Жазасыз тәрбие: Еркіндік пе, еркелік пе?
qarmaqshy-tany.kz БАЛА ТӘРБИЕСІ ҚАШАН ДА ӨЗЕКТІ. «БҮГІНГІ БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕУ ҚИЫН» ДЕП ЖАТАДЫ КӨБІ. ТӘРБИЕГЕ КЕЛГЕНДЕ ӘР АТА-АНАНЫҢ ӨЗІНДІК ҚАҒИДАЛАРЫ БОЛАДЫ. КЕЙБІРІ БАЛА БОЙЫНДАҒЫ ӘЛЕУЕТТІ ОДАН ӘРМЕН ДАМЫТУДЫ КӨЗДЕСЕ, БӘЗБІРЕУЛЕР ОНЫ БАЙҚАМАҚ ТҰРМАҚ ЕНДІ ЖАНА БАСТАҒАН ОТТЫ ӨЗ ҚОЛЫМЕН ӨШІРІП АЛЫП ЖАТАДЫ. «БАЛАМНЫҢ СЫРЫ ӨЗІМЕ МӘЛІМ» ДЕП, ТАЯҚТА ТҰРҒАН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ, «БӘРІМІЗ ДЕ ТАЯҚПЕН ӨСТІК» ЖАМАН БОЛҒАНЫМЫЗ ЖОҚ ДЕЙТІН АТА-АНАЛАР ДА ТАБЫЛАДЫ. ДЕГЕНМЕН ҚАЗІРГІ ЗАМАН БАСҚА, ҚОҒАМ БАСҚА, АЛ БАЛАНЫҢ ПСИХОЛОГИЯСЫ ТІПТЕН БӨЛЕК.
Еліміздегі ересектердің 75%-і баланы жұмсақ қолмен бір тартып жіберуге болады деп есептейді. Бұл әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі. Демек халықтың дені баланы таяқпен тәрбиелегенді дұрыс көреді. Әйтсе де соңғы жылдары бала психологиясы туралы жиі көтеріліп, жазасыз тәрбиенің жайы кеңірек талқылануда. Әлбетте бала еркелікке салады, ал еркеліктің соңы еркіндікке апарады. Мұны да қаперге алған жөн.
Баланы жай ұру не, мейлі қатты ұру не бәрібір. Баланы ұру, жазалау бұл оның болмысын толық ашуға кедергі келтіреді дейді мамандар. Қазір психологияда «бала күнгі травма» деген тіркес жиі айтылып жүр. Біздің күнделікті өмірде болып жатқан дүниенің бәрі түпкі санамызда «жазбалар жадысына» сақтала береді. Дәл солай бала күнгі ата-анадан көрген жаза мен жеген таяқтың да зардабы оның келешек өміріне әсер етпей қоймайды. Өз-өзіне сенімсіз, тұйық, жалтақтаған жасқаншақ бала да осы таяқпен келген тәрбиенің жемісі.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей қазақстандықтардың 75%-і балаға қол көтеруді дұрыс деп санайды. Демек, біздегі баланың көбі тәртіпті, бірақ тәрбиелі емес. Тіл алғыш, бірақ тұлға емес. Жалпы бала тәрбиесінде ұрып-соғу деген методика қайдан, қалай келді? Ол кімдер үшін тиімді? Неге ата-ана баланы сол үлгіде тәрбиелегенді құп көреді?
ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ ТАЯҚ ПА?
Баланы қағып қалу, ұрысу – аурудың бір түрі дейді ғалымдар. Біріншіден, таяқ жеген баланың бәрі тәртіпті, тіл алғыш болып өспейді. Осыны ескерейік. Сондықтан оны қорқыту арқылы жазалаған қисынсыздау көрінеді. Бұзықтық жасаған балаға балама жол ұсынған тиімді тәсіл болмақ.
Ата-ана парызы тек баланы дүниеге әкелу емес, сонымен қатар жақсы тәлім-тәрбие беру. Кейде баланы көп шектейміз. Айталық, балаға телефон көп көрме, ойыншықтарыңды шашпа, тыныш отыр дегендей қатаң тапсырма береміз. Сәйкесінше оған айналысатын екінші іске таңдау ұсынбаймыз. Мәселен телефон көрме, бірақ кел екеуміз сурет салайық деген секілді баланы басқа іспен айналысуға шақырмаймыз.
Қазіргі заманауи тәрбие тәсілдерінің бірі – баланы еркін тәрбиелеу, шектемеу. Осылайша баланы барынша жетілдіруге болады дейді. Еркін тәрбиенің бір парасы – жазасыз өсіру, яғни мадақтаумен алмастыру. Мысалға бала тәрбиесі жөніндегі бестселлер саналатын Масару Ибуканың «Үш жастан кейін бәрі кеш» кітабынан мына бір үзіндіні келтірейікші. «Ынталандыру немесе жазалау тәсілінің бірін таңдау керек болса, соңғысы өтімдірек көрінеді. Бірақ бұл ой дұрыс емес. Баланы жазалау қарама-қарсы реакция – ашық қарсылықты туды- рады. Жалпы алғанда, мақтауды да, жазаны да абайлап қолдану керек. Мәселен, үстел үстіне шырын құйылған стақанды қойып жатқан ананы елестетіңіз. Анасының істегенін істегісі келетін бала соны қайталауға тырысады. Ал анасы болса, «болмайды» деп шорт кесіп, төгіп алады деп қорқады. Бұл жөн емес. Осылай істеп алып, кейін көмектеспейтінін айтып шағымданатын болады. Сондықтан бала бірдеңе істеуге талпынса, сәл мадақтап жіберу керек. Осы маңызды. Әлбетте, кейде сәл дауыс көтеріп, мәжбүрлеу керек болады. Бірақ сөйте тұра қиын жағдайда балаға таңдау еркін беріп, не көндіруге тырысқан дұрыс. Айталық, әлі оқымаған газетіңізді бала жыртып жатса, қолынан жұлып алып, сілкігеннен гөрі ескі газетпен алмастырған жөн. Олай етпей, тартып алатын болсаңыз, оның іске деген құлшынысын сөндіріп, қызықтырған затынан айырған боласыз».
