» » Масылы қайсы, мұқтажы қайсы?

Масылы қайсы, мұқтажы қайсы?

Әлеуметтік желіде бір бейнекөрініске көзім түсті. Киноның үзіндісі болса керек. Бір топ жас жігіт ауылдастарына көмек бергісі келеді. «Шын мұқтажға берейікші» деп ниеттенген олар көмекті алғысы келетіндер көп болғанымен, олардың айналасына көз салып, көмекті қажет етпейтінін аңғарады. Алайда адамдардың пейілі осы үзіндіде анық байқалады. Бұл – бүгінгі қоғамның ащы көрінісі. Алған үстіне алсам, бергеннің үстіне берсе дейді. Қоғамымызда дәмету, сұраншақтық секілді жаман қасиеттер жыл өткен сайын ушығып барады. Шын мұқтаж, он екі мүшесі түгел болмай, жұмысқа жарамсыздығы салдарынан көмек сұрауға мәжбүр болып отырса сөз басқа. Ал он екі мүшесі сау бола тұра, жас кезінде білім алудан қашып, есейгенде еңбек етуді қиынсынып, алақан жаюдың масылдық сана екені даусыз. Жоғарыдағы үзіндідегідей масылдық санамен өмір сүретіндер шын мұқтаждардың мемлекеттен алар несібесін иемденіп жүрген жоқ па? Масыл мен мұқтаж мәселесі туралы саралап көрсек.
Көмек күтетіндер көбейіп кетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек» деп елімізде әлеуметтік қолдау бағытында көрсетілетін көмектер көбейген сайын «мемлекеттен ала берсем» дейтін тоғышар пиғылдылардың қатары өсіп бара жатқанын қинала жеткізді. Осы Жолдаудан бері 3 жыл өтті. Жағдай әлі де сол қалпында. Ебін тауып кедейдің асына да көз алартатындар көбеймесе, азайған жоқ. Бұл сайып келгенде, олардың осындай әрекеттері өз күнін әзер көріп жүрген шын мұқтаждардың әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалдыруына әкеліп соқтырады. Мұның соңы еңбек етуден қашып, масылдыққа бой ұратындардың көбейіп отырғандығымен де қауіпті.
Осыны ескерген ел Президенті де бір сөзінде «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап, өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен берілетін көмекті солардың өздеріне жұмсау қажет» деп атап көрсетіп, жалғыз жәрдемақыға үміт артып отыра берудің жақсылыққа апармайтынын естір құлаққа жетесіне жетердей-ақ жеткізді. Шындығында да тек бала ақшасына ғана тамақ асырап отырған отбасылар көп-ақ. Жомарт жандардың қайырымдылық көмегін дәметіп әкімшілік пен мешітті жағалап жүретіндері қаншама?! Осылай жұмыс жасамай, елден көмек күтетіндер де көбейіп кетті. Кәсіпкері болсын, қарапайым азаматтар болсын қолында болса көмегін аямас. Қазіргідей қымбатшылық жағдайында кімнің шекесі шылқып жүр дейсіз? Тапқан-таянғаны өздерінен де артылмайды. Сонда да нәпақаңның шетінен жырып кемкетік, кембағалдармен бөліскендей боласың. Жеті мүшесі сау, тек жұмыс істеуге ынтасы жоқтарға да қарайласқанда нең қалады?! «Бәленбай бала таптым, мемлекет асырауға міндетті» дейтін апа-сіңлілерімізді де көріп жүрміз. Көпке топырақ шашпаймыз әрине. Ортамызда аз да болса адал еңбегімен күн кешіп, оншақты баласын қатарынан қалдырмай өсіріп отырғандар жетерлік. Алайда берген жұмысты менсінбей, тек дайын көмекті ғана күтетіндердің қарасы қалың болып тұр.
