» » БАЛАНЫ «ТАЯҚСЫЗ» ДА ТӘРБИЕЛЕУГЕ БОЛАДЫ

БАЛАНЫ «ТАЯҚСЫЗ» ДА ТӘРБИЕЛЕУГЕ БОЛАДЫ


«БАЛАНЫҢ ІСІ – ШАЛА», «БҰЛ БАЛА, БАЛА ЕМЕС – БӘЛЕ» ДЕГЕН ҚҰЛАҚҚА ТҮРПІДЕЙ ТИЕТІН МАҚАЛ-МӘТЕЛДІ КЕЙІНГІ КЕЗДЕ ЖИІРЕК ҚҰЛАҚ ШАЛАДЫ. ҮЛКЕНДЕР БАЛАНЫҢ ҚЫҢЫР МІНЕЗДІ ҚЫРСЫҚТЫҒЫ МЕН АЙТҚАН ТІЛДІ АЛМАЙТЫН БІРБЕТКЕЙ МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫНА ҚАРАП ОСЫ СӨЗДІ АЙТСА КЕРЕК. БАЛА – АТА-АНА ҚОЛЫНДАҒЫ АМАНАТ. ОЛАРДЫҢ ЖҮРЕГІ – ПӘК, ТАЗА, ГАУҺАРДАЙ ҚҰНДЫ. БАЛА ЖАС ШЫБЫҚТАЙ ИІЛГІШ КЕЛЕДІ. КЕЗ КЕЛГЕН ПІШІНГЕ САЛУҒА БОЛАДЫ. ҚҰНАРЛЫ ТОПЫРАҚҚА ҰҚСАЙДЫ. ҚҰНАРЛЫ ТОПЫРАҚҚА НЕ ЕКСЕҢ, СОНЫҢ ЖЕМІСІН АЛАСЫҢ. СОНДЫҚТАН БАЛА НЕГЕ БЕЙІМДЕЛЕТІН БОЛСА, СОЛ БОЙЫНША БАҒЫТ АЛАДЫ, ӨСЕДІ.
Алтынай үйдегі тұңғыш бала. Екі інісі бар. Екеуі де ерке болғандықтан тіл алмайды. Анасы үйдің үлкені деп Алтынайға үнемі екі інісін жылатпай қарап отыруды қатаң тапсырады. Егер ұлдары тентек болса қызын сабап тастайды. Аяқ, қолын шымшып, көгертіп қояды. Жаздыгүні жеңі ұзын көйлек киіп жүретіні де содан екен. Құр­бысымен кездесуге, сөйлесуге де рұқсат етпейді. Анасынан әбден қорқып қалған шарасыз қыз жас­қан­шақтанып, бірдеңеден қорқып жүреді. Бар­лығы оған ұрысатын, ұратындай көрінеді. Мей­ірім көрмей өскен адам біреуге де жүрек жылуын сыйлай алмайтыны ақиқат қой. Оның қатігез болып бойжетіп, талай қиындыққа душар болғанын құлақ естіп, көз көрді. Бұл тек бір ғана мысал.
Тақырыпты тереңірек аша түсу үшін өткенге оралу қажет. Бір ағамыз: «Таяқпен өстік. Тіл ал­масақ әкем қамшымен, шешем оқтаумен осып алатын. Үндеріңді шығармаңдар десе, аузы­мызға құм құйылып дыбысымызды да шы­ғар­майтынбыз. Мұндай таяқ жегеннен кейін ай­тқанын істемей көр. Ата-анамыз жұмыстан келем дегенше біріміз шөпшек теріп, біріміз шай қайнатып, енді біріміз үй жинап тапсырылған жұмысты тас-түйін, тап-тұйнақтай етіп орындап қоятынбыз. Одан жаман болмадық. Үлкенді сыйлап өстік. Біріміз үшін бәріміз жұмылуды үйрендік. Қазір баламызды ұрмақ түгілі бетіне қарап сөйлеуге қорқамыз. Заман-ай. Ұрмай-ақ, қатты сөз айтсаң бір бәлеге душар бола ма деп үрейленіп отырасың. Біз секілді таяқ жесе бұлар не істер екен», – деп күрсінді.
Рас. Сіздің «жақсы бол», «енді қайталама» деп жасаған қатаң ескертуіңізді бала дұрыс түсінбеуі мүмкін. Санасына жетпесе, ұғындыра алмасаңыз ұр не, ұрма не, нәтиже күтпеңіз. Өткен мен бүгінгіні салыстыруға келмейді. Бала сіз не істесеңіз соны қайталайды. Өйткені көз ашқалы естігені сіздің сөзіңіз, көргені жүріс-тұрысыңыз. Өзіңді жөндемей баламды тәртіпті қылам деу бос әурешілік. Әңгімелерді ой елегінен өткізіп «Балаға сана берсін, сана бермесе ала берсін» деген тәмсілдің тереңде жатқанын білесің.
Иә, бала тәрбиелеу – қиын іс. Әйтсе де, әр уа­қытта аса ыждаһаттылықпен мән берсек, оның іс-әрекетіне әрдайым көңіл-аударсақ, балаға оңы мен солын ажыратуға септігіміз тиеді. Бас салып ұра бергеннен ұтатынымыз жоқ. Алайда, шектен шығып, тентектік көп жасайтын баланы қалай жөнге саламыз? Бәлкім, ұрысып, ұрып немесе түрлі жаза да берген дұрыс шығар?! Бұл сұраққа көп не дейді? Жауап беретіндердің дені: «Жоооқ, болмайды. Керісінше, ұрыспай, ұрмай тәрбиелеу керек. Жай сөзбен, ақылға салып түсіндіргеннің өзі жеткілікті», – дейді.
Қазір біз тым ашуланшақпыз. Біреудің сөзін де, басқасын да көтере алмай бірден эмоцияға берілеміз. Сондайда шапалақпен тартып жібе­ретініміз бар. Кейде бала да тым агрессивтік қа­­білет көрсетіп, бойындағы тасып тұрған, жи­нал­ған күш-қуатты шығару үшін «бұзықтық» атау­лыға барып қояды. Осындайда сабыр сақтап, барлығын ақылға салып ұғындырсақ жеткілікті. Бұрын бізді қамшымен сабады деп тоқпақтай беруді көтермейді.
Бүгінгі бала ертеңгі елдің тұтқасын ұстар азамат. Азаматтарымыз жасқаншақ емес, батыр да батыл, бірсөзді болып өсуі үшін таяқпен емес, талаппен тәрбиелейік. Өйткені бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы
20 сәуір 2019 ж. 2 971 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 161

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930