БАЛАНЫҢ САҒЫ СЫНБАСЫН
Бізде балаға бұзықтық жасаса, тиып тастаймыз. Мәселен үйде жиюлы тұрған заттарды шашты делік. «Тәйт» деп бір өгіп аламыз да, енді бұл әрекетін қайталаса, таяқты жейсің деп қорқытамыз. Олардың жүзінен қорыққанын көрсек, қайта жасамайды деп ойлайды екенбіз. Бірақ баланың аты бала ғой. Ол ұмытып қалып қателігін қайталауы мүмкін. Баланың да шалыс басуына рұқсат беріп, қателігінен сабақ алуға мүмкіндік беруге болады.
Желіде хит болған Нұрлан имамның «Бала тентектік жасаса ұруға болады ма?» деген сауалға жауап бергені жүр. Онда имам бала айтқанды тыңдамаса, шектен шықса баланы жөнге салу үшін анасының шапалақпен тартуына болады дейді. Бірақ әкенің таяқтамағаны дұрыс дегенді айтады. Себебі әкенікі қатты есте сақталады. Әрі оның қолы қатты, қабағы қатты, сөзі қатты. «Бала таяқ жеген жерін ұмытса да, тамақ жеген жерін ұмытпайды». Сондықтан біз анамыздың кеудесіне бас қоямыз, себебі омырауын еміп өстік, тамақтандық. Оны ешқашан ұмытпаймыз. Ал әкеге олай жасамаймыз.
Бала тәрбиесіндегі мынадай қарапайым ережені естен шығармаған жөн. Адам мейірімді болып өсуі үшін, мейірім төгу керек. Ал таяқ пен жаза болған жерде мейірім туралы айтудың өзі қисынсыз болар еді. Әлбетте тәрбиедегі агрессия – агрессия туғызады.
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ҚҰПИЯСЫ ҚАНДАЙ?
Бүгінде баланы қатып қалған бір тәртіппен тәрбиелей алмайсыз. Әдетте ата-аналар ұл-қызын дұрыс тәрбиелеу үшін қатал ұстағанды жөн санайды. Кейбір отбасында баланы ұру, күш қолдану қалыпты жағдай саналып, тәрбиелеудің бір түріне айналып кеткендей. Тіпті, мұны жақтайтындар да бар. Бұл әрекет арқылы бала бойындағы жауапкершілікті арттырып, тәртіпті сіңіреміз деп ойлайды.
Әсілі, баланы ұрып тәрбиелеуге болмайды. Бұл тек уақытша қолданатын тиімді әдіс деп ойласа керек. Мұның салдары ата-ана үшін де, бала үшін де өте ауыр болмақ. Бала осының әсерінен жасқаншақ, қорқақ, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Екінші қырынан бала агрессивті, ашушаң болады. Сол себепті балаға мейлінше қол көтермеу қажет.
Баламен неғұрлым ашық және жиі сөйлесу маңызды. Әр баламен жеке уақыт өткізуді әдетке айналдыру қажет. Себебі әр бала ата-анасының назарында болғысы келеді. Сонымен қатар баланың өміріндегі маңызды күндерде жанынан табыла білудің өзі балаға жылу сыйлайды. Әрбір жетістігіне қуанып, еркелете білу керек. Сол арқылы бала өзінің қажеттілігін сезінеді.
«Сабау балаға сабақ бола алмайды. Былайша айтқанда, сана болмаса, ұрғаннан пайда жоқ. Адам өзінің де, перзентінің де жүйке жүйесін бұзбай, мән-жайды сөзбен түсіндіруді үйренген жөн. Таяқ жеп өскен бала жұмсақ мінезді болмайды. Осы әрекет арқылы оның мінез-құлқының бұзылуына әкеліп соғады. Ол алдағы уақытта өз ойын айта алмайтын, жасқаншақ болып өседі. Сондықтан бірінші кезекте балаға ата-ана үлгі болу керек. Баланы емес, әуелі ата-аналар өздерін тәрбиелеген дұрыс» дейді психолог мамандар.
Түйін Уақыт – жүйрік. Зымырап өте береді. Кешегі шақалақ сәбиіңіз бір қарасаңыз ересек болып, сізге қалай ақыл айтып жүргенін аңғармай да қаласыз. Қарбаласқа толы тірліктен қолы босамайтын ата-ананың бір сәт бала жанында болып, тәлімді тәрбиеге көңіл бөлгені баланың да көңілін көтеріп, шаттандырады емес пе?! Бір қарағанда бәрі дұрыс көрінуі мүмкін. Ата-ана бала үшін еңбек етуде, бала да өздігінен даму үстінде. Бірақ бір нәрсе орнында емес. Баланың тәрбиесі, оған керекті мейірім мен махаббат. Өзекті өртеп, өкініш кернейтіні де осы жағдай.
Ақнұр САҒЫНТАЙ