Ебін тапқандар екі асайды
Расында, өзінің туған баласының жауапкершілігіне дейін мемлекеттің мойнына арта салғандарға не деуге болады? Тағы бір мысал қазір қоғамымызда өз баласына алимент төлеуден қашып жүрген ауқатты жандар жетерлік. Ал әйелі жалғызбасты ана ретінде мемлекеттік көмекке мұқтаждардың есебінде тұрады. Баланы сүйіспеншілікпен өмірге әкеліп, өзінің бар мейірімін төгіп тәрбиелеп қамтамасыз етуден гөрі, жәрдемақы үшін бала санын көбейтуге тырысу да жақсы қасиет емес. Жалпы тегін дүниеге ұмтылу, ретсіз дәмету дұрыс емес екені анық. Осы тұрғыдан алғанда масылдық қоғамның кеселі деуге болады. Жұмыс істеуге құлқы жоқ, жеңіл табыс табуға ұмтылу, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдыланған жандардың көбеюі қоғам үшін үлкен қауіп. Сондықтан бүгінгі күні масылдықтың қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
Ұлтарақтай жерінен мол өнім алып, жоқтан бар жасап жатқан кейбір халықтың еңбекқорлығы біздің халқымызға да жұғысты болса, осынау дархан даланы тоздырмай болашақ ұрпаққа тапсырсақ мақсаттың орындалғаны болар еді. Немесе еліміздегі мамандардың жаппай заңгер, банк маманы секілді мамандықтарға түсуге талпынып, ал қарапайым токарь, темір дәнекерлеуші секілді мамандарға жарымай отыруымыз да халықтың ауыр жұмыс істегісі келмеуінің бір мысалы деуге болады. Ел ішінде 200 мың теңге айлыққа бала күтуші болып жұмыс істейтін маман табылмауы, халықтың құрылысын өзбек ағайындардың жүргізіп, ал құрылысшы болып істеуге намыстанатын жандардың көбеюі де халықтың жалқаулығына бір мысал дей аламыз. Сондықтан халық арасындағы масылдық психологиясын кеңірек түсіндіру бағытындағы жұмыстардың күшейе бергені дұрыс.
Шыны керек елімізде бюджеттік мекемелерден жұмыс табу қиын болғанымен, шағын және орта бизнес саласында жұмысқа сұраныс бар. Тіпті ата кәсібіміз мал бағу болғанымен сол мал бағуға жалақыға жұмысшы таба алмай отырғандар да жетерлік. Бірнеше жыл істесе әлеуметтік жағдайын дұрыстап алатынын біле тұра, мал бағудан азар да безер қашатын жандардың бар екенін көріп отырмыз. Кәсіп істеп қоғамға пайдалы болудан гөрі заңсыз жәрдемақы алуға ептілердің әрекетін түсіну қиын болып тұр.
Белгілі журналист Нұртөре Жүсіп «Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы – еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам» дейді өзінің «Масыл болма, асыл бол!» мақаласында. Осы орайда атап өтер жайт, қоғамымызда толық емес отбасыларды қолдау, еңбекке жарамсыз топтағы жандарды демеу, көпбалалы жанұяларға мемлекеттік көмек көрсету мақсатында көптеген жұмыс жасалып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жыл сайын жәрдемақы көлемі де көбеюде. Соның ішінде толық емес отбасыларға жеңілдікпен баспана беру бастамасы да өте жақсы ойластырылған шара еді. Алайда масылдық пиғылдағы кейбіреулердің ашкөздігінің кесірінен аталмыш бағдарламаның толық емес отбасыларға арналған санаты орта жолдан тоқтады. Себебі толық емес отбасыға пәтер алуға болатынын білгендер құжат жүзінде ажырасуға кірісті. Бір үйі болса да азсынғандар өтірік ажырасып, жеңілдікпен екінші үй алуға тырысуы масылдық екені даусыз. Тиісті орындар осындай заңсыздықтың жолын кесу үшін бағдарламаның мақсатын ауыстырып, толық емес отбасылардан гөрі мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға тырысты. Қоғамымызда масылдарға орын жоқ, ал шын мұқтаждардан мемлекет көмегін аямайды.
Еркек есірді ме, ескірді ме?
Өтірік ажырасатындардың көбейгеніне қарап, еркектерге не болған деген ой келді. Себебі шешім екі тараптан қабылданады ғой. Осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған немесе итермелеген отағасын кім дер едіңіз? «Үйді ондай жолмен емес, еңбектеніп аламыз. Өтірік ажырасу туралы айтушы болма» деген өзіне сенімді ердің алдына әйелі түспейтін болар. Міне мәселе қайда жатыр.
