Масыл санадан – асыл санаға
qarmaqshy-tany.kz Бүгінгі қоғамда жатыпішер жалқаулар мен Үкіметке қол жайып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келетіндер көбейді. Мойындау керек. Мемлекеттік көмекпен ғана күн көретін кей адамның қызмет қылуға келгенде кежегесі кейін тартып тұратыны соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Рас, жұмыссыз жастар мен «мемлекет не береді?» деп масылдыққа салынғандар бар арамызда.
Кейінгі кезде мемлекет тарапынан бөлінген түрлі көмектерді сіңіріп кеткісі келетіндер де аз болмай тұр. Осыған байланысты “масылдық пен мұқтаждықты ажырату” туралы пікірлер жиі айтылып-ақ жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн» деген болатын. Иә, Президент елді мұндай қылықтан ада болуға шақырды. Сонымен қатар жоғарыдағыларға жалтақтап, жарамсақтана беруді тоқтату керек деді.
Рас, бүгінде мұқтаждықтан гөрі масылдық пиғыл белең алуда. Осы жағдайда шын мұқтаждар еленбей қалып жатқаны да көңіл қынжылтады. Мұқтаж жанның кейіпіне еніп, қолында қанша байлығы тұрса да, мемлекетке алақан жаюын тоқтатпай келеді. Ал осы мемлекет берген көмекті алу үшін түрлі айла-әрекетке барып, қала берді отбасын бұзып жатқаны қаншама? Бізді осы күйге түсіретіндей не болды?! Қазақ үшін ең құнды байлықтың бірі отбасы емес пе еді? Ал сол байлықты ақшаға айырбастағанымыз қалай?
Мемлекетіміз мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуден тарынған емес. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдайды жасауға тырысуда. Тарыққанға тай, қамыққанға қой беретін дәстүр қазақтың қанында бар. Қазақ қоғамындағы масылдық белең алып барады дегенге сенгің-ақ келмейді. Статистикалық мәліметке сүйкенсек, елде 8 млн 800 мыңнан астам адам жұмыс істейді екен. Оның ішінде тұрақты жұмысы бары – 6 млн 700 мыңды құрайды. Демек, жұмыс істеуде халық белсенді. Бұған қарап мұқтаждық басымырақ деген ой келеді.
Расында да, көпбалалы екенін бұлдайтын немесе жұмыссыз жатқанына ұялмайтын, бірақ жағдайы төмен екенін айтып жәрдемақы сұраудан да қымсынбайтын ал көшеде қара жұмыс істеуді намыс көретін азаматтардың көбеюі алаңдатпай қоймайды.
Кез келген мемлекет халқының бай-қуатты болуы үшін жұмыс істейді. Тіпті әлеуметтік тұрғысынан төмен отбасыларға арнап түрлі бағдарлама құрады. Иә, біздің мемлекет те мұқтаж жандарға қол созуда кенде қалып жатқан жоқ. Айталық, биыл көктемнен бастап көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге төлеу жайлы шешім шықты. Осы орайда көп отбасы сол қаржының игілігін қазір көріп те отыр. Ал әлеуметтік жағдайы төмен немесе өмірде түрлі қиын жағдайға тап болған азаматтардың қарызын кешіру жайлы жарлық талай отбасының үмітін жандырды. Сәйкесінше, мемлекет бірқатар жанның несиесін кешірді. Бұл көптен күткен әрі шешімін тапқан мәселенің бірі болды.
Енді тепсе темір үзетін азаматтың мұқтаждық пен масылдықты ажырата алмай мемлекетке «қол жайғаны» ұят-ақ. Еңбекке жарамды, кейбірінің әлеуметтік жағдайы жақсы бола тұра тұрмысы төмен отбасыға арналған азғантай ақшаға таласып, жармасу барып тұрған «масылдық психологиясы» демеске лаж жоқ.
Елде қаншама азамат бизнесте, мемлекеттік қызметте, қоғамдық жұмыста белсенділік танытып, елге ұйытқы болып жүргенін де айта кету керек. Дей тұра кейбір азаматтардың әлі де «мемлекет асырайды» дейтұғын түсініктен арыла алмай отырғаны өкінішті-ақ.
ТҮЙІН Біз нарықтық қоғамда өмір сүрудеміз. Кез келген салада өз-өзіңді шыңдап, дамытуға толық мүмкіндік бар. Қалағаныңдай етіп бизнесіңді дөңгелетіп әкетсең құба-құп. Мемлекеттік қолдау да бар. «Қалауын тапсаң қар жанады» демей ме?! Масылдық дерттің дауасын іздейтін мезгіл жетті.
Ақнұр САҒЫНТАЙ