланы дүниеге әкелу емес, сонымен қатар жақсы тәлім-тәрбие беру. Кейде баланы көп шектейміз. Айталық, балаға телефон көп көрме, ойыншықтарыңды шашпа, тыныш отыр дегендей қатаң тапсырма береміз. Сәйкесінше оған айналысатын екінші іске таңдау ұсынбаймыз. Мәселен телефон көрме, бірақ «кел екеуміз сурет салайық» деген секілді баланы басқа іспен айналысуға шақырмаймыз.
Оң мен солын танып келе жатқан бала біреуге қарап еліктейтіні айдан анық. Сол себепті ата-ана бала үшін ең бірінші «ұстаз» болады. Мәселен, әкесі баласына: «Тамақ ішпес бұрыс қолыңды жу» деп өзі бұл талапты орындамаса, балаға қанша ұрысқанымен бала көргенін қайталайды. Баланың дұрыс тәрбие алғанын қаласақ, өзіміз де соған сай іс-әрекет жасауға тиіспіз.
Баламен неғұрлым ашық және жиі сөйлесу маңызды. Әр баламен жеке уақыт өткізуді әдетке айналдыру қажет. Себебі әр бала ата-анасының назарында болғысы келеді. Сонымен қатар баланың өміріндегі маңызды күндерде жанынан табыла білудің өзі балаға жылу сыйлайды. Әрбір жетістігіне қуанып, еркелете білу керек. Сол арқылы бала өзінің қажеттілігін сезінеді.
Ең алдымен, балаға ата-ана жауапты. Бала «бала» болғаны үшін де өз-өзіне жауап бере алмайды. Оның таңдауына ата-ана тікелей байланысты. Әрине, балаға таңдау құқығын берген дұрыс. Оның қалауымен, ойымен санасу керек. Бірақ оның дұрыс шешім қабылдауы ата-ананың жауапкершілігінде. Мұны естен шығармаған жөн. Екінші мәселе – «біздің үйдің еркесі» деген түсінікті өзгерту керек. Шаңырақтағы балаларды үлкен-кіші деп бөліпжарып қарамау қажет. Қазақы танымда қартайғанда бағатын осы кенжеміз деп ерекше ықылас танытып жатады. Мұны естіген басқа балалардың психологиясы бұзылуы мүмкін. Сондықтан бәріне бірдей көңіл бөліп, бірдей еркелеткен дұрыс. Ең жаманы – туған бауырлардың арасындағы қызғаныш. Үйдің тұңғышы болып дүниеге келгеніне үлкен бала кінәлі емес қой. Баланың барлығы сүйіспеншілікке, мейірімге мұқтаж. Сол себепті әр баланы өзінің жас ерекшелігіне сай бірдей еркелетіп қарау керек.
Түйін Қарбаласқа толы тірліктен қолы босамайтын ата-ананың бір сәт бала жанында болғаны оған қуаныш сыйлап, көңілін шаттандырады емес пе?! Бір қарағанда бәрі дұрыс көрінуі мүмкін. Ата-ана бала үшін еңбек етуде, бала да өздігінен даму үстінде. Бірақ бір нәрсе орнында емес. Балаға деген мейірім мен махаббат басқа дүние үшін жұмсалуда. Өзекті өртеп, өкініш кернейтіні де осы жағдай. Бәлки, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктер осы отбасындағы мейірімнің жетіспеуінен болып жатқан шығар. Кім білсін?.
А.АХМЕТ