Бүгінде еркек пен әйелдің отбасы алдындағы міндеті ауысып кеткен бе дерсіз? Әйел – түздің, еркек – үйдің шаруасымен айналысып кетті. Үйдің шаруасы деген бергі жағы ғой, күндіз-түні диванда жататын отағасыларының пайда болғаны қашан. Тіпті, олар өз міндетіне ненің жататынын да естен шығарып алған сияқты. Иә, отбасының ұйытқысы – ана еріккеннен жұмыс істеп жүрген жоқ. Сонау тәуелсіздік алған жылдары ала дорба асынып, күндізтүні пойыз вагонын шарлаған ананың бар ойы шиеттей бала-шағаны асырау еді. Бұл кезде талай еркек аумалы заманның қиындығына морт сынып, алды ішімдікке салынып та кетті. Сол жылдары қазақ отбасы қырық шырақты әйелдің, мейірімді ананың арқасында аман қалды десек артық айтқандық емес. Уақыт өте келе бұл жаппай үрдіске айналғандай. Қазір баланы туатын да – әйел, оны бағатын да – әйел, жұмыс істеп, асырайтын да – әйел. Сонда еркектер неге масыл, неге бейқам?
Қазағы көп, қаймағы бұзылмаған өңірлердің өзінде ажырастыруды талап етіп соттың алдын бермей жүрген көпбалалы аналар мен мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатқан әкелердің көбеюін қандай әрекетке жатқызасыз!? Әлеуметтік тұрмысы жақсы болса да, жәрдемақыны алу үшін айлық жалақысын төменгі көрсеткішпен жазып, жеделғабыл құжат әзірлеп жүгіргендер де арамызда. Бұл нені аңғартады? Әйел «отағасы қашан қимылдар екен?» деп күтіп жатпайды ешқашан. Мүмкін шыдамсыз болар. Десе де баласының ішерге асы, киерге киімі жоқ болса, ана үшін одан асқан қорлық жоқ. Мұны әрбір ана мойындайды. Бұрын «ерді намыс өлтіреді» деген мақалды жиі айтушы едік қой. Қазіргінің кейбір ер азаматтарында намыс мүлдем өліп қалғандай ма, қалай?
Мәселен, Павлодарда еріктілердің айтуынша мынадай жағдай орын алыпты. «Қайырымдылық портфелі» акциясына қатысқан 300 отбасы балаларын мектепке дайындау үшін еріктілердің көмегіне жүгінген. Олар негізінен әлеуметтік педагогтар ұсынған тізімдегі аз қамтылғандарға көмек көрсетуді ұйғарады. Бір қызығы әрі ұяттысы, Lexus көлігін мінген ер адам өзін аз қамтылған оқушының әкесімін деп таныстырып, керек құрал-жабдықты алып кеткен. Ал құжат бойынша, бұл отбасының табысы айына 56 мың теңге деп көрсетілсе де, қор өкілдерінің анықтауынша, әкесінің қымбат көлігі бар және олар зәулім үйде өмір сүреді. Түбіне үңілсек, әлгі әке басқа көмекке мұқтаж баланың несібесін тартып алған жоқ па?! Кейде қанағатсыздықтың да шектен шығатын жері бар.
Иә, 1990 жылдардың басында елімізді нарық қыспаққа алып, экономикамыз шатқаяқтап қалған еді. Ол рас. Нарық заманы ешкімді аяған жоқ. Өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық, әсіресе, ер азаматтармыздың арасында кең тарады. Әйелдер ала дорба арқалап, ауыл мен қаланың арасын кезіп кетті. Қазір сол әйелдердің ішінде шағын және орта бизнестен ойып орын алғандар жетерлік. Біздің ауданда да мұндай кәсіпкер әйелдер бар. Әлбетте, ол кезде қоғам жұмыссыз қалған еркектерді кінәлаған жоқ. Өтпелі кезеңде үкімет үшін бірінші кезекте жұмыссыздықпен күресу міндеті тұрды. Ал қазір ерінбеген адамға жұмыс табылады. Бірақ неге екені белгісіз, жалқау, масыл еркектер қатары көбейіп барады. Оны жасыра да, жақтай да алмайтынымыз өкінішті.
Масыл болуға не себеп?
«Масылдық сана» тіркесіндегі алғашқы «масыл» сөзі иран тілінің сөздігінде «мәслуб» айырылу, тартып алу сияқты мағынаны білдіреді. Ал араб тілінде бұл сөз басқа сөздермен тіркескенде «бір заттан, нәрседен айырылу» деген мағынаға ие болған. Иә, шын мәнінде масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Бұл орайда қоғам мен өмірлік жағдайлардың өзі тудырған жат қылықтар – жылдар бойы санада қалыптасып қойған. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады.
Философтар масылдықтан арылу үшін адам рухани тұрғыдан баю керек деген пікірде. Масылдықты теріс құбылыс ретінде талай жырауларымыз, шешендеріміз өздерінің нақыл сөздерінде айтып кеткен. Масылдық айналып келгенде адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді. Демек, адамның бақытты сезінуіне итермелейтін бірден-бір себеп – адал еңбек. Талмай еңбек ететін қоғамға рухани кемелдену қажет.
Ал психологтар мұны балалық шақпен байланыстырады. Мектеп психологі Гүлбаршын Әбілтаева «Біз бірден үлкен болып туа салған жоқпыз ғой. Бәріміз нәресте, бүлдіршін, бала кезден өттік. Ал кішкентай нәрестенің бойында масылдық психологиясы терең орнығып алады. Өйткені ол өзі ештеңе жасамайды» дейді. Оның пікірінше, кішкентай баланың сұрағанын бірден беруге бейімдеу – есейген шағында сол әрекетті қайталауға себеп болады.
– Мысалы, бала «қыңқ» етсе сүтін береміз, тамағын дайындаймыз, еркелетіп, әлпештейміз. Міне, бұл оның санасында масылдық әдеттерін қалыптастырып тастайды. Сондықтан мұндай балалық психология әрқайсымыздың бойымызда, жанымыздың түкпірінде бәрібір сақталып қалатындықтан, мен масылдықтан толық арылдым деп ешкім айта алмайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын кез келген адамда баяғы ертегідей «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам. Бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы психологиялық заңдылық. Расымен, «алма піс, аузыма түс» дейтіндер көбейіп кетті. Бұл әрекет психологиялық заңдылық деп тағы көзді жұмып қарауға болмайды. Қазіргі кезде «үкімет маған не береді?» деп қол жаймай, керісінше «мен еліме не бере аламын?» деген ойды санаға байлау – адамның талмай еңбек етуіне жол ашар еді, – дейді Гүлбаршын Әбілтаева.
Абайша айтсақ
Бұл ретте даналығымен дараланған ұлы ойшыл, ұлт ағартушысы Абай Құнанбайұлының аталы сөздері бізге бағдар бола алады. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау! Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дейді Абай.
Сондай-ақ Абайдың Батыс пен Шығыс ғұламаларын ақтара-ақтара келіп, тапқан түйіні мынадай.
– Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас. Ол ешкімге арам бол, қанішер бол, масыл бол деген емес. Ендеше, Құдайға құлақ аспай, құлық түзелмейді. Құлық түзелмей тұрып, құлқын арам ішкенін қоймайды. Адалға жүрмей, адам түзелмейді. Адам түзелмей, қоғам түзелмейді. Халық түзелу үшін әркім жекежеке өзін-өзі түзеуі керек. Ол үшін «қуанбасқа қуанып, ұялмасқа ұялатынды» қою керек. Одан арылтатын жалғыз дауа – еңбек, – деген екен. Бұл әрбір адам ұстанар өмірлік қағида болса нұр үстіне нұр болар еді.
Абайдың ұғымында «Еңбек танымды арттырады. Еңбек естіген нәрсені бекіте түседі. Адам алған білімін ретке келтіреді, керектіні керексізден сұрыптап, ақылды болады». Сондықтан да ол еңбекті – барша игіліктің негізі, ал оған деген сүйіспеншілікті – адамдық өмірдің басты мәні мен мақсаты деп санайды. Керісінше, жалқаулықты – барша қырсықтың, одан туындайтын жарамсақтықты – барша қиянаттың, мақтаншақтықты – түзелуден үмітін үзген бейшаралықтың түп атасы деп түсіндіреді. Халықты «түзелмейтін қайыршыға» айналдырмайтын амал – «егін, сауда, кәсіп, ғылым» деп біледі. Ол тек ыждаһат пен ынта бар жерде ғана жүзеге асады.
Оныншы қара сөзінде «Құдай Тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік» дейді. Түсіне білгенге мұнан артық тағылым жоқ. Бұл кесірлі «қасиеттер» қазір де адамдар бойында жоқ деп айта алмаймыз. Қоғамды кеулей түспесе, кеми түспеген.
Шетелде жай қалай?
Сарапшылар әлеуметтік саясаттың масылдыққа соқтыруы дамыған елдерге де зиянын тигізетінін айтады. Бүгінде еуропалық елдер ішіндегі ең дәулеттісі саналатын Ұлыбританияда 1975 жылы әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, халықтың билікке қарсы шығуының алдын алу үшін Спинхемленд заңы қабылданған. Ол заң билікті өзгермелі шкала бойынша табысы аз кедейлердің жалақысына белгілі бір сома қосып отыруға міндеттеді. Бұл жаппай масылдық тудырып, ХХ ғасырдың соңына қарай ағылшындар елінде экономикалық құлдырауға, бұқараның жаппай қайыршылануына, өндірістің ең төменгі деңгейге дейін құлауына соқтырды. Еңбек нарығы күйреп, еңбекақы күнкөріс шегінен төмен түсіп кетті. Толыққанды жұмысшылар ақыры аз қамтылған, тақыр кедейге айналды. Ұлыбритания әлгі «ізгі» заңның салдарымен 40 жылдай күрескен.
Скандинавия елі де әлеуметтік қорғау жүйесі әлемдегі ең дамыған елдер санатында. Оларда тегін білім беру, жалпыға бірдей денсаулық сақтау, мемлекеттік зейнетақы төлеу сыртында қосымша қолдау шаралары жүзеге асырылады: жұмыссыздарға қомақты төлем ұсынылады, зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығуға мүмкіндік беріледі. Алайда бұл жүйе еңбекақы қорына масыл болып отыр. Скандинавия елдерінде жеке және заңды тұлғаларға әлемдегі ең жоғары салықтар салынады. Мәселен, қазір қазақстандықтар өз табысының 10 пайызын ғана салыққа аударса, тағы 10 пайызын зейнетақы қорына жолдаса, ал Швецияда азаматтар өз тапқанының жартысына жуығын тек салыққа береді. Бірақ бұл елде бірде бір адам салықтан жалтармайды.
Испанияда да әлеуметтік жүйе жұмыссыз адамға орташа жалақының 70 пайызынан жоғары көлемде жәрдемақы төленуін кепілдендіреді. Ал екі қолға бір күрек іздеген испандықтарға ұсынылған қызметтерден еш шектеусіз бас тарта беруге рұқсат етіледі. Салдарынан, бұл елде жастардың 36 пайызы білімі мен білігі бола тұра, жұмыс жасаудан бас тартады. Жас испандықтар жұмыссыздық жәрдемақысын місе тұтып, өз өмірін ретке келтіруге асықпайды. Көпшілігі 30-35 жасқа дейін ата-анасының қолында тұра береді. Осының кесірінен Испанияда некеге отырушылар саны жыл сайын кемуде.
Масылдық мәселесіне Еуроодақтың көшбасшылары Германия мен Франция да, АҚШ та, өзге дамыған елдер де маңдай соғуда. Себебі бұл – қоғам індеті. Ол ұлттың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркендеуді өрісті етудің шарты болмақ.
Түйін Жалпы масылдық сана сан ғасырлардан бері қоғамның өсіпөркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені белгілі. Негізінен қазіргі уақытта әрбір жұмыс істеймін деушілерге барлық мүмкіндік бар. Қалаға кетіп амалдап жұмыс істесең де, үйіңнің жанынан біреуге жалдансаң да, қолдан келер істі кәсіп қылсаң да жанұяңды ешкімге телміртпей-ақ асырар нәпақаңды табуға болатыны кім-кімге де түсінікті. Тек желкеңіз жар берсе жеткілікті. Дегенмен қоғамда көмекке шын мұқтаж жандар да көп, оны жоққа шығармаймыз. Жәрдем сұрағандардың бәрін жалқау, масыл деу де күпірлік болар, бірақ солардың аражігін ажырата білгеніміз абзал. Мұқтажы қайсы, масылы қайсы?!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
26 шілде 2024 ж. 267